26 Қаңтар, 2019
Фотосурет тағдырға әсер етеді
Ғылым әлі де фотографияның барлық құпиялары мен мүмкіндіктерін білмейді.
Кейде әлеуметтік желіге салған фотосуреттерді ақтарыстырып отырып, біз олардың өзіндік энергетикасы болатынын, өмірімізге әсерін тигізіп, денсаулығымызды нығайтатынын немесе жасартатынын сезіне бермейміз. Ал парапсихологтар адам суретінің құпия күшін баяғыдан біледі.
Адам мен фотосуреттің қандай байланысы бар дейсіз бе?
Адамдар көне заманнан өздері мен суретінің магиялық байланысы барына сеніп келген. Оған халық емшілері мен бақсы-балгерлердің суретке қарап пал ашуы, адамның тірі немесе өлі екенін суретіне қарап ажыратуы және суреті арқылы емдеуі мен дуа жасауы дәлел бола алады.
ХIХ ғасырдың ортасында фотография пайда болған кезде, тылсым күшке ие адамдар жұртқа алыс қашықтықтан әсер етудің керемет мүмкіндігіне ие болғандарын ойламаған-ды. Уақыт өте келе, көзбояушылар мен сиқыршылар фотосуреттің құпия күшіне әбден қанығып, одан алған ақпарат арқылы жағымсыз істерін еркін жүзеге асыра бастайды. Қазір оқымыстылар фотобейнеде біздің сыртқы түріміз ғана емес, биоэнергетикамыз да қатталып қалатынын анық дәлелдеп шықты.
Кез келген фото арқылы онда бейнеленген адамның өлі немесе тірі екенін ғана емес, қандай сырқатпен ауыратынын да білуге болады. Әсіресе тура қарап жанарын кең ашып түскен портреттер ақпарат алу үшін өте қолайлы. Адамға суреті арқылы жақсылық жасап, көңілін жадыратып, энергетикасын көтеруге, ауруынан жазуға немесе керісінше жамандық жасап, ол адамды көз бен сөз тигізу арқылы науқасқа шалдықтыруға, тіпті ажалға айдап салуға да болатын көрінеді.
Суреті арқылы тек қана адамға емес, кез келген жанды нәрсеге, тіпті өсімдікке дейін әсер етуге болады. Мәселен, осындай бір әуесқой тәжірибе жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапандарға жүргізілген. Яғни дене құрылысы бірдей төрт балапанның бірін суретке тартып, ол суретті көбейту арқылы бірнеше адамға таратқан. Сөйтіп, оларға қайғырғанда немесе ауырғанда әлгі балапанның суретіне қадалып, ойша одан күш алуды, яғни балапанның қуатын қалай да тартып алуды ойлауды ұсынған. Нәтижесінде үш балапан кәдімгідей өсіп жетілген де, фотомодельге пайдаланылған төртіншісі өсіп-жетілудің орнына, тым әлжуаз күйге түскен. Тіпті өліп қалатын болған соң, арнайы күтіп-бағуға тура келіпті.
Сондықтан да тек өз суреттеріңізге ғана емес, отбасы мен бауырларыңыз, туысқандарыңыз бен достарыңыз және таныстарыңыздың да суреттеріне ұқыптылықпен қараңыз. Парапсихологтар мен биоэнергетиктер суреттің адамның тағдыры мен денсаулығына әсерін зерттеу арқылы фотографиямен жұмыс істеудің техникалық қауіпсіздігін жасақтап шыққан. Олардың біразы төмендегіше:
- Өз суретіңізді әлеуметтік желіде қалай болса солай тарата бермеңіз, әсіресе танымайтын немесе өзіңізге көзқарасы нашар адамдарға бермегеніңіз дұрыс.
- Қайтыс болған адамдардың, әкеңіздің немесе шешеңіздің болсын, суреттерін ұйықтайтын немесе ас ішетін әйтпесе уақытыңызды көп өткізетін бөлмеде қабырғаға ілмегеніңіз, ашық ұстамағаныңыз дұрыс.
- Бөтен біреудің суретіне өшікпеңіз: жыртпаңыз, кеспеңіз, сызғыламаңыз, т.б. Қазір өшіккен адамыңызбен кейін қарым-қатынасыңыз түзелуі мүмкін, сол кезде фотосы арқылы жіберген жаман энергияңызды қайтарып ала алмайсыз.
- Жүріп жүрген қыз бен жігітке некелескенге дейін суретке көп түсуге болмайды. Әзірге белгісіз себепке байланысты мұндай «фотохроникалар» екі жастың бас қосуына кедергі келтіріп, айырылысып кетулеріне соқтырады.
- Қайтыс болған адамдарды суретке тартпаған дұрыс. Кейбір парапсихологтар бұл әрекет марқұмның рухын мазалайтынын айтады.
- Энергетикалық вампирлермен бірге суретке түспеңіз. Күшіңізден айырыласыз.
- Жаман аурудан немесе ауыр сырқаттан қайтыс болған адамдардың суретін бөлек альбомға жинаңыз, тірі адам мен өлген адамның, сондай-ақ ауру мен сау адамның суретін қатар қоймаңыз.
- Мүмкіндігінше альбомыңызға қабір, зираттардың, қылмыскерлер мен есі ауысқандардың, нашақор-маскүнемдердің суреттерін ілмеуге тырысыңыз.
Дүниеден озған кісінің портретін іліп қоюды шариғат та бұйырмайды. Тек естелік үшін альбомның арасына салып қойып, сағынғанда еске алып, қарап тұруға болады. Негізі молдалар жанды заттың суреті тұрған жерге періште кірмейді дейді. Сол секілді қабірдің басына ескерткіш қойғанда да кісінің суретін іліп қою дұрыс амал емес екенін айтады.
Ғылым әлі де фотографияның барлық құпиялары мен мүмкіндіктерін білмейді. Тіпті кейбір мәліметтер бойынша ұшақтың, автокөліктің немесе ғимараттың арнайы түсірілген электромагниттік фотосы арқылы оның болашақта апатқа ұшырайтынын немесе қирайтынын да қара белгіден тұратын энергиясы арқылы білуге болатын көрінеді. Мәселен, «Колумбия» ғарыш кемесі апатқа ұшыраудан бір ай бұрын барлық сегіз астронавтың аурасында әлгіндей жамандық белгісі байқалған. Бірақ бұл ескертуге америкалық ғалымдар пәлендей назар аудармаған, аяғы қалай болғаны көпке белгілі.
Кейде кейбір нәрселердің, мәселен, НЛО-ның (ұшатын табақша) фотопленкаға тартылмайтыны белгілі. Ал кейде кейбір суреттерде жай көзге көрінбейтін түсініксіз бір белгілер таңбаланып қалады. Мәселен, Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешітін суретке тартқанда, әлгіндей таңғаларлық ерекше белгі көрінген
Сонымен, жоғарыдағыдай құбылыстардың адам тағдырына әсер еткен оқиғаларын тізе берсек, талай мысалды табуға болады. Ал оған сену-сенбеу өз еркіңізде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір