• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Қараша, 11:18:14
+12°

03 Ақпан, 2014 Саясат

Расул Жұмалы: Еуразиялық Одақтан бас тарту - тығырықтан шығар жалғыз жол

Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы Еуразиялық эко­номикалық Одақтың құрылғанына  биыл үшінші жыл. Үш кезеңмен жүзеге асырылатын Еуразиялық...

Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы Еуразиялық эко­номикалық Одақтың құрылғанына  биыл үшінші жыл. Үш кезеңмен жүзеге асырылатын Еуразиялық экономикалық Одақ қазір екінші кезеңіне аяқ басты. Бірінші кезең – Кедендік Одақ аясында экономикалық интеграциялаудың алғышарттары жасалса, екінші кезеңде – Бірыңғай экономикалық кеңістік құру шаралары басталып та кетті.  Алайда,  үш жылдың  тәжірибесі  көрсеткендей бұл одақтың экономикалық жағдайымызға пайдасы шамалы. Тіпті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Минскіде өткен басқосуда одақтың Қа­зақстанға тиімсіздігін, бастапқы кезде сарапшы мамандардың қателігінен инте­грацияның басталып кеткендігін баса айтқан еді. Осыған  орай, Еуразиялық Одақтың құрылу тарихы кезеңдері, ел экономикасына  тигізер  ықпалы  туралы  белгілі  саясатшы  Расул  Жұмалының  пікірін  ұсынып  отырмыз... 

SUZ_0123Еу­разия­лық Одақ  туралы айтпас  бұрын,  оның  пайда  болу тарихына тоқталған дұрыс шығар. Еуразиялық Одақ идеясы орыс­тың Н.С.Трубецкой, П.Н.Савицкий, Г.В.Бернадский, кейін Л.Гумилев, А.Дугин сияқты кейбір зиялыларыларының  бастамасымен  ХІХ ғасырда  пайда  бола  бастады. Олардың көздегені Еуразиядағы өркениеттер, мемлекеттер, халықтар бір-бірімен тығыз араласып, саяси, дүниеәуи, сауда, басқа да қарым-қатынаста байланыста болсын деген идеяның төңірегінде туындады. Еуропа елдері соғыс арқылы емес, өркениетті, бейбіт жолдармен ортақ мәмілеге келіп, бір-бірін сыйлай отырып, тұтастықты іске асыру болатын. Әу баста осындай пікір болды. Және ХХ ғасырда бұл идея негізінен ұмыт болса да, ғасыр соңында қайта жанданды. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы МГУ-да оқыған дәрісінде  бірінші  болып Еуразиялық Одақ қажеттілігін көтергені де сондықтан. Осындай әділ, тарихи жаңа формацияда біз мем­ле­кеттер бірлестігін, экономикаға, сая­сатқа негізделген бірлестік құрсақ деген идея айтты. 1994 жылдан бері  Ресейлік тарап: Кремль, Ельцин, орыс саясат­керлері бұл идеяға немқұрайлы қарап келді. Менсінбеді, турасын айтқанда. Посткеңестік кеңістікте қандай да бір интеграция туралы Ресейден басқа бас­тамаларды көтеруге қандай қақысы бар дегендай сыңай танытты. Бірақ, арада уақыт өте келе, Ресейде билік ауысып, Путиннің келуімен бірте-бірте жаңа интеграциялық құрылымдардың басталғаны байқала бастады. Яғни, Н.Назарбаев ұсынған атауды алып, «Еуразиялық Одақ», «тағдырлардың» ортақтығы туралы ойларды бүркеме ретінде пайдаланып, сол баяғы Ресейлік империя болмаса, Кеңес Одағын қалпына келтіруді жүзеге асыруға көшті. Яғни, бұл аты Еуразиялық болғанымен, ал, шын мәнісінде кезіндегі кеңестік үкімет сияқты құрылым. Кеңес Одағы тұсында 70 жыл бойы «кеңес халқын, кеңес формациясын құрамыз», «кеңестік меншік орнатамыз» дегендердің барлығы тек бүркеме болды да, іс жүзінде жаппай орыстандыру саясатын жүргізді. Басқа ұлттарды өздерінің ұлттық болмысынан, сана-сезімінен айыру, қай жағынан болмасын, саясат, экономика, әлеумет, мәдениет, тарих, т. б. саласын толығымен Кремльге бағынышты ету көзделді. Ке­зін­­дегі кеңестік саясаттың ұстанған ба­ғыты осы еді. Сөз жүзінде – совет, іс жүзінде – орыс. Еуразиялық Одақтың бағыты да сол. Алғашқы кезе­ңінен бастап, Ресейдің меңзегені шын мәнісінде интеграция немесе тең дәрежелі мемлекеттердің әділ, өзара тиімді ықпалдастығы емес, бұл баяғы Кеңес Ода­ғын қайта қалпына келтірудің бір амалы болып отыр. Еура­зиялық Одақ соның бүркемесі ғана. Соның нәтижесінде көріп отырғанымыз, өзіне жақын Қазақстан, Белоруссия секілді ел­дер­ге аярлық көр­сетіп, Кедендік Одаққа қол қойғызып, асығыс, мейлінше тездетіп, айналасы екі-үш жылдың ішінде Кедендік Одақ құ­­рылды. Ортадағы құжаттардың барлы­ғы Белоруссияға да, Қазақстанға да тиім­­сіз. Әсіресе бізге! Ортақ одақ деген ұғым болғанымен, басым бөлігі ресейлік мүд­­делерге негізделген келісімшарттар болып отыр. Ортақ Кедендік кодекстегі белгіленген салықтар, баж салығының 92% Ресей орнатқан жүйе болып табылады. Үш мемлекеттерден жоғары тұратын, одақты басқарып отырған кедендік комиссия мүшелерінің 70-80% ресейліктер. Оның басшысы кезінде Ресейдік вице-премьері болған Виктор Христенко. Яғ­ни, екінші Кремльді жасақтап алды. Дауыс беру жүйесінде де 70-80% Ресейдің қолында. Қалған 30%- ын Қазақстан мен Белоруссияға бөліп берген. Екі мемлекет бірігіп, Одақ үшін шешім қабылдай алмайды, ал, жал­ғыз Ресей екі мемлекетке қатысты шешімді өзі қабылдай алады. Осындай өте әді­летсіздіктер көп. Кедендік Одақтың әу бастағы көздеген мақсаты да сол болатын. Осындай шектелген форматта болса да, бұрынғы Мәскеудің өктемдігін орнатып, империялық статусын қайта жаңғырту. Ал, қазір Кремль ауқымды кеңейтуге тырысуда. Басқа елдерге сес көр­сетіп, сауда соғыстарын, санкциялар жариялады, газды жауып тастады; Украина, Молдова, Армения, Азербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдер­ге одаққа кіруге ықпал жасауда. Тіпті, интеграциялық жеңілдіктер дегендей ұсыныстар айтуда. Қыспаққа алғанмен, бұл мемлекеттер одаққа кіруден бас тартып отыр. Бұл интеграциялық одақ «өлі туған бала». Кедендік Одақ болсын, одан кейінгі кезеңі ортақ экономикалық кеңістік болсын, Еуразиялық Одақ та солай. Бұл ешқандай интеграциялық құрылым емес, бір жақты, Ресейге тәуелді бір коалицияны, әскери саяси блогты қайта құру болып саналады. Екінші кезең басталды. Біздің би­ліктің көріп отырғаны «аузының күйіп» отыр­ғаны. 2009-2010 жылы еліміздің эконо­мистері, тәуелсіз сарапшылары, саясат­тану­шылары осы мәселені көтерді. Олар асығыс ше­шім қабылдап, келісімдерге негізсіз қол қоюға, біздің экономикалық мүмкіндіктерімізді, ерекшеліктерімізді, ұлттық және мемлекеттік мүдде­ле­ріміздің ескермей Одаққа енуге бол­майтынын айтуындай айтты. Ер­телі-кеш осындай жағдайлардың алдымыздан шығатынын, соңы неге апа­ра­тынын, ұтылыстарға алып ке­леті­нін айтып, шырылдаумен болды. Ал, ең келеңсізі, сол кездегі ресми би­лік өкілдері Ертісбаев, Ерімбетов се­кілділер сы­на­ғандарды қылмыстық жазаға тарту керек деді де. Бірақ, уа­қыт өте біздің көріп отырғанымыз, зиялы қауым, экономистер, депутаттар, министрлер, тіпті, Президенттің өзі де бұл өте тиімсіз, әділетсіз қадам екеніне көз жеткізді. Сондықтан, қазір мүмкіндігінше тек қана экономикамен шектеуге тырысып отыр. Яғни, ортақ ва­люта, ортақ парламент, қандай да саяси бірлестік болмайды, тек қана экономика. Бұның өзі жеткіліксіз. Меніңше, мәселені турасынан қою керек. Әлі де кеш емес, Кедендік Одақтан шығуға тиіспіз. Себебі, экономикалық мәселелерді Кедендік Одаққа беріп қоюымыз – біз жыл сайын өзіміздің егеменді, тәуелсіз лауазымдарымызды Ресейге қолдап ұстата салғанымыз. Кедендік комиссия дегеніміз Мәскеу дегенді білдіреді. Бұл бір-бірімен синонимдес ұғымдар. Бұл интеграция экономикада үлкен ұтылыстар алып келуде. Біздің импортымыз Ресейден, Белоруссиядан екі есеге көбейді, ал, олар­дан экспортымыз екі есеге азайды. Біздің бәсекеге қабілетті аз ғана тауарымыз бар. Оның өзін Ресей түрлі желеумен, себептермен кіргізбейді. Әділ сауда, байланыс жоқ. Олардың тауарлары бізге енбейтін болса, олар дау шығарады, біздің интеграцияға қарсы екенімізді алға тартады. Ал, біздікілерді ен­гізбейді. Белоруссияға да дәл солай. Бү­гінде олар ірі кәсіпорындарымызға кіріп жатыр, банк секторына енуде, қазіргі банктердің әлсіреуіне байланысты «Сбербанк» арқылы біздің қаржылық нарықты иемденуге тырысуда. «Сбербанк» секілді ресейлік банктер несиелерді төмендетіп, барлық тұтынушылардың өзіне тартып, нарықтың бір бөлігін иемденіп алғаннан кейін бағаларды көтеруге кіріседі. Ендігі кезекте, теміржолға қатысты шараларға кірісуде. Ресейлік теміржолшылар үл­кен жеңілдіктерге ие болып отыр. Сол арқылы «Қазақстан темір жолы» секілді ұлттық компаниямызды әлсіретпек. Дәл сондай жағдай, Қазақстан әуе жолына да қатысты. «Эйр Астананы» қазір ығыстырып, ашық бәсекелестікке «Аэрофлот­пен» тайталастырып, сол арқылы тізе бүктірмекші. Арменияға да дәл солай кірген. Ұлттық әуе компаниясын бағаларды төмендету арқылы банкротқа ұшыратты. Қазіргі кезде Арменияның әуе кеңістігі Ресейдің меншігінде. Келесі қадамы тендерлерде болып отыр. Тендерге біздің кәсіп­орындармен тең дәрежеде қатысуға мүдделі. Әрине, Ресей Қазақстаннан 10-15 есе ірі мемлекет. Қазақстаннан айыр­машылығы олардың ұлттық компа­ниялары, ұлттық банкі­лері барлығы мемлекеттің тікелей қолдауына ие. Сондықтан олармен әділ бәсе­келестік бәрібір болмайды. Ресейдің пиғылы –Эко­номикалық интеграцияның шеңберінде Қазақстанды экономикалық тұрғыдан мейлінше қауқарсыз, өзіне меншікті ету, барлық активтерді өздеріне қаратып алу. Ал, өздеріңізге белгілі, экономикалық тетіктер кімнің қолында, саясат та соның қолында болады. Сон­дықтан, мұ­ны­мен Экономикамен шек­телдік, ары қарай Ресей бара алмайды деп тоқмейілсіп отыруға болмайды. Ресей астыртын, өте қатқыл саясат жүргізіп жатыр. Активтерді сатып алып, өздеріне тәуелді ету, Қазақстанға түк қалдырмау, ең болмағанда бақылау акция­ларын өзіне қаратып алу деген секілді. Біз 3 жыл бойы ұтылып келе жатырмыз, орыстану саясаты жүргізіліп келе жатыр, барлық салада, тек экономикада ғана емес, ақпараттың 90% Ресейге қарап отыр. Сондықтан, тығырықтан шығатын жалғыз жол – Кедендік Одақтан бас тарту. Бұл әлемдік практика. Қандай да бір одақ тиімсіз болса, одан жарты, бір жыл бұрын ескертіп барып шығуына толық мүмкіндік бар. Бұл Қазақстанның Ресейге қарсылығын білдірмейді. Бірақ, қарым-қатынасты нақтылау керек. Ресей – бұрыннан келе жатқан қазақ халқының көршілесі. Әрине, Қазақстан, ол мемлекетпен саудалассын, ынтымақтассын, ықпалдассын, егер бір алғышарт орындалатын болса: екі ел тең дәрежеде, ішкі істеріне қол сұғу болмайтын болса және өзара тиімді болатын болса. Ресейдің қазіргі көздеп отырғаны – бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған он бес мем­лекеттің тым құрығанда жартысын Кедендік Одақтың құрамын енгізу. Армения қазіргі кезде еріккеннен Кедендік Одаққа кіреміз деп отырған жоқ. Армения тұйық мемлекет, Азербайжанмен Қарабах үшін соғыс жағдайында отыр. Иранмен, түркі тілдес басқа да мемлекеттермен қарым-қатынастары жақсы емес, қауіпсіздігі өте күмәнді, ішкі экономикалық әлеуеті өте төмен. Сон­дықтан, Армения Ресейге тәуелді. Осының пайдалана отырып, Путин мәжбүрлеп отыр. Бірақ, мұның еш қисыны жоқ. Себебі, біріншіден Кедендік Одаққа Арменияның саяси элитасы қарсы. Олар бұл одақтың ешқандай да Кедендік Одақ емес, Ресейдің қарамағына кіру екенін жақсы түсінеді. Путиннің Ереванға сапарында да жастардың демонстрацияға шығуы олардың келіспейтінін білдіреді. Екіншіден, Армения бұл одаққа кірмейді, тек сөз жүзінде ғана коньюктуралық көмекті алып алудың реті ғана. Кірген күн­нің өзінде Одақтың жұмысын іске асыру неғайбыл? Себебі, Кедендік Одаққа енген мемлекеттермен ортақ шекарасы жоқ. Түркияға да қатыстысы осы. Түркия –Дүниежүзілік сауда ұйымының деңгейінде дамып отырған мемлекет, өзін Ке­дендік Одаққа еніп шектеп қоятын мем­лекет емес. Меніңше, бұл тек қана сөз жүзіндегі әңгіме. Ал, Украинаның одаққа ену-енбеуін Майдандағы жағдай анықтайды. Украинаның одаққа енгісі жоқ. Алайда, олардың Ресейге экономикалық тәуелділігі өте зор. Ресей кезінде достық нышанның көрсеткіші ретінде іске асырып алды, құбырлар тартып, экономикалық активтерді иемденіп алды. Қазір осы байланыстарын Украи­наның ішкі істеріне араласа алатын саяси қысым жасау құралы ретінде пайдаланып отыр. Бұдан сабақ алуымыз керек. Ресейдің экономикалық ықпалының соңы қандай саяси қысымға алып келетінін түсінуіміз қажет. Әрине, қазіргі ресейлік саясаткерлер, БАҚ Украинаның Батысы мен шығысының бөлініп отырғанын айтады. Бұл бос сөз. Украина халқының басым бөлігі Ресейдің құйтырқы әрекеттерінен кейін өркениетті түрде өз таңдауларын жасады. Ол – Еуропалық Одақ. Кеңес Одағына енген елдердің көпшілігі Путин­нің осындай өктем саясатын көргеннен кейін, Ресеймен мейлінше алшақ болуға ұмтылуда. Балтық елдері, Польша, Грузия, Әзірбайжан құлықсыз, тіпті, Белоруссия басшысы Лукашенконың өзі де Кедендік одаққа қатысты мәлімдемелер жасап, өздеріне тиімсіз екендігін, одақтан шығуға ниетті екендерін білдіріп, сез­діруде. Біздің Елбасыдан бастап, билік те сыни пікірлер айтуда. Кеш те болса көзіміз ашылды. Бірақ, Кедендік Одақ болсын, Еуразиялық Одақ болсын мақсаттары біреу ғана – Ресей империясын қайта құру. Қазақстан үшін бұл егемендіктен айырылудың бірден-бір жолы. Мұның алдын алатын бір ғана жол – Кедендік Одақтан шығу. Әбдірашит Бә­кір­ұлы: – Расулға үлкен рахмет! Бұл мә­се­лені анық­тап, өте түсінікті тіл­мен жүйе­леп айтып берді. Кедендік Одақ – кәсіби сая­саткерлердің бұрыннан көтеріп келе жатқан мәселесі. Бү­­гінгі келелі кеңе­сіміздің тақырыбы біз­дің бағыт Батыс па, Шығыс па дегенге сая­ды ғой. Батысқа қарай тоқта­латын болсақ, болашақтағы Еуразия Одағы тікелей Ресеймен байланысты. Оның түпкі мақсаты Еуропаның өзінен басталады. Еуропада ХІХ ғасырда эко­но­микалық дағдарыстар жиі орын алып, әлеу­меттік дүмпулер жиі болып отырды. Еуропа ойшылдары сол кезеңді Еуропа өркениетінің құлдырау кезеңі деп үлкен еңбектер жаза бастады. Мәсе­лен, Шпенглер «Еуроның өшуі» атты еңбегінде әлемде бұрын-соңды 8 өркениет болды деп анықтады. Сонау Майядан бастап, Грек, Қытай, Үнді, Визан­тия, Рим, т.б. өркениеттері болды, ал, бо­ла­шақта Орыс-Сібір өркениетінің ақы­рын аю секілді орнынан көтеріліп ке­ле жатқандығын айтты. Оның жа­­­­­­­зуынша, бұл Орыс-Сібір өркениеті орыс­­­­тардың ерекшеліктерінен емес, І Пе­тр бастаған Еу­ропаға ұмтылуынан туын­дады. Және Еуропа өркениетінің құшағына сый­мауынан туындады деген ой жазады. Шпинглердің бұл анықтамасы орыстардың өздерін ерекше сезінулеріне, орыстың өз өркениеті бар деген идеяларға алып келді. Біз Еуропада, Азияда емеспіз, Еуразиялық құрылымбыз деген идея осы­дан келіп шығады. Біздің халықтың 70 жыл бойы қалыптасқан орысшыл менталитетін Ресей саясаткерлері шебер пайдаланып, сонымен қатар бүгінде Ресейдің алып нарығы Қазақстан үшін жұмақ деген идеяны біздің санамызға сіңіруге ұмтылып отыр. Шын мәнінде, ол жұмақ емес. Сон­дықтан, біз Ресейге де, Қытайға да бағынышты болмай, Еуропалық өркениетті үлгі тұта отырып, елдегі демократиялық үрдісті мейлінше дамытып, коррупциялық ахуалды төмендетуіміз керек. Халыққа арқа сүйей отырып қана, бәрін қалпына келтіруіміз қажет.  Жоғарыда айтылған халықаралық деңгейдегі мұндай келісімдер міндетті түр­де парламенттің, азаматтық қоғамның, сарапшылардың, халық сүзгісінен өтіп барып қана ойластырылып шешілуі керек еді. Ал, интеграцияға қатысты дүниелер міндетті түрде референдумға түсуі керек. Ресеймен көрші ретінде әділ, тең дәрежедегі ынтымақтастыққа қол жеткізуімізге болады. Оған жал­тақтаудың еш реті жоқ. Бұл айна­лып келгенде ішкі саясатымызға қарама-қайшы дүние. Ол мейлі әлемдік түрлі экономи­калық ұйымдар болсын, Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік Одақ болсын, оларға Ресейлік призма арқылы қара­май, шешім қабылдағанда ұлттық мүдде­лерді алға тартуды үйренуіміз керек. Мәселен, Дүниежүзілік сауда ұйымына Ресей бірінші еніп кетті де, ендігі кезде біз Ресейдің ұйымнан үйрену кезеңін өткергенін күтіп отырмыз. Ол өтпей біз ене алмаймыз. Өзіміз тәуелсіз шешім қабылдай да алуымыз күмәнді. Он бес жыл бойы тиісті келісімдер жүргізіп келіп, нақты іске келгенде қауқарсыз болып отырмыз. Тәжікстан еніп үлгерді. Соғыс жүріп жатқан Ауғанстан бізден бұрын енетін болды. Сондықтан, халықаралық байланыстарда өзіміздің ұлттық, мемлекеттік мүдделерімізді алға тартуымыз керек. Ол ешкімге қыр көрсету, сес көрсету емес. Әрине, ұлттық мүдде бәрінен биік тұруы керек. Қазақстанның сыртқы саясаты, халықаралалық саясаты, оның ішінде интеграциялық саясат еліміздің ішкі жағдайына байланысты болуы тиіс. Неғұрлым мемлекет мығым, ұйымшыл болатын болса, сол мемлекеттің сыртқы мүм­кіндіктері де жақсара түсе­ді немесе керісінше. Сондықтан,не нәр­се болса да Қазақстанның ішінен бастау керек. Біздегі экономикалық, әлеуметтік жағдайларға байланысты, саяси бәсекелестіктен, жемқорлықпен күреспен, тағысын тағылар. Неғұрлым осы мәселелер айқын, демократиялық сипатта болатын болса, бәлкім Қазақстан мүдделеріне қай­шы келісімдер де қабыл­данбас еді. Яғни, айтпағым Қазақстан ішкі мәселелерді: экономика мен мәдениет жағы бар, тіл, діл, дін мәселесі дұрыс шешілуі керек. Біздің билік басындағылар қоршаған ортамыздың Ресеймен ғана шектелмейтінін түсінуі тиіс. Біздің геосаяси жағдайымыз өте күрделі, ірі мемлекеттердің өз мүддесі бар, бұл заң­дылық. Бірақ, қазақтың ертеден келе жатқан саясаты байсалдылықты ұстау, ара-қашықтықты сақтау. Қытаймен де, мұсылман әлемімен де, Америкамен де,жалпы барлық әлем елдерімен солай. Кей жағдайда Қазақ­станның ішкі қарым-қатынастарында шешім қабылдаудың айқын еместігі, шетел лоббиінің бар екендігі байқалып жатады. Өз күшімізге сенуіміз керек. Қарапайым ақпарат кеңістігіміздің өзінде қаншама ре­сейлік арна бар.Украинадағы жағдайға да Ресейлік призма­дан қарап отырмыз. Бұл дұрыс емес. Көпвекторлы саясат ұс­танғанымызбен, әрқайсысынан бірдей қашықтықта алшақ тұруымыз керек. Басқа елдердің амбициялары бізге қатысты болмауы керек. Үлкен саясатқа Қазақстан орта деңгейдегі мемлекет болғандықтан, араласудың қажеті жоқ. Бұл әлемдік практика. Өз мәселелерімізді түгендеп алуымыз керек.

Жазып  алған Жания  Әбдібек
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір