27 Қыркүйек, 2023 Барлық аймақтар
Оппозиционер Марат Жыланбаевтың ісі бойынша тергеу аяқталды
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының жетекшісі, азаматтық белсенді Марат Жыланбаевтың ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл жөнінде Qamshy.kz ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ашық дерек көздерінен алынған
– Іс прокуратурада. Прокуратура істі сотқа жіберу-жібермеу мәселесін 5-10 күннің ішінде шешеді, – деді Мейіржан Досқараев Азаттық тілшісіне.
Кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген 60 жастағы белсенді Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айында қамалған. Соңғы рет оның қамау мерзімі 20 қазанға дейін ұзартылған. Танымал марафоншы, билік сыншысы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған. Құқық қорғаушылар қауымдастығы оның ісінің саясиланғанын айтып, оны "саяси тұтқын" деп таныған.
Астанада тергеу изоляторында қамауда жатқан белсендінің денсаулығы нашарлағаны туралы ақпарат болған. Адвокатының айтуынша, "бұған дейін оның тіссауыты түсіп қалған, қазір ол жөндетілген". "Қазір көңіл-күйі орысша айтқанда "боевое" деді адвокат.
"Енді айыптың бәрі осы Мараттың митингіге шыққаны, билікке қатысты айтқан сындарына қатысты. Биыл парламент сайлауында адамдар оны қолдап, ақша жіберді ғой. "Алға, Қазақстан" партиясын құру бойынша ұйымдастыру тобының адамдары сайлауға қатысамыз деп ниет білдірген адамдардың барлығына оларға да түскен ақшадан жәрдемдесті ғой. Енді соны "терроризмді қаржыландыру" дейді. Қайдағы терроризм? Қайдағы қаржыландыру? Қаржының барлығы сайлауға қатысу жарнасы бар ғой (1 млн теңгеден астам қаражат) соларға кетті ғой. Бір тиын да Жыланбаевтың қалтасына түскен жоқ" дейді Мейіржан Досқараев.
Марат Жыланбаев биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік оны "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, оған әкімшілік іс қозғады. Ақыры оны кандидаттар қатарынан алып тастады.
Өзінің сайлауалды бағдарламасында Жыланбаев Қаңтар оқиғасын тергеуді, қантөгістен зардап шеккендерге өтемақы төлеуді, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысты тергеу жүргізуге шақырған.
Билік ол тіркемек болған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін талай кері қайтарды.
Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушылар, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір