«Солтүстіктегі облыстардың біраз жері Қытайға жалға беріледі екен» деген бейресми ақпарат тарағалы бері қоғамда түрлі пікірлер бой көтеруде. Бірқатар сарапшылар «бұл қадам солтүстіктегі қазақ ұлтының санын артырудың бірден-бір жолы» деп бағаласа, енді біреулері аталмыш мәселеге күдікпен қарайды. Тіпті, бұл туралы tieba.baidu.com секілді қытай ақпарат құралдары да үн қатып жатыр. Кейбір ресейлік сарапшылар «Қазақстанның мұндай шешім қабылдауына Қырымдағы келеңсіз жағдайлар да себеп болып отыр» дейді. Бұл пікірлердің қайсысы негізді? «Алаш айнасы» саралап көрген еді. Сарапшылардың айтуына сенсек, солтүстіктегі ауылшаруашылығы мақсатында жалға берілетін жерге Қытайдың Шыңжаң автономиялы ауданынан 200 мың жұмысшы күші тартылады-мыс. Сондай-ақ, бұл жұмысқа Қазақстанның оңтүстік облыстарынан 100 мыңға жуық жергілікті қазақтар жұмылдырылады. Қазақстан тарапы: 1. Қазақстандық тарап жалға алу құқығы мен жерді пайдалануға рұқсат береді. 2. Қазақстанның оңтүстігіндегі 100 мыңға жуық жұмысшы күшін солтүстікке көшіреді. Қытай тарапы: 1. Қытай Шыңжаң өлкесіне қарайтын Алтай, Тарбағатай, Іле облыстарынан 200 мың қазақты көшіреді. 2. Өндірілген өнімнің Қазақстан нарығынан артылғаны Қытайға экспортталады. 3. Осы шаруаны қаржыландыру мен техникамен қамтамассыз етуді Қытай өз мойнына алады. Бейресми ақпарат көздерінің айтатыны осы. Жарайды делік. Жалпы, бұл жүзеге асыруға болатын жоба ма? Айдос Сарым, саясаттанушы: – Өз басым бұл мәселеге күмәнмен қараймын. Қытай жағы жерді жалға алып алған соң, «қазақтар көшкісі келмейді» деп қытай ұлты өкілдерін қоныс аудартпасына кім кепіл? Бұл қытайлар тарапының бұған дейінгі «жалға жер беріңдер» деген әңгімесінің жалғасы емес пе? Менің ойымша, біріншіден, солтүстік өңірлерге өзіміздің азаматтарды көшіріп, солардың жайын жасағанымыз дұрыс сияқты. Өйткені, оңтүстік өңірде орасан еңбек күші бар. Екіншіден, шетелдегі қандастарымызды өзіміз шақырып, солтүстікке қоныстандыру керек. Үшіншіден, бұл мәселеге ұлттық қауіпсіздік пен мемлекет тұтастығының мәселесі деп қарағанымыз абзал. Яғни, біздің тұтастығымызды өзге ел шешіп береді дегенге өз басым сенбеймін. Әлемдік ақпарат құралдары Қазақстан жерін Қытайға жалға беру мәселесі 1990 жылдардың басынан бастап айтылып келе жатқанын жазады. Олар бұған біріншіден, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстан пен Қытайдың бірлесе ашқан кәсіпорындарының көбеюі себеп болды деген пікірде. Қытай тарапы жерді жалға алу жөнінде 2003 жылдары да талпыныс жасап көрді. Бірақ, 300 мың еңбек күшін талап ететін бұл жобаны Қазақстан жағы қолдаған жоқ. Тіпті, біздің билік мұндай ақпараттарды ресми түрде жоққа шығарып келді. Десе де, бұл мәселе 2009 жылдары тағы да төбе көрсетіп, әлемдік БАҚ-тарда талқыланды. Француздардың Le Monde газеті Қазақстан шекарасы маңындағы қытайлардың 1,7 млн шаруасы 267 000 гектар жерге сыймай жатқанын, 2015 жылдары 20 млн. тонна соя өндіруді жоспарлап отырғанын айта келе, түбінде олар Қазақстанның жерін жалға алу мәселесін жүзеге асыратынын жазған. Әзімбай Ғали, саясаттанушы: – Мен біріншіден «солтүстік өңірлерді Қытайға жалға беру керек» деген әңгіменің шығуын Ресейге қыр көрсету деп бағалаймын. Себебі, біздің билік әрдайым да сыртқы саясатта осындай қадамдарға барып отырады. Қазір Қазақстан Ресеймен де, Қытаймен де, шамалас сауда-саттық жасап отырған ел. Қытайдікі сәл артық. Осы жуырда «біз Қытаймен жасалатын сауданы 40 млрд долларға, Ресеймен алыс-берісті 25 млрд долларға жеткіземіз» деген секілді әңгімелер айтылды. Бұл да – қыр көрсету. Яғни, біз Қытайға бет бұрамыз деп қорқыту арқылы тепе-теңдікті сақтағымыз келеді. Екіншіден, Қытай тарапының жалға жер алғысы келетіні жайлы осы уақытқа дейін талай айтылып келді. Бұл сол мәселенің жалғасы шығар. Егер де жер игеруге қазақ ұлтының өкілдері ғана келетін болса, одан қорқуға болмайды. Қазір Қытайдың Қазақстанға қатысты саясаттын, аспан асты елінің бізге жасап отырған экономикалық ықпалын айта қалсаңыз болды, дәп бір Ресейдің идеологиясына қызмет етіп жатқандай көрінесіз. Өйткені, іргедегі Ресей Орталық Азиядағы кез-келген мемлекетті Қытайдан қауіптендіру арқылы өз бауырына тара түсекісі келеді. Сонымен қатар, Қазақстан – ақпараттық тәуелсіздікке толыққанды қол жеткізбеген ел. Содан болар, ресейлік ақпарат құралдары әрдайым біздің құлағымызға Қытай экспанциясы жайлы дақпырттарды құйып отырады. Сондықтан да, біздің мамандар Қытайға қатысты кез-келген ақпаратқа күдіктене қарайды. Бұл бір. Екіншіден, қазақ қоғамы бүгінге дейін Қытайға жалға жер беру мәселесін қолдаған емес. Осы мәселенің шет жағасы айтылған 2009 жылдары бүкіл БАҚ қарсы болды. Бір қызығы, бұқара «қандастарымыз көшіріледі екен» деген әңгіме айтыла бастаған соң, белгілі бір дәрежеде «нар тәуекелге» бара алатынын байқатты. Бұл солтүстіктегі қазақ ұлты санын артыруды кез-келген азамат қолдайтынының белгісі. Үшіншіден, Қытай елі экономика һәм көші-қон арқылы әлемді жаулап алуды жоспарлайтын мемлекет. Десе де, бұл елдің ислам елдеріне келуге құлшынып отырғаны шамалы. Өйткені, Қытай көптеген жылдар бойы ұйғыр сепаратистерімен күресіп келеді. Бұл орайда олар өздерінің шығыс аймағында қоныстанған аз ұлттардың көшіп кетуіне қарсылық танытпайды. Бірақ, оларға жағдай жасап, бүкіл техникасын беріп, әспеттеп көшіре қояды дегенге де сену қиын.
Түйін: 1954-1965 жылдар аралығында Қытайдан 47 569 отбасы көшіп келіпті. Яғни, 259 398 адам деген сөз. Қазір демографтар сол 259 мың адамның өсімі 1 миллионнан асып кеткенін айтады. Ерте ме, кеш пе, шет елдегі қазақтың осындай Ұлы көші қайталанатыны анық. Бірақ, қалай? Бұл сұрақ әрдайым да өзектілігін жоғалтпақ емес.
Автор: Қанат Бірлікұлы
"Алаш айнасы"
Оставить комментарий