• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:50:44
Алматы
+12°

Бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде көптен бері күрмеуі шешіл­мей келе жатқан қордаланған мәселе баршылық. Тіпті көп десе де бо­лады. Енді сол мәселелердің ең негізгілерін ретімен санамалап шықсақ дейміз.

Экономиканың қай саласы болсын ғылыми негіздермен ұштасқанда ғана дамитынын бүгінде дәлелдеп жатудың өзі артық. Осы ретте ғылымға басты рөл берілген заманда ауыл шаруашылығының заманауи инновациялық технологиялармен нашар қамтамасыз етілгенін ешкім жоққа шығармайды. Былтыр Президент ғылымға байланысты барлық мәселені бір жерден шешіп, бір жерден методикалық әдістеме арқылы қаржыландырумен мемлекеттік тапсырыстарды ұштастыру мақсатында дербес Ғылым және жоғары білім министрлігін құрды. Бірақ аграрлық ғылым жаңа министрлік құрамына өткен жоқ. Аграрлық ғылымның зерттеу инс­титуттары әлі күнге базалық қаржыландырудан шеттетілген. «Ғылым туралы» заңның 27-бабына сәйкес аграр­лық ғылыми зерттеу институттары мем­ле­кеттік тапсырыстарды конкурссыз орындай алмайды. Олар қаржы алу үшін берілген тапсырмалармен тендерге қатысқандай конкурсқа қатысуға тиіс. Ғылым – ойынға айналған заман. Ал конкурста жеңіске міндетті түрде шетелдік басылымда мақаласы жарық көрген жас ғалым жетеді. Саны бар, сапасы жоқ тақырыптарға қаражат бөлінеді. Талай жылын өндірістегі зерттеулерге сарп еткен тәжірибелі ғалымдардың еңбегі ескерусіз қалады. Маңғыстаудағы қуаңшылық, шегіртке мен киік мәселесі, ветеринария, фитосанитария, карантиндік жағдайлар кешегі ескерусіз қалған еңбектердің бүгінгі салдары емес пе?

Тағы бір толғандыратын мәселе – ғы­лыми зерттеу институттарының уни­верси­тет­терге берілуі. Біздің түсіні­гі­мізде жоғары оқу орны ғылыммен емес, маман дайындаумен айналысуға тиіс. Пре­зиден­ті­міздің дәнді дақыл тұқымдарының жаңа сорттарын ашу туралы тапсырмасын университеттер орындай ма? Біздіңше барлық институтты егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты базасында біріктіріп, арнайы ғылыми орталық, сондай-ақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру институт базасында мал шаруашылығын зерттейтін ғылыми орталық құру керек. Бұл үшін «Оңтүстік-Батыс және Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институттарымен «Асыл-түлік» акционерлік қоғамының бүкіл ғылыми әлеуетін біріктіру қажет. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру ор­талығын» жауып, университеттер мен аграрлық институттарды Ғылым министрлігіне өткізу қажет және оларды тікелей Ұлттық ғылым академиясының басқаруына беру керек. Бүгінде орта жасы 60-тан асқан ғалымдар реформадан шаршады. Ал жас ғалымдар жоқтың-қасы, бар болса да олардың дайындықтары көңіл көншітпейді. Бұл – бірінші және бас­ты мәселе. Себебі дана қазақтан қалған «оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақалды мақала мәнімен тәпсірлесек: «ғалымсыз ғылым жоқ, ғылымсыз күнің жоқ».

Ауыл шаруашылығындағы екінші қорда­ланған мәселе – шаруалар қолданы­сын­дағы техникалардың басым бөлігі әбден тозған. Бұл туралы Мемлекет бас­шысы биылғы Жолдауында айтты. Отандық ауылшаруашылық техникаларын құрастыру өндірісіне ел бюджетінен орасан зор қаржы бөлініп жатса да, техникалардың бағасы өте қымбат. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес ауылшаруашылық техникаларын құрастыру өндірісіне кейінгі 5 жылда 123 млрд 573 млн теңге салықтық жеңілдік жасалған. Мысалы, 2018 жылы КТС және ҚҚС төлеуден 9 компания – 3 млрд 937 млн, 2019 жылы 11 құрастыру өндірісі – 9 млрд 655 млн, 2020 жылы 13 компания – 20 млрд 661 млн, 2021 жылы – 43 млрд 841 млн, 2022 жылы 12 компания 45 млрд 478 млн теңгеге босатылған. Бұдан бөлек, 2022 жылы отандық техника өндірушілерге Экологиялық кодекстің 388-бабының 3-тармақшасына сәйкес кәдеге жарату алымынан түскен қаражаттан 43 млрд 55 млн теңге берілген. Біз отандық өндірістің дамуына қарсы емеспіз, керісінше қол­даймыз. Себебі олар мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Алайда жоғарыда айтылған бюджеттік шығындарды 1 жұмыс орнына шақсақ, әр орынға айына 1 млн 376 мың теңге жұмсалады екен. Мұндай өзін-өзі ақтамайтын шығын бізге қаншалықты қажет? Отандық техника өндірушілер кедендік салымнан, қосылған құн салығынан, утилизациялық алымнан босатылған. Бұған қоса, оларға индустриялық аймақтардағы қойма мен өндірістік нысандар, қажетті инфра­құ­ры­лымға, атап айтқанда, газ, жарық, су, жолға қосылу тегін. Мемлекет тарапынан жасалған осыншама қолдауға қарамастан, елімізде жиналған ресейлік және беларусьтық техника бүгінде 2 еседен аса қымбаттаған. Бір ғана мысал. 2019 жылы бағасы 43 млн 466 мың теңге болған VECTOR 410KZ комбайнының құны 2022 жылы 93 млн 450 мың теңгеге көтерілген. Ал ACROS 550KZ 2019 жылы 39 925 654 теңгеге саудаланса, 2022 жылы оның бағасы 112 млн 050 мың теңгеге бір-ақ шарықтаған. Осылай жалғастыра беруге болады.

Ал астық өндірісіндегі биылғы жағдай көңілге үрей салып, диқандарды ғана емес, күллі елді алаңдатып отыр. Келмеске кеткен кеңес кезеңінде «Нан болса, ән де болады» деген қанатты тіркес бар еді. Биыл нансыз қалмасақ та, келесі жылы бидай мен арпа тапшылығына ұшырайтынымыз хақ. Көктемде егілетін тұқым көлемі қажеттіліктің 10/1 бөлігін ғана қамтамасыз етуі мүмкін. Себебі ел қамбасында тұқым жоқ. Ал азық-түлік келісімшарт корпорациясында жатқан 362 мың тонна астық – тауарлық бағыттағы сапасы төмен дән. Шаруашылықтардың оны екпейтіні белгілі. Мемлекет меншігіндегі ғылыми институттар, тәжірибелік стансалар мен шаруашылықтардың аз да болса тұқым өндіретін мүмкіндіктері бар. Алайда олар мемлекет тарапынан тұрақты қаржылық қолдау көрмеген соң қолда бар егіс алқаптарды тұқым өндіру емес, пайдасы көп дақылдар егіп, «жан бағу» мақсатында пайдаланып жүр. Ресми деректерге сәйкес кейінгі 5 жылда олардағы тұқым өндірісінің көлемі бірнеше есеге төмендеген. 2022 жылы аталған ғылыми ұйымдарда сақталған 60 мың тонна тұқымның тек тең жартысы элиталық, қалғаны 1-2 репродукция болған. Сора­қы­сы сол, ғалымдардың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми мекемелерде ұрлық кеңінен етек алған. Тұқымды алқаптан тікелей сатып жіберу, нақты орақ мәліметін әдейі жасыру немесе төмен етіп көрсету фактілері бар.

Ауыл шаруашылығы саласын алға бас­тырмай келе жатқан басты былықтың бірі – субсидия. Оның аталған салада «сауын сиырға» айналғаны бүгінде баршаға аян. Қарапайым шаруаның оған қол жеткізуі тіптен мүмкін емес деуге болады. Себебі шаруашылықтарға субсидия алу үшін тым жоғары талап қойылады. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысатын шаруада мал семіртіп, етке өткізу үшін мың ірі қара соятын бордақылау алаңы болуы шарт. Ондай алаңның шағын шаруа қожалықтарында жоқ екені бесенеден белгілі. Ал субсидия алудың «қыр-сырына» қанық адамға мұндай талаптың қандай мақсатпен қабылданғаны айтпаса да түсінікті.

Бұған қоса, субсидиялаудың ақ­параттық жүйелері әлі күнге жетілдіріл­меген, рұқсатсыз қол жеткізуден қорғал­маған. Бұл деректерді бұрмалауға – мал шаруашылығы саласында жануарлар жасын, жынысын өз бетінше түзету, олардың сәйкестендіру нөмірлерін қай­талап көрсету сияқты айла-шарғы жа­сауға мүмкіндік береді. Олар белгі­ленген критерийлерге сай келмейтін малды субсидиялау, бір малды екі рет субсидиялау, субсидия төленген малдың сақталуын және мақсатсыз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін қасақана жасалған.

Субсидияны жымқырудың тағы бір схемасы – өңірлік ауыл шаруашылығы басқармалары қызметкерлерінің өзде­рінің жеке мүдделері бар компаниялар сатып алатын жабдықтар құнын барынша көтеруі және сапасы төмен, арзан техниканы таңдап алуы. Ал егін­шілік саласын субсидиялаудағы сыбай­ластық жалған мәмілелер жасасу мүмкін­ді­гі­мен, құжаттар дұрыстығын, субсидия төленетін тыңайтқыш, пестицид, тұқым сияқты өнімдерді нақты сатып алу мен мақсатты пайдалануды тексеру тетіктерінің болмауымен байланысты өрбуде. Министрі ауысқан сайын субсидиялау саясаты мен критерийлері өзгертілетін, шаруалар үшін үлкен әкім­шілік кедергіге айналған субсидия алудың өте көп бағыттары, түрлері, шарттары ауыл шаруашылығын субсидиялау ісіндегі сыбайлас жемқорлықтың түп-тамыры тым тереңде екенін көрсетеді. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға ел бюджетінен тек кейінгі 5 жылда 2 трлн теңге жұмсалған. Ал бұл салада тіркелген мыңға жуық қылмыстың 54%-ы субсидия жымқыруға қатысты болған.

Ауыл шаруашылығында жемқорлық­тың жапырақ жаюына ондағы мемлекет рөлінің тым үлкен болуы, агросектордың 65%-ын мемлекет өз құрылымдары ар­қылы бюджеттен қаржыландырып отыруы – тағы бір себеп. Жақын бола­шақта аграршылар қарызының жалпы көлеміндегі мемлекет үлесі 90%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал банктер болса, керісінше саланы несиелендіруді азайтып жатыр. Ауыл шаруашылығының әр кәсіпкерінің 2020 жылы орта есеппен бір ғана өтелмеген заемы болса, қазір бұл 2-ден асқан. Басты кредитор – мемлекет қатысуындағы ұйымдар. Бұл – фермерлер салаға жауапты шенділердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында деген сөз. Мұндай қыспақ жағдайда нарықтың еркін дамуы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мұндай жағдайда Үкіметке не субсидиялаудан бірте-бірте бас тартуға, не саланы бюджет көмегімен әрі қарай сүйрей беруге тура келеді. Бірінші жолға түссе, ауыл шаруашылығы өндірушілері бағаны күрт көтереді. Бірақ баға онсыз да ертегідегі Ертөстікше күн санап өсіп келеді.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы министр­лігі Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау жүйесіне реформа жүргізіп жатыр. Оның қандай нәтиже беретінін келешекте көреміз.

Ерболат САУРЫҚОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір