11 Желтоқсан, 2023 Экономика
Мемлекетті жеу деген осы. Сатасың, сосын жалға аласың
Жеті жылда жоқ жерден 1 млрд теңгеден астам табыс көрген кәсіпкер.
Фото тикетон сайтынан алдынды
2017 жылы Шымкенттегі ірі нысан саналатын мұз айдыны 128 млн теңгеге сатылып кеткен. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі сол кезде мұз сарайын «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-і сатып алғанын хабарлаған. Бұл компания шымкенттік кәсіпкер, олигарх Серікжан Сейітжановқа тиесілі.
Аукциондағы бастапқы бағасы 996 944 000 теңге деп белгіленген мұз айдыны бар-жоғы 128 млн теңгеге өтіп кеткен. Нысанның сатылуын жергілікті шенеуніктер қаржы тапшылығының салдарынан күтіп-ұстап тұру мүмкін емес деп түсіндірген.
Ең қызығы, жекеменшікке небәрі 128 млн теңгеге сатылып кеткен бұл мұз айдынын әкімдік енді 1 млрд теңгеге жалға алған. Бұл сұмдық қоғамда қызу талқыға түсіп, Шымкент қаласының жаңа әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы журналистерге берген жауабында: «Қазір құқық қорғау органдары тексеріп жатыр, қаншалықты заңды, не заңсыз екенін қорытындысы шыққан соң айтамыз» дейді.
Яғни, әкім бұл жерде өзінің қатысы жоғын айтып, барлық мәселе тек құқық қорғау органдарының құзырында деген сыңай танытады.
Ендеше «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Дидар Смағұлов бұл оқиғада сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін екенін айтады.
Әкімдік 2017 жылы Шымкент мұз сарайын жекенің қолына өткізген. Бұл аймақтағы ең үлкен спорт кешені, аумағы 6203 шаршы метр. Оған қоса әкімшілік ғимараты 1810,8 ш.м. Сол кезде бар болғаны 128 млн теңгеге сатылған. Енді жергілікті олигарх Сейітжанов оны миллиард теңгеге жуық ақшаға қайтадан әкімдікке жалға беріп отыр. Мұз сарайының 67 пайыз үлесі олигарх Сейітжановтікі, 33 пайызы «Саутжанов» ЖШС-іне тиесілі. Бірақ ол компания да Сейітжановтікі болып шықты.
Фото: Дидар Смағұлов
– Кішкентай үйдің бағасына үлкен спорт кешені. Әкімдік 3 жылда 40 млн теңге кіріс әкелген нысанды ұстауға ақша жоқтығын айтып шағымданады екен, бірақ олигархтан мұз сарайын жалға алуға ақша тапты. 2017-2023 жылдар аралығында мемлекет спорт кешенін жалға алу үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы төлеген. Сатып алу порталында 1 031 795 386 теңгені құрайтын шарттарды таптық.
Яғни, 128 миллионға сатып алыңыз да, содан кейін 7 жыл мемлекетке жалға беріңіз. Сейітжанов 360 млн доллар байлығымен Forbes рейтингінде 23-ші орында тұрған Шымкенттегі беделді кәсіпкер. Немересіне Қайрат Сатыбалдының қызын әперген тойда 21 млн теңгенің тортын жейтіндей жөні бар екен. Енді бұл олигархтың тәубесіне түсіп, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп мемлекетке қайтарып бергені дұрыс болар еді, дейді Данияр Смағұлов.
Айтпақшы, торт туралы әңгімені журналист Ұлықбек Үмбет те растап отыр:
«Шымкенттегі мұз сарайы қалайша 7 торттың құнына сатылып кетті? 7 торт деп отырған себебім, Ренат Агзамов есімді кондитердің жазуына қарағанда, Сейітжановтар әулеті немерелерінің тойына 3750000 рубльге қазіргі нарықпен 18675000 теңгеге тортқа тапсырыс беріпті. Мұз сарайы 128 млн теңгеге сатылған. 128000000:18675000= 6,8. Мұны есептеу үшін ғұлама болудың қажеті жоқ, тек математиканың төрт амалын білсең болды. Расымен де «жаңа Қазақстан» құруды қолға алатын болсақ, осы іс бойынша сол кездегі Шымкент қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдіктерінен жауап алынуы керек», дейді ол.
2023 жылдың 5 қыркүйегінде тағайындалған Ғабит Сыздыкбековке дейін Шымкентте кімдер әкім болғанын еске салайық:
2015-2017 жылдары және 2018-2019 жылдары – Ғабидулла Әбдірахманов.
2019 жылы – Ерлан Айтаханов.
2020-2023 – Мұрат Әйтенов.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір