ҚАЗЫНАЛЫ ТҮБЕКТІҢ АЛТЫН БАСТАУЫ

/uploads/thumbnail/20170709091212870_small.jpg

Биыл төрткүл дүниеге аты мәшһүр қазыналы Маңғыстау түбегіндегі  Жетібай мұнай кен орнының ашылғанына 55 жыл, «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осынау қос мереке қарсаңында бұл кен орнының өткен тарихына көз жүгіртіп, ардагер азаматтардың есімдерін ел жадында тағы бір мәрте жаңғыртып, атап өткенді жөн санадық.

Қазыналы өңірге мұнай барлаушыларының табаны тұңғыш рет 1958 жылы тиді. Оған дейінгі Қызан мен Түбіжіктегі мұнай көзін іздестіру жұмыстары үмітті ақтамаған соң «Маңғыстаумұнайгазбарлау» («ММГБ»-«МНГР») тресінің Дүйсен Үсенов бастаған бұрғылау бригадасы мен сейсмикалық барлау бригадалары Оңтүстік Маңғыстауға – Жетібай жеріне қоныс аударды. Жетібай мұнай барлау экспедициясының басшылық құрамында Р.Сағындықов, есептеу-жоспарлау, жабдықтау жағында Х.Бейсеуов, А.Аяғанов, С.Қаналиев, Л.Еңсегенов, Б.Бәшенов, А.Бөлекбаева, Н.Нұржанов, М.Жолболдиндер жұмыс жасады. Иманбаев Бакыт- ММГ бас директоры

Мұнай барлау жұмысын қаржылан­дырумен Жаңбырбай Лұқпанов айналысты. Экспедиция­ның бастауыш партия комитетінің төрағасы Мұсташ Құсайынов, кәсіподақ комитетінің төр­ағасы Мантық Төлеу­ғалиев, заңгері Шамсутдинов болды.
Жетібай кен алаңындағы ең бірінші терең бұрғы жер қойнауына 1959 жылдың 24 қаңтарында  жіберілген болатын. Бірақ біржарым жыл бойы үлкен еңбекпен қазылған ұңғы 1960 жылдың 20 шілдесінде 2658 метр тереңдікте бұрғылау құбыры забойда ұсталып қалып, апатқа ұшыраған соң қазу жұмыстары тоқтатылды. Бұл жұмыстың аса ауыр болғаны сонша, әуелі Ю.Кузнецов,  Ж.Мұқатов,  К.Тарабриндер басшылық ететін бригада бұрғылап бастаған ұңғыны қазу кезінде 8 бұрғылау шебері ауысты. Дегенмен, жұмыс нәтижесіз болған жоқ. Ұңғының тереңдігі 2500 метрден асқан кезде орталық юра шөгіндісінен кернге сіңген мұнай белгісі алынды.
Екінші №2 ұңғыны Салық Рысқалиев бастаған бригада 1959 жылдың 5 тамызында қазып бастады. Бұл ұңғыны бұрғылау жұмыстары да оңай болған жоқ. Бұрғышылардың ерен еңбегінің арқасында 1960 жылдың ақпанында 1700 метр тереңдіктен тағы да мұнай сіңген керн анықталды. Бұл керн түгелге жуық мұнай болып шықты. 1960 жылы қазан айында осы ұсталып қалған бұрғылау құбыры өндірістік құбырдың орнына шегенделіп, 1905-1909 метр тереңдіктен тәулігіне 1,6 текше метрдей таза мұнай алынды. Бұл өте жоғары сапаға ие Маңғыстаудың тұңғыш мұнайы еді. Бірақ ол үлкен өндірістік мұнай болмағандықтан 1960 жылдың 8 мамырында Жетібай жерінің қойнауына үшінші терең бұрғы жіберілді. Бұр­ғылау шебері Николай Петровтың бригадасы қазған бұл №6 ұңғы да 2608 метрге жеткен кезде апатқа ұшырады. 1961 жылдың 21 маусымында қашауды ауыстырып, бұрғылау құбырын ұңғыға жіберу кезінде 2420 метр тереңдікте құбыр тағы да ұсталып қалды. «Апатқа кінәлі» деп танылған Н.Петров қызметінен босатылып,  еңбек демалысына жіберілді. Разведка бастығы Д.Үсенов пен аға инженері Х.Алдақовтың орнына Түбіжіктегі геологиялық барлау-бұрғылау алаңының бастығы Хасан Тәжиев пен аға инженер Қуан Қазиев тағайындалды.Пэй Цзяньшэн - Первый заместитель генерального директора 1
Ақыры Маңғыстау мұнайының ашылған күнін тарихта алтын әріптермен айшықтап қалдыр­ған 1961 жылдың 5 шілдесі де келіп жетті. Нақ сол күні түнгі сағат 2-ден 40 минут өткенде бұрғылау шебері Бисенғали Бәжіковтің вахтасында Х.Тәжиев, Қ.Қазиев, В.Тевяшевтар басшылық ететін Жетібай мұнай барлау алаңындағы  №6 ұңғыдан 2383-2389 метр тереңдік аралығынан қуатты мұнай бұрқағы атылды. Маңғыстау мұнайының бастау-бұлағы осы күн болды.
Жер қыртысының терең юра қабатынан үлкен қысыммен аспанға атқылаған мұнай бұрқағының күшті болғаны соншалық, биіктігі 53 метрлік бұрғылау мұнарасының краны көрінбей қалды. Фонтан үш күн бойы атқылап, 3 мың тонна мұнай шығарды. Мұншалықты қуатты мұнай бұрқағын ауыздықтау бұрғышыларға оңайға түскен жоқ. Үш күн бойы арпалысып, ұңғыдан атылған қуатты мұнай бұрқағын ауыздықтаған қаһарман бұрғышылардың қатарында Бисенғали Бәжіков, Сабырбай Шонтыбаев, Кемелхан Берікбосынов, Бідән Қалиев, Оңғар Қабжанов, Қайып Азанбаев, Шәкірт Саханов, Қалабай Қыстаубаев, Найзабек Толтырбаев, Кесікбай Науанов, Төлебек Өмірбаев, Аймағанбет Әлиев, Кесікбай Өтегенов, Сергей Левицкий, Оңай Бұқабаев, Михаил Жуковский, Нұрмахан Қанатбаев, Жосалы Қыстаубаев, Ізтұрған Сүйіндіков, Атабай Төремұратов, Ермұхан Таужанов, Дәріш Тоқжанова, Тұрмұханбет Кенебаев, Қожахмет Қалдыбаев, Иткүшік Байжанов, Рүстем Жүзбаев, Мұхтар Ералиев, Петр Трифонович Шамрай, Қантөре Қуанышбеков, Леонидас Керулис, Санатбай Масатов, Сайлаубай Смағұлов, Жәку Әлиев, Сабыр Бисенов, Төлесін Өмірбаев, Мырзабек Оңғалиев, Атыраубай Аяғанов, А.Нұрғалиев, Байжанов, Бопылов, т.б. болды. Ұңғыдан атылған мұнайдың тәуліктік өнімі 400 тоннаға дейін жетті.
  Сөйтіп, бұл қуанышты хабар дүние жүзін дүр сілкіндіріп, қиырда жатқан Маңғыстау түбегінде мұнай қорының ашылғанын және оны игеру кезеңі басталғанын бүкіл әлемге паш етті. Ел құлағын елең еткізген ерекше оқиға жөнінде Кеңестер Одағындағы бүкіл радиолар мен телеарналар сүйінші сұрап, республикалық, одақтық басылымдар ғана емес, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып жатты. Бұл күн бұдан былай Бұрғышылар күні болып белгіленді. Осынау ұлы оқиға Маңғыстау өлкесі өмірбаянының жаңа, жарқын беттерінің ашылғанының белгісі болды. Осыдан кейін аймақтың өнеркәсібін кең көлемде игеру басталды.
  Маңғыстау мұнай эпопеясының бастау-бұлағы болған Жетібай мұнай-газ конденсат кен орны ашылған соң 1965 жылдың 13 ақпанында КСРО Мемлекеттік қор комитеті Жетібай кен орнындағы мұнай қорын ресми түрде бекітті. Ол бойынша кен орнының геологиялық қоры 375 миллион 653 мың тонна деп есептелді.
  Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 11 мамырдағы №750-Р қаулысына орай шығарылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің 1966 жылғы 27 мамыр күнгі №183/П бұйрығымен «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды. Басқарма бастығы Сағидолла Нұржанов, бас инженері Сусын Қалжанов, бас геологы Бекен Әлиев болды. Сол жылдың 30 желтоқсанында Жетібай кен орнындағы үш ұңғы мұнай өндіруді бастады да, кеніш өнеркәсіптік пайдалануға берілді. 1967 жылы 1 қаңтарда Жетібай кен орнында ең бірінші болып салынған 14 ұңғыдан тұратын №8 топтық қондырғы түгел пайдалануға берілді. Бұл топтық қондырғының жұмысын Ембіден келген кәнігі мұнайшы Хайролла Әренұлы Ихсанғалиев басқарды.
  Жетібайдың мұнайын тұңғыш өндіруге тікелей атсалысқандардың қатарында операторлар Қапыш Қалиев, Ұзақбай Ғабдолов, Қожағали Тәжіғұлов, Сарбас Таласбаев, Мария Тюрина, Владимир Пылан, Люся Пылан, механик Кәрім Өтебаев, электрлі газбен пісіруші Н.Батаев, темір пісіруші Валерий Горбатов, слесарь Б.Козлов, шебер Сәлім Меңдіғазиев, т.б. болды. Осы жылы кен алаңынан 139 мың тонна мұнай өндіріліп, мемлекетке тапсырылды.
Жетібай мұнайының өндірісін ұйымдастыруға атсалысқан алғашқы буын өкілдері: бас энергетик Аймұхан Таужанов, бас механик Геннадий Иванович Пономарев, кен орнын игеру шебері Қади Өтегенов, ауысым шебері ІзғараТаласбаев, ұңғыларды игеру цехының шебері Сарадин Рақымбердиев, әуелі шебер, артынан бөлімше бастығы, кейін үлкен қоғам қайраткеріне айналған Сайын Нәдірұлы Шапағатов, бөлімше бастығы Бақытжан Қазиев, орталық инженерлік-технологиялық қызметтің бастығы Александр Захарович Юрченко, осы қызметтің аға инженері Петр Сергеевич Чеснаков, геолог Жақсылық Ұзақбаев, ұңғыларды игеру цехының бастығы Федор Григорьевич Наговицин, осы цехтың аға механигі Амантөре Сармысов, құрылыс инженері Фатима Батықова, құрылыс шебері Қуантқан Сәтімов, оператор, шебер, өндірістік-техникалық бөлімнің аға инженерлері Мұратбай Жақсығатов, Майлаш Есбергенов, ұңғыларды игеру цехының геологы Амангелді Тастығараев, геолог Қуаныш Сисенбаев, ұңғыларды игеру цехының шебері Боранбай Әлимұханбетов, шеберлер Сәтжан (Шандыбай) Өтесінов, Бөгембай Қожықов, Амангелді Өрбісінов, Ким Ақжігітұлы Көрпешов, операторлар Бәтіш Өткілбаева, Ж.Қарақонақов, т.б. еді.
1969 жылы Жетібай кен орнынан өндірілген мұнайдың көлемі 1 миллион, ал 1970 жылы 1 миллион 500 мың тоннаға жетті. Осы жылы «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының атауы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы болып өзгертілді. Басқарма бастығы болып Кеңес Дүйсенғалиұлы Жоламанов тағайындалды.
1971 жылы Жетібай кен орнынан 5 миллион тонна мұнай өндірілді. 1972 жылы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында тәулігіне 10 мың тонна мұнай өндіру асуы алынды.
Сол жылдары Жетібайда еңбек жолын бастап, кейін Қазақстан мұнай саласының дамуына үлкен үлес қосқан майталман мамандардың қатарында Нұрлан Балғымбаев, Ләззат Қиынов, Төлеген Хасанов, Ұзақбай Құтжанов, Сисенғали Өтеғалиев, Сағидолла Бижанов, Бақтыгерей Серікбаев, Жеңіс Жалғасов, Тілектес Ізтілеуов, Таңбай Алпысбаев, Қуанбай Жарылғасов, Сәлімжан Әбішев, т.б. болды. Кейін, 1980-ші жылдары өндіріске Тимур Мұстахиұлы Бимағамбетов, Алик Серікұлы Айдарбаев, Жетібай Қуанайұлы Төлеғожаев, Абат Ақмұқанұлы Нұрсейітов сияқты жас мамандардың жаңа толқыны келді. Бұлардың бәрі де кейін Қазақстан мұнай өнеркәсібінің ірі басшылары болды.
1982 жылы Жетібай кен орнынан кәсіпорын құрылғаннан бергі уақыт ішінде 40 миллионыншы тонна, ал1988 жылы 50 миллионыншы тонна мұнай өндірілді.
1990-жылдары Жетібай мұнай-газ өндірісіне жергілікті кадрлардың үшінші жаңа толқыны келіп қосылды. Олардың ішінде бірқатары бү­гінде өндіріс басшылары  деңгейіне дейін көте­рілген Т.Көшкінбаев, Ж.Тегісбаев, Н.Исабай, С.Тастығараев, Қ.Жақсығатов, Б.Жаңабай, А.Жүз­баев, С.Темірханов, т.б. бар.
«Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқарма­сы­ның алғашқы бастығы Сағидолла Нұржановтан бастап бұл басқармаға әр жылдары Александр Дергачев, Кеңес Жоламанов, Мұрат Саламатов, Дмитрий Горюнов, Әнес Бүркітбаев, Табын Оржанов, Мақсат Борамбаев, Жақсылық Жанғазиев, Оспан Еңсегенов, Максим Сабуғалиев, Хожалепес Елеусінов, Абай Куванов, Бақыт Иманбаев, Сағидолла Бижанов, Болат Сейітмағанбетов, т.б. басшылық етті. Басқарманың қазіргі бастығы – Жолдасбек Ешманов. Бұл азаматтардың ішінде өзінің айрықша қасиеттерімен дараланған Бақыт Алтайұлы Иманбаев бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры болып, алып кәсіпорынды басқарып отыр.
Еңбек майданында ерекше көзге түскен Хайролла Ихсанғалиев, Раиса Молдабаева,  Боранбай Әлимұханбетов, Баязи Қарамұрзиев, Жайман Таспаев, Балияш Елбаева, Павел Авгарович Дзагоев, Таңбай Алпысбаев, Иосиф Ермолицкий, Төлеғұс Құлшабаев, Сенбіғали Матаев, Аманқос Тайпақов, Ыбырай Құттыбаев, Қонақбай Күзекенов, Мұрат Жұмаев, Жарылғас Нұрғалиев, Бердекен Ешин, Татьяна Ткаченко, Қалымбай Өтебаев, Шолпан Жұбаниязова, Жұмахан Алагөзов сияқты еңбек озаттары кәсіпорынның даңқын шығарып, атағын аспандатты.
Жетібай мұнайын игеруде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, тер төккен мұнайшылардың қатарында кейбірі өмірінің соңына дейін, көпшілігі құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс жасаған өндіріс басшылары Ж.С.Ұзақбаев, М.Жақсығатов, Ұ.Н.Құтжанов, операторлар О.Балмұрзиев, Ж.Бай­жауынова,  С.Нұрхасанова, Т.Мекенова, Ү.Үлмәм­бетова, Қ.Сарқұлов, Т.Ботағараев, отпен пісіруші М.Б.Дәулетов, электрик А.Танауов, Б.Өткелбаева, А.Д.Захаровтардың аттары аталады. Олардың соңын ала 1970-жылдары өндіріске келген операторлар С.Қуантқанов, Қ.Омарова, Н.К.Булатова, т.б. кен орнының игерілуіне үлкен үлес қосты.
Бүгінгі таңда Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында 2200-дей адам жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан тату ұжым, білікті мамандар мен өз ісінің шеберлері, кәсіби қызметкерлер еңбек ететін басқарма ұжымы мұнай өндіру көлемін жылдан-жылға арттырып келеді.
– Реті келгенде айта кету керек, осындай даңқты кен орындары бар «Маңғыстау­мұнайгаз» акционерлік қоғамы осы өлкенің дамуы мен кемел келешегі үшін қолынан келгенін аянып қалған емес. Компания Елбасымыздың жүргізіп отырған сара саясаты Маңғыстау облысында жүйелі түрде жүзеге асуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Өткен 2015 жылы бұл бағытта қыруар игілікті істер тындырылды, – деді  бізбен әңгіме барысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев. – Атап айтқанда, Маңғыстау облысына және Ақтау қаласына әлеуметтік қолдау көрсету үшін 300 млн теңге қаржылай бөлінсе, оның ішінде облыс бойынша маңызды жоба – «Маңғыстаудың дамуына үлес: тікелей шетелдік инвестицияларды қарқындату және есеп беру арқылы қол жеткізуді жақсарту» әлеуметтік жобасына 172 млн теңге бөлінді. Жалпы, соңғы бес жылда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 8 млрд 245 млн теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап айтуымыз керек.
Компания қаражатының есебінен өңірде қан­шама мектептер мен спорт алаңдары, мәдени-әлеу­меттік нысандар, жаңа жолдар салынды, тарихи ескерткіштерді жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Акционерлік қоғам облыстың елді мекендерін қолдау мақсатында демеушілік көрсету жұмыс­тарын жыл сайын жалғастырып келеді. Атап айтқан­да, Маңғыстау және Қарақия аудандарына өткен жылы 78 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді.
Әлеуметтік жауапкершілік компанияның да­муын­дағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады. Бұл ретте біз 2015 жылы қа­зақ­стандық тауарларды, жұмыстарды және қыз­меттерді сатып алуды тиісінше 35, 70 және 90 пайыз көлемінде қамтыдық.
Кәсіпорын әрқашанда жергілікті тауар өндіру­шілердің өнімдері мен қызметін дамытуға қолдау танытып отырады. Осы мақсатта өткен жылы жер­гілікті ауыл шаруашылық өндірушілерімен 547 млн  теңге сомасындағы меморандумға қол қойдық. Осылайша компания жұмысшылары тұтынатын ет және сүт өнімдері тек қана маңғыстаулық фермерлерден сатып алынып келеді.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығы өлкедегі туризм мен спорттың дамуына да зор үлес қосып келеді. Компания «Маң­ғыстау облысының бокс федерациясы» қо­ғам­дық бірлестігіне жарыстарды өткізу және жас спорт­шылардың әртүрлі республикалық жарыс­тарға қа­тысуы үшін 60 млн теңге қаржы бөлді.
Білімді маман, білікті кадр, жалпы, адам ресурсы – компанияның басты байлығы болып табылады. Кәсіпорын басшылығы бұл гуманистік бағы­тынан ешқашанда айныған емес. Сол себепті 2015 жылға жұмысшы-қызметкерлердің балаларын оқыту үшін 53 млн 500 мың теңге қаражат бөлінді. Сонымен бірге жұмысшы-қызмет­кер­лердің де міндетті оқуын, мамандардың білік­тілігін арттыруын, ҚХР-мен өзара тәжірибе алмасу сияқты оқуларын да жіті қадағалап, арнайы қаржыландырып келеді.
Ұжымдық келісімшарт бойынша 2015 жылы «Маң­ғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жұмысшы-қыз­мет­­­­керлеріне 243 млн теңге көлемінде мате­риал­­дық көмек берілсе, соның 67 млн теңгесі зей­нет­­­керліктегі қызметкерлерге жәрдем ретінде жұм­сал­ды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көп­­теген ардагерлердің үйлеріне күрделі жөндеулер жасалды. Қоғам жұмысшыларының отбасында сә­би­лі болғандарына, төрт және одан да көп балалы отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жұмысшы-қызметкерлерге, отбасында жақын туы­­сы қайтыс болғандарға берілетін қаржылай кө­­мектері бар. Жаз мезгілінде жұмысшы-қызмет­кер­леріміздің отбасындағы 1700-ден астам бала Қа­зақ­стан мен Ресейдің жазғы сауықтыру демалыс орын­дарында демалып келді. Сонымен қатар компанияда жалақы мен тоқсандық сыйақылардың төмендеуі, қызметкерлердің қысқартылуы болған жоқ. Күрделі кезеңдегі дағдарыс қиындықтарына қа­ра­мастан, біз Ұжымдық шарт бойынша мойны­мызға алған барлық міндеттемелерді орындап ке­леміз.
Қазіргі таңда құрамында ірілі-ұсақты 14 кеніші бар Жетібай кен орнының әуел бастағы игерілетін мұнай қоры 166 413 мың тонна болса, күні бүгінге дейін соның 90 900 мың тоннасы игерілді. Бұл – 2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет. Демек, әлі де қара жердің қойнауында 75 513 мың тонна «қара алтын» қоры бар деген сөз.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжыл­дығы­ның қорытындысы бойынша өндірілуге тиісті 1 073 285 тоннаның орнына 1 089 463 тонна мұнай өндіріліп,  межеленген жоспар артығымен орындалды. Мемлекетке 1 085 729 тонна мұнай тапсырылды. Бұл көрсеткіш жоспарланған 1 068 557 тоннадан 17 172 тоннаға артық.
Қол жеткен осынау жетістіктер мен толағай табыстар – мұнайшылардың Тәуелсіз Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейлі мерекесі мен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік бірлестігінің  жарты ғасырлық торқалы тойына лайықты тартулармен келіп отырғанының айқын айғағы. Алдағы уақытта да бұл ұйымшыл ұжымның осындай ас­қаралы асуларды бағындырып, биік  белестерден көріне береріне күмән жоқ.
Сөзінің соңында Бақыт Алтайұлы барша мұ­най­­­шылар қауымын осынау қос мерекемен құт­тық­тап, дендеріне саулық, отбасыларына аман­дық, еңбек­теріне жеміс тіледі.
Біз де компания басшысына қуаныштарыңыз құтты болсын дей отырып, әрдайым жасампаз ең­бектің жарқын үлгісін көрсетіп, Тәуелсіз Қазақ елі­нің туы биік, тұғыры мықты болып, қарыштап да­муы үшін қажырлы үлестеріңізді қоса беріңіздер демекпіз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Оставить комментарий

Связанные Статьи