20 Маусым, 2022 NEWS
Республикалық азаншылар жарысының қорытындысы шықты
Алматы Орталық мешітінде өтіп жатқан "ӘДЕМІ ӘУЕЗДІ АЗАНШЫ" V РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАНШЫЛАР ЖАРЫСЫ қорытындыланды.
Фото: Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі
Екі күннен бері Алматы аспанын әдемі әуезге бөлеген "ӘДЕМІ ӘУЕЗДІ АЗАНШЫ" V РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАНШЫЛАР ЖАРЫСЫ өз мәресіне жетті. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен өткен рухани аламан додада оза шапқан жүйріктер марапатталды. Кіл жүйрікте кім жүйрік тартысты бәсекеде әділ қазылар алқасының ұйғаруымен шешуші кезеңге өткен алты азаншы арасынан үздік үштікті анықтау үшін өзара сайысқа түсті.
I орын Сейтқанов Қуаныш Бәкенұлы - Түркістан облысы 700 000 тг.
II орын Әшімов Қасым Абдумәжітұлы - Алматы қаласы 500 000 тг.
III орын Иманғалиев Саламат Насихатұлы - Атырау облысы 300 000 тг.
"Әдемі әуезді азаншы" V Республикалық азаншылар жарысына қатысып, көрсеткен белсенділігі үшін - Әбдімүтәліп Жорақұлұлы - Маңғыстау облысы және Шәудірбай Ерболат Ергешұлы - Нұрсұлтан қаласынан келген азаншыларға 100 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды. Қатысушылар ішінде ең жасы үлкен азаншы өзінің ерекше үнімен дараланған "Фирали Ферғанұлы" мешітінің 50 жастағы азаншысы Абдулғаффар Сирожиддинге "көрермен көзайымы" номинациясымен 100 000 теңге сыйақы берілді. Ал қалған қатысушы барлық азаншылар Бас мүфтидің арнайы алғыс хатымен бірге 50 000 теңге сыйақымен марапатталды.
"Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: "Кімде кім жеті жыл бойы сауабын үміт етіп азан айтса, ол тозақ отынан құтылады", деп сүйіншілеген болатын. Қызметіңізге табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық және өміріңізге береке тілеймін", - делінген Бас мүфти алғыс хатында.
Қасиетті жұма күнімен қатар келген жарыс соңынан жеңімпаз әдемі әуезбен азан айтып, жамағатпен жұма намазы оқылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасап, дұға тіледі.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір