• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 01:07:54
Алматы
+12°

24 Қазан, 2023 Сұхбат

Эверест шыңына 600 м қалғанда: альпинистпен сұхбат

Әлемдегі ең биік шың – Эверестке шығу көп альпинисттің арманы. Алайда паңданған тау кез келгенді биігіне көтере бермейді. Талайдың жанын алып, талай тәні сауды жарымжан етті. Эверестке шыққан қазақстандықтар саны саусақпен санарлық қана.

Фото: Даурен Қабидің жеке суреттері

Бірақ біз тек сәтті аяқталған істі ғана көреміз, оның көлеңкесінде жатқан қаншама адамның талпынысы мен қажымас қайраты бар. Біздің кейіпкеріміз 39 жастағы Астана қаласының тұрғыны Дәурен Қаби. Оттегі балонынсыз көтеріліп, Эверестке 600 метр қашықтық қалғанда кері қайтуға мәжбүр болған Дәурен таудың қатал сүзгісінен өтіп, оң қолындағы екі саусағынан айырылған. Бастан кешкен оқиғасы жайында Qamshy.kz сайтының тілшісі сұрап білді.

Тауға шығуға деген құштарлық қашан пайда болды? Алғашқы рет шыңға шыққанда не сезіндіңіз? 

– Мен Астана қаласының тумасымын. Білесіз, ол жерде тау жоқ. 2011 жылы жұмыстарыммен Алматыға келдім. Сол кезде Үлкен Алматы көлінің жанында орналасқан 4317 м биіктіктегі Сәтбаев (Советов) шыңына шықтым. Алғаш рет тауға шыққандықтан, әрине, қиын да күрделі болды. Биік шыңда тұрған әсер бөлек. Осыны қайта сезінгім келетінін түсіндім. Келесі жылы Қырғызстандағы 7134 м биіктіктегі Ленин шыңына шығу үшін турға жазылдым. Алайда базалық дайындықтың болмағандығынан бағындыра алмадым және алғаш рет тау ауруының барлық симптомдарын сезіндім.

– Тауға шығуға деген құлшынысыңызды қалай суреттейсіз? Бұны ессіз ынта не адриналин іздеуге деген талпыныс деп атаймыз ба?

– Орысша айтқанда, бұны «одержимость» демес едім. Мен үшін бұл жәй хобби және ол адреналинмен жандана түседі. Күнделікті офис ішінен шықпай жұмыс істейтіндіктен, өміріме нәр беретін, әрлендіре түсетін бір қызығушылық іздедім. Тауға шығу деген тек адреналин ғана емес, бұл еркіндіктің терең сезімі, өзіңді және жолыңдағы қиындықтарды жеңу. 5 мың метрден биіктіктегі тауларға шығу ол қашан да дайындықты талап етеді. Бір жыл бұрын жоспар құрып, физикалық тұрғыда және қаржылай дайындаламын, қажетті заттарды сатып аламын.

Кез келген сәтті аяқталған экспедиция көп эндорфин береді. Бір жыл күтіп, ұзақ жолды артқа тастап, климатқа бейімделіп, аман-сау шыңға шыққандағы әсер санаңда жатталып қалады. Қайтадан осындай қатерлі де қызықты сапарға бекінгенде не үшін бара жатқаныңды жақсы түсінесің.  

в

– 5 мың метр биіктіктен жоғары қандай шыңдарға шықтыңыз?

– Ресей жеріндегі Эльбрус (5642 м), Кавказдағы Қазбек шыңы (5033 м), Ленин тауына (7013 м) талай рет бардым. Альпинизмге енді келген адамдарға Ленин шыңына шығуға кеңес берер едім, себебі жолы қауіпсіз, жайлы. Екі жыл бұрын Манаслу тауына (8163 м) шықтым.  Сәтсіз аяқталған сапар қатарында Хан Тәңірі мен Эверест. Бірақ альпинистер қорытындыға емес, адам талпынысына баға береді. Шыңына жете алмасаң да, бұл үлкен тәжірибе. Біздің ырқымызға көнбейтін жағдайлар көп. Сол үшін тауға шығу тек шыңына жетумен өлшенбейді. Мақсат болды және осы мақсатқа сай әрекет еттің, бар күш-жігеріңді салдың.

– Тауға шығуға қалай дайындалдыңыздар?

–  Біз кез келген тауға көтерілу кезінде денсаулықты күтуге тырысамыз. Суық тидірмеу, аяғыңды жарақаттап алмаудан бастап ұсақ-түйекке дейін аса зер қоямыз. Деніміздегі бар дертті емдеп дайындаламыз. Жыл он екі ай дәрумендер ішеміз. Осылай қиындықтың алдын аламыз. Физикалық салмаққа дайын болатын мықты денсаулықтан бұрын психологиялық саулық та маңызды. Қатты шаршау кезінде көп адамның жүйкесі сыр береді. Бұл бүкіл группаға, жалпы экспедицияға әсер етеді. Бәріне тәжірибе керек. Кезең-кезеңімен үйренеміз. Мысалы, Ленин шыңына шығар кезде белгілі бір стресстік жағдайды бастан өткердің, содан қорытынды жасадың. Не істеу керек және нені істемеу керектігін үйрендің. Тұрақты тауға шығатын адамдар төзімді келеді. Олар үнемі күліп жүреді, айналасындағыларға жылы шыраймен қарайды. Эверестке шығу 45 күнге дейін созылу мүмкін. Сол уақыт ішінде көңіл-күйің бір қалыпта жүруге талпыну қажет. Бұл бір іске асыруға тиісті іс сияқты қарапайым нәрсе емес. Жұмыс барысында қажетінше өзгертіп, адам ауыстырып өз еркіндігіңе сала алмайсың. Экспедицияда бұлай болмайды.

– Эверестке шығу кезінде қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

– Әлемдегі ең биік шыңға барамын деген ойдың өзі үлкен қиындық. Идея санаңа келгенде-ақ Эверест деген атаудың жанкештілік, ауырлықпен байланысын түсінесің. 24/7 ойыңнан еш шығара алмаған идеяны ақыры жүзеге асыруға мықтап бекінесің. Мақсатыңды іске асыру үшін денеңді дайындайсың, Гималай мен Непалға барып, атмосферасын сезінесің, айналадағы тауларға, 7 мың биіктіктегі шыңдарға шығуың керек.

Қаладан келген адам үшін бәрі кедергі көрінуі мүмкін. Мысалға, біз базалық лагерьге барғанда, қатты суық болды, қар толассыз жауып тұрды, желді суреттеп беру қиын. Калориялы тамақ та жоқ, ол өз кезегінде өте қажет. Жоғары көтерілген сайын ауа райы бұзыла түседі. Қар көшкіні жиі жүреді. Адам өлімі көп. Бірақ бұл тауға шығып жүрген адамдар үшін қалыпты нәрсе.

Өз басымдағы жағдайға келсек жалғыз-ақ кедергі – ол оттегі тапшылығын сезіну. Соның әсерінен мен шыңға 600 метр қалғанда кері қайтуға мәжбір болдым. Таңда жалғастыруды жоспарлағанбыз, бірақ оянғанда аяқ-қолымды үсік шалғанын сездім.

– Неге оттегі балонын қолданудан бас тарттыңыз?

– Оттегі балонын Манаслу тауына (8 713 м) шыққанда қолдандым. Жоспар бойынша оттегінсіз шығу керек еді, соңғы сәтте топ мүшелері шешімін өзгертті. Кейін мен сол ісіме өкініп қалдым. Себебі оттегі допинг. Альпинизм де спорт түрі. Ал кез келген спорт түрінде допинг қолдану қате. Оттегінің күшімен ғаламшарға да ұшып келуге болады. Эверестке шығу кезінде бұндай артықшылықтан бас тартқанмын. Тек соңғы сәтте биіктеген сайын оттегінсіз жете алмайтынымды түсіндім.

– Шыңға 600 м қалғанда не сезіндіңіз?

– Сезім дегенді сезінуге де құлықты болмадым. 8 мың метр биіктікте оттегінсіз келе жатқан адам күйін суреттеп беру мүмкін емес. Тыныс алу, алдыңдағы жолды бағдарлау, созылып жатқан жіпке ұстану сияқты қарапайым нәрселерге бар зейініңді салғандықтан, басқа нәрсені ойлай да алмайсың. Бар ойлайтының алдыға қадам басу. Ал жүру үшін сағат оттегі керек. Биіктеген сайын оттегі азаяды. Қолданған азғана мөлшердегісі тек ми жұмысын қалыпты сақтап тұруға ғана жетеді.

Кешкі сағат 9-да лагерьден шықтық. Шамамен алты сағаттай жүрген соң кері қайтуға мәжбүр болдық. Таңға жуық 7-де 7900 м биіктіктегі төртінші лагерьге жетіп, қондық. Оттегі балонын алып, тыныққан соң сапарды жалғастыру керек едік, бірақ оянғанда аяқ-қолым үсіп кеткен екен. Жылдам екінші лагерьге дейін түсе бастадым. Сол жерден кейін тікұшақпен алып кетті.

Ауруханада айға жуық жаттым. Екі күрделі ота жасап, оң қолымдағы екі саусағымды кесті. Қазір саусақтарым бүгілмейді, тері салған соң қарапайым бөтелкенің қақпағын аша алмай қалдым. Аздап қалыпқа келіп жатырмын.

а

– Арзанға соқпайтын сапарға қанша қаражат жұмсадыңыз? Оқырманға гид қызметі, тур бағасы мен қажетті жарақтардың бағасы қызық болар.

Бұл өте маңызды сұрақ. Өте қымбатқа түскен сапар болды. Ұзақ уақыт дайындалдым, ұзақ жинадым. Тур фирмасымен біраз сапарға барғандықтан, маған белгілі пайызда жеңілдік жасады. Жалпы, барлық жағдайы жасалған турдың бағасы 35 000 доллар (16 млн теңге шамасы), оған қоса 7-8 мың доллар қажетті заттарды сатып алуға қажет. Тур бағасының қымбат болуы себебі, жәй ғана зонаға кіру құны 11 мың доллар. Бұл Непал мемлекетінің қойған бағасы.

– Эверестке қайта шығар ме едіңіз? Табиғат алдында бір дәрменсіздік күйін кешіп, өкініш болмады ма?

– Дәл қазір ешқандай биік тауларға шығуды көздеп отырған жоқпын. Кішігірім биіктікке ғана көтеріліп, ағзаға аз-аздан салмақ салып жатырмын. Қалпыма толық келгенде жоспар құра бастаймын, бірақ Эверестке емес. Оны келешектің еншісіне қалдырдым. Табиғат алдында дәрменсіздік сезіндім, қайта тауға шығудан қорқамын демеймін. Өкініш те жоқ. Бұның бәрі таза тәжірибе деп түйдім.

– Эверестке шығуды жоспарлап отырғандарға қандай кеңес бересіз?

– Алматы тұрғыны болса, дайындыққа бір жыл жеткілікті. Егер, әрине, оттегімен шығуды жоспарласа. Бастысы, дайындық кезінде қандай да бір дене жарақатын алып қалмауы керек. Қазір альпинистік компаниялар тауға мүлде шығып көрмеген, дайындығы нашар адамдарды ертіп әкеле береді. Барлық жеңілдіктерді пайдаланып, сүйену арқылы еркін шыққандарды көзіммен көрдім. Оттегі балонын да ерте қолдана бастайды. Бұндай жағдайда кез келген адам әлемдегі ең биік шыңға шыға алады. Ақсақ, көзі көрмейтін соқыр адамдар да шықты. Түйіні сол, өз шамаң жетпеген нәрсеге ақша құясың.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Эверест альпинизм

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір