Сапа сенімге сай болуы керек

/uploads/thumbnail/20170709091149588_small.jpg

Жаңартылған Үкіметтің алғашқы отырысы өтті.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинетінің жаңартылған құрамымен Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Онда жуырдағы кеңейтілген отырыста Елбасы жүктеген мәселелер талқыланып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жайы қаралды. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлықтарымен Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Көріп отырғандарыңыздай, көп кадрлық өзгерістер болған жоқ. Мұны Елбасының біздің бәрімізге көрсеткен үлкен сенімі деп қабылдауымыз керек. Сондықтан, Үкімет мүшелерінің атынан, өзімнің атымнан көрсетіп отырған қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтқым келеді, деді Б. Сағынтаев.
Үкіметтің жаңа мүшелерін таныстырып өткен Премьер-министр негізгі мәселеге көшіп, кеңейтілген отырыста Елбасы берген тапсырмаларды нақтылай түсті. Осы тапсырмалар үшін сұраныс қатаң болады. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Елбасымен бірге болатын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік сапарларды жылдың соңына дейін тоқтата тұру керек. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкімім бойынша шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарларыңызды да келісім бойынша жасайсыздар. Сіздерге Үкімет басшылығы тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныстарыңызды енгізіңіздер. Тағы бір мәселе, біз қабылдаған шешімдердің барлығы қарапайым xалыққа түсінікті әрі жеңіл болуы тиіс. Біздің кез келген шешімдеріміз жұртшылыққа дер уақытында жетіп, мақсат-міндеттер мен оларды шешудің жолдарын үнемі түсіндіріп отыру керек, деді Үкімет басшысы. 
Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – халықты баспанамен қамтамасыз етудің кешенді қадамы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне облыс әкімдерімен, мүдделі мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Аталған бағдарламаға қолданыстағы бағдарламалардағы баспанаға қатысты мәселелердің барлығы шоғырланатын болады. Бұл ретте Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыста бар жер қорына тиісті сараптама жүргізуді, ал өңір әкімдеріне бас жоспарларының өзгеруіне қатысты тиісті ұсыныстар жолдауды тапсырды. Әлеуметтік маңыздылығы жоғары бұл бағдарламаны халықпен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен тиянақты талқылау керектігі айтылды. 
Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген тағы бір тапсырмасы – ағымдағы жылғы бюджетті нақтылау. Яғни, оны жүзеге асыру үшін бюджетте тиісті қаржы шығындарының алдағы үш жылдық бюджетте қамтамасыз етілуі қадағаланады. Сондай-ақ, Үкімет АӨК бойынша жаңа міндеттерді қолға алмақ. Осы орайда, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне елдің қаншалықты инфрақұры­лымдармен қамтамасыз етілгенін анықтауды, Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Осы мәселелердің шешілуі АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының негізіне енеді. Премьер-Министр сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне көліктік инфрақұрылымдар бойынша жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатуды жүктеді.
Үкімет басшысы елдегі инфляция көлемін төмендету тапсырылғанын еске салды. Ұлттық экономика министрлігіне биыл аймақ әкімдерімен бірге бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуді және табиғи монополиялар қызметінің тарифтерін өсірмеуді тапсырамын, деді Б.Сағынтаев. Сонымен бірге, бизнесті қолдау құралдарын әрі қарай жетілдіру мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік қолдану тетіктерін енгізу бойынша тапсырмалар берді.
Үкімет отырысында бұдан әрі ағымдағы жылдың нақтыланған бюджетіне қатысты бірнеше құжат қаралды. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы бойынша ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев баяндады.
Сіздердің қарауларыңызға екі құжат енгізіліп отыр, яғни біріншісі – Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы, ал екіншісі  – «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы», деді министр.  
Ведомство мәліметіне қарағанда, әлемдік экономиканың ағымдағы жағдайын, тауар нарықтарындағы конъюнктураны және ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан экономикасы салаларының даму қорытындыларын ескере отырып, 2016 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Бұл ретте мұнайдың орташа жылдық бағасы бір барреліне 30 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейін өсті. Металл бағаларының өзгеру индексі 2015 жылдың деңгейіне 15,0%-дан 12,7%-ға дейін төмендеді. АҚШ долларының орташа жылдық есептеу бағамы бір АҚШ долларына 360 теңге деңгейінде сақталды. Ағымдағы жылғы қазан айында «Қашаған» кен орнының іске қосылуының жоспарлануына байланысты мұнай өндіру көлемі 74,0 млн. тоннадан 75,5 млн. тоннаға дейін өсті, деді Қ. Бишімбаев.
Сондай-ақ, биылдың басынан бергі экономика салаларының даму серпінін және жаңартылған сценарийлік жағдайларды ескере отырып, 2016 жылы ІЖӨ-нің өсуі бұрын мақұлданған 0,5% деңгейінде қалады. Ал номиналды ІЖӨ 44 трлн. 354,0 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр, бұл ақпан айында мақұлданған көрсеткіштен 187,5 млрд. теңгеге артық. Ал халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ-і 6,9 мың АҚШ долларын құрайды.
Үкімет отырысында 2017-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылаудың басты мақсаты – тиімді жұмыс орындарын құру, экономикалық өсімді ынталандыру. Бұл бағыт­тарға 283,4 млрд. теңге жұмсау көзделіп отыр, деді қаржы министрі. Сондай-ақ, үш не­гізгі блок бойынша бюджет шығыстарын арттыру көзделеді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп секторын қолдауға қосымша 97,3 млрд. теңге бөлу қарастырылады. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші кезеңіне қосымша 112 млрд. теңге көзделеді.  Ал көліктік инфрақұрылымды дамытуға 74 млрд. теңге бөлінетін болады,  деді Б.Сұлтанов. Ағымдағы бюджетті нақтылауға әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына да бюджеттен қосымша қаражаттар қарастырылып отыр. Бюджет жобасында осы мақсаттар үшін күш құрылымдары бағыттарына қосымша қаражат 72 млрд. теңге шамасында бөлінетін болады.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлт­тық банктің негізгі индикаторлары туралы әңгімеледі. Айтуынша, жыл соңына дейін еліміздегі инфляцияның болжанған деңгейден асып кету қаупі бар. Дегенмен, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар баға мен тариф­тердің өсіп кетуіне жол бермеу бойынша шаралар кешенін іске асырған жағдайда 2016 жылы инфляцияны бекітілген деңгейде ұстап тұруға болады. Ал Ұлттық банк өз тарапынан ақша және валюта нарықтарында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған айқын ақша-кредит саясатын жалғастыруды қамтамасыз етеді, деді Д.Ақышев.
Отырыс қорытындысында Әлеуметтік-эко­но­­ми­ка­­лық даму болжамдары мен заң жобалары мақұл­данды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Связанные Статьи