• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 07:24:41
Алматы
+12°

Экс-шенеунік, ірі кәсіпкер сәтті бизнесіне қарамастан мемлекеттік қызметке не үшін келгенін айтып берді.

– Ашығын айтайын, мұған мұны (мемлекеттік қызметке бару идеясын – ред) Заманбек Нұрқаділов ұсынды. Ол Алматы облысының әкімі болып тұрғанда менің кәсіпкерлік қызметімді, ұйымдастыру қабілетімді байқап, туған ауылыма қызмет етуге шақырды. Осылайша, 1999 жылғы тамызда мені Көксу ауданы әкімінің орынбасары, бір жарым жылдан соң әкімі етіп тағайындады, – деген ол Алматы облысын Шалбай Құлмаханов басқарған тұста өзін Ақсу ауданына ауыстырғанын, алдына шығынға батқан қант зауытына инвестор тауып, өндірісті іске қосу міндеті қойылғанын, оны сәтті орындағанын жеткізді.

Мәнізоров мемлекеттік қызметке алғаш әкім ұсынысы бойынша келгенімен, 2008 жылы Алматы қаласында жаңадан құрылған Алатау ауданына әкім болғанда сол кездегі қала басшысы Ахметжан Есімовтің тікелей ықпалы болмады дейді.

– Мені Ахметжан Есімов достығымызға бола тағайындады дегенді оқып қалдым. Олай емес. Мен онымен әкім болып тағайындалған кезінде танысқанмын. Ахметжан Есімов келгеннен кейін жаңа аудан құру туралы шешім қабылданды. Ол жерге басқа үш ауданның мәселесі ушыққан уческелері берілді. Шаңырақ оқиғасында адамдарды алдап, жерді жалған құжатпен сатқаны бәріне мәлім. Кейін қақтығыс болды. Осы даулы учаскелер жаңа ауданға өтті. Есімов екеуміздің арамызда осы жерлерді заңдастыру туралы күрделі әңгіме жүрді. Мен жерді заңдастыру керектігін айттым. Қала әкімдігінде жиын болғанда бұл ойды әріптестерімнің бәрі қолдады дей алмаймын. Өйткені іс жүзінде жерлер басып алынған еді. Мен Есімовке кіріп, жалған құжаты бар үйлерді сүріп тастау мүмкін еместігін айттым. Онда 100 мыңдай адам тұратын, 7-8 мың құрылысты сұруге тура келетін еді. Бұл адамдар Алматыға жетіскенінен келген жоқ, колхоз, совхоздар жабылып, жұмыссыз қалған соң келді. Осы ретте уческелерді заңдастыруға ел басшылығын көндіре білген Есімовке алғыс айту керек. Жерді рәсімдеп жатқанда әкімшілік ғимаратында 3 мың адам тіркеуде тұрғанын көбі біле бермейді. Адамдар баласын мектепке, балабақшаға беріп, жәрдемақы алу керек емес пе... Сол кезде дұрыс шешім қабылдадық деп санаймын. 7 мыңға жуық учаскені заңдастырып, 100 мыңдай адам қала тұрғыны атанды. Егер оларды қуғанымызда жаңа конфликт болар еді, – дейді Бағдат Мәнізоров Время газетіне берген сұхбатта.

Бұған дейін кәсіпкер Әбіләкім Мәметов құзырлы органдарға Мәнізоров мемлекеттік қызметте жүргенде кәсіппен қатар айналысып, өзіне 6 миллион доллар қарыз екені туралы арыз түсірген. Бағдат Мәнізоров Әбіләкім Мәметовтің айыбын толықтай жоққа шығарып, "қолында дәлелі болса, қанша арызданса да арыздана берсін, мен "ақпын" дейді.

Ол осы әңгіменің бәрі жала екеніне, мұны Мәметовті басқарып отырған адамдар ұйымдастырып отырғаны болуы мүмкін екенін айтады.

– Олардың мақсаты біреу: олар менің жүйкем сыр беріп, келіссөзге барып, ақша төлегенімді қалайды. Бұл – бопсалау. Мен өзімнің адал есімімді ақырына дейін қорғаймын, – дейді Бағдат Мәнізоров.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Бағдат Мәнізоров

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір