Салық және кедендік әкімшілік саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы нұротандықтар назарында. Осы мақсатта партия жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері елдегі кеден бекеттерінің жұмысымен танысып жүр. Кезекті бақылап-тексеру Алматы облысындағы "Қалжат" кеден бекетінде өтті. Кеңес мүшелері мұндағы қызметтің қолжетімділігіне жақсы баға бергенімен кейбір жайттарға көңілдері толмады. Мәселен, өткізу бекетінің жұмыс жасау уақытының қысқалығы жүк тасмалдаушыларға кедергі келтірген, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Жетісу" арнасына сілтеме жасап.
Қоғамдық кеңес мүшелері көлік жүргізушілерінің өз аузынан шекарадан кіріп-шығудың машахатын сұрап білді. Олардың айтуынша құжаттық рәсімдеу бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда жеңілдетілген. Бәрі талапқа сай. Жүктерді кеденшілер көп ұстамай өткізіп отырады. Қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыруға себеп бар. "Қалжат" кеден бекетінен тауар тасмалдау көлемі жыл сайын артып келеді.
Мәселен, 2015 жылдың 8 айында 4570 жүк көлігі өткен. Ал биылғы жыл басынан бергі 8 айда бекеттен тауар тасмалдаған көліктердің саны 5971 ге жетіп отыр. Яғни, жүк тасмалдау көлемі көбейген. осы жылы күніне тауар тиеген 33 көлікті қабылдап ел аумағына кіргізіп отырдық.
Мұнан тыс бекет арқылы екі ел арасында ары-бері қатынаған жолаушылар саны да көбейген. Осы жылғы 8 айда 3 жарым мыңға жуық жеке тұлға "Қалжаттан" кіріп-шыққан. Жыл басынан кеден ережесін бұзған 53 адам анықталып, жауапкершілікке тартылды. Ал өткізу бекетінде контрабандымен күрес барынша күшейтілген. Әсіресе, автокөлік құралдарының жүк бөлігін тексеру барысында тасымалданған тауарлардың атауы, саны, салмағы және құны құжаттағымен сәйкес келмей жатады.
Ал Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев жүк тасмалдаушылар үшін алаңдайды. Қытайдан өтіп Қазақстан кеденіне келгенде мереке күндеріне тура келгендер бірнеше күн бойы екі ел шекарасының ортасында қалып қояды екен. Аптасына алты күн түскі бір сағат үзілісті қоса есептегенде , таңғы 8 ден кешкі 5 ке дейін қызмет көрсететін бекеттің жұмыс уақытын ұзарту керек дейді халық қалаулысы.
Қоғамдық кеңес мүшелері кеден бекетінің жұмысымен бастан-аяқ танысып шықты. Жүк тасмалдаушы және жолаушы бейнесіне еніп, мемлекеттік қызметтің қалай көрсетілетіндігін көрді. Шекара және кеденшілермен сұхбаттасты. Кедендік ресімдеуді жеделдету және жемқорлықты болдырмауға байланысты қолға алынған шараларға қанықты. "Нұротандықтар" шешімін табуға тиісті өзекті мәселелерді қағазға түртіп алды. Бұл мәселелер қазан айында өтетін республикалық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында талқыға салынбақ.
Оставить комментарий