03 Қаңтар, 2024 Саясат
Қазақстанда қазақ тілі әлі қыл үстінде тұр
Бұл рас енді.
Фото: Диалог.UA
Анық себебі бар оның. Өйткені түрлі "заң шығарғыштар" мен "бұйрық енгізгіштер" орыс тілінің төрден түспеуін қатты қадағалайтын секілді.
Өнеркәсіп министрі Шарлапаевтың мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларда қазақ тілімен бірге орыс тілі міндетті түрде қатар қолданылсын деген бұйрығын біз әлі түсінбей отырмыз.
Министрдің мұнысын саясаткер Дос Көшім де заңсыз деп санайды:
– Мекеме маңдайшаларында қазақ тілімен бірге орыс тілі міндетті түрде жазылуы керек деген бұйрық – заңсыз.
Осыдан бір жарым жыл бұрын, «ҚР Тілдер туралы» заңының 21-бабына «Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тілдерде де орналастырылады» деген өзгеріс енген болатын. «Қажет болған кезде» деген сөздің мағынасында ешқандай «міндеттеуді» көріп отырған жоқпын.
Бізде заңның өзі қасақана түрде нақты емес қылып жазылатындықтан, заңгерлердің өзі нақты түсініктеме бере алмай отырады. Шынын айтқанда, біздің тіл туралы заңымыздағы осы «қажет болған кезде» деген сөз тіркесін ешбір заңгер түсіндіріп бере алмайды.
Бұл – біздің «ноу-хау»!
Ол «қажеттіліктің» нақты шарттары бар ма? «Қажет екенін» кімдер анықтайды?
Меніңше, бұл – орыс тілін қолдану аясын жасанды түрде сақтау үшін енгізілген сөз тіркесі.
Иә, өкінішке қарай, орыс тілін заңды болсын, заңсыз болсын қолдану – қазақ тіліне деген қажеттілікті жоққа шығарады.
Бұл жерде екінші мәселе бар: ол – қазақ тіліне қатысты заң баптарының жұмыс істемеуі. Жоғарыда айтқан заңдағы 21-бапта ас мәзірінің қазақ тілінде жазылуы керек екені нақты жазылған. Бірақ кафе мен ресторандардың 99 пайызында ас мәзірі тек орыс тілінде. Қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Мен кейде осы заң баптарын енгізген біздің депутаттар, оның жұмыс істеуін бақылайтын прокурорлар ешқашан қоғамдық орындарда тамақ ішпей ме деген ойда қаламын, – деді саясаткер.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір