Бауыржан БАЙБЕК: Тіл саясаты — текетірес емес, татулық құралы болуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170709091459562_small.jpg

«Қазақстан халқы тілдерінің күніне» Алматыда ана тілді ардақтаған мереке өткізу дәс­түрге айналған. Фестивальда мемлекеттік тіл саясатын насихаттауда, Алматыдағы сан ұлт пен ұлысты мемлекет қалыптастырушы қазақ халқы­ның жанына ұйыстырып, тәуелсіз Қазақ­станның мемле­кеттік тілін меңгеруде жыл бойы атқарылған жұмыстарды қоры­тындылап, осы салада белсенділік танытқан, түрлі бәйгелердің жеңімпаздарын марапаттау өткізілді. Ана тілін ардақтаған фестивальді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтау сөзбен ашып берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz almaty-akshamy.kz сайтына сілтеме жасап.

Алып шаһардағы барлық қоғамдық ұйымдардың, түрлі әлеуметтік топтардың күшін мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізуге, ынтымақтастық рухани тұтастықты, қазақ­стандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келі­сімді қамтамасыз етуге жұмылдыруды мақсат еткен фестиваль шаһар басшысының құттықтауынан, марапат­таудан соң концерттік бағдарламамен жалғасты. Тілдерді дамыту саласы бойынша республикалық, қалалық бәйгелердің жеңімпаздары марапаттау мен гүл шоқтарын Алматы қаласы әкімінің қолынан алды. Алматылықтарды тілдер мерекесімен құттықтаған қала әкімі биылғы мерекелеу Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдығына тұспа-тұс келіп отырғанына тоқталды.

– Алматы – еліміздің Тәуелсіздігі жарияланған, мемлекетіміздің ең басты құжаттары қабылданған тарихи қала екені баршаға аян. Сондай тарихи оқиғалармен бірге, ұлтымыздың өзегі болған «Тіл туралы» Заң да осы Алматыда қабылданған еді. Таяуда ғана, Алматының 1000 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінде Алматы – Қазақстанның рухани қара шаңырағы» деп атап өтті.

Жыл сайын осы күні біз тіліміз бен діліміздің, жалпы, рухани дамуымыздың бағыт-бағдарына зер салып, жетіс­тіктеріміз бен келешек мақсаттарымызды анықтап алатын дәстүр қалыптастырды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшы­лығымен Қазақстан Республикасында біртұтас мемлекеттік тіл саясаты қалыптасты. Оның мәні ақын айтқандай «Өзге тілдің бәрін біліп, бірақ, өз тіліңді құрметтеуге» саяды. Осынша жыл ішінде тіл мәселесі Елбасымыздың назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Қасиетті Ұлытау  төрінде   берген   сұхбатында  Нұрсұлтан   Назарбаев:   «Тіл   туралы   Заңды қолданып, өзімізбен-өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек», – деді.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, бүкіл республикамыздағыдай, Алматы қаласында да қажетті жағдайдың бәрі жасалуда.

Алматы қаласындағы тілдік ахуал мәселелерін анықтау мақсатында жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері    бойынша  мемлекеттік  тілді  меңгерген қала тұрғында­ры­ның үлесі 78 пайызға жеткен. 2006 жылғы зерттеулер бойынша бұл көрсеткіш 33 пайызды ғана құраған болатын, – деп атап өтті Б.Байбек.

Шаһар басшысы бүгінгі таңда Алматыда балаларын мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшаларға беру үрдісінің белең алып отырғанын айтып өтті. Оңтүстік астанада тәрбие бастауы болған балабақшалардың көбейгенін, бизнестің әлеуметтік нысандар – балабақша, мектеп салуға бет бұрғанын деректермен келтірді.

– Тіл мәселесін балабақшадан бастау қажет деген сөзіміз нақты іс арқылы – нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда қаламыздағы мемлекеттік балабақшаларда қазақша тәрбие алатын балалардың үлес салмағы 72 пайызды құрайды. Демек, әрбір 4 сәбидің 3-еуі қазақ балабақша­сына барып, қазақ тілінде тәлім алуда. Осы 2016 жылдың басынан бері Алматы қаласында 114 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылды, оның 5-еуі мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік балабақша.

1989 жылы Алматыда 7 ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 65-ке жетті. Оған қоса 68 аралас мектеп бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламызда қазақша оқи­тын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 13 есеге артып отыр. Қазір Алматы мектептерінде 104 мыңнан аса оқушы қазақша оқиды.

Осы 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Алатау ауданындағы № 26 мектепке және Наурызбай ауданындағы № 157 мектепке әрқайсысы 900 орындық қосалқы 2 ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Медеу ауданында бұрынғы ескі мектептің орнына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкерші­лігі аясында жаңадан № 168 қазақ мектебі бой көтерді. Оны Алматының мыңжылдық мерейтойына келген Елбасы­мыздың өзі аралап көрді. Соңғы жылдары бой көтерген білім ошақта­рының барлығы да тұрғындардың сұранысына сәйкес қазақ тілінде ашылуда, – деді Алматы қаласының әкімі.

Шаһар басшысы өз сөзінде Алматы жастардың қаласы екеніне де тоқталды. Елдің әрбір үшінші студенті білім алатын Алматыда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында санаулы ғана мамандық иелеріне қазақша білім алу мүмкіндігі болса, бүгінгі Алматының 80 мыңнан астам студенті қазақша оқиды екен.

Қазіргі уақытта үш тілділік идеясы қоғамда жиі қозға­луда. Бұл мәселеге қатысты көпшіліктің көкейінде күмәнді түйіткілдер бар екені де рас. Б.Байбек бұл уақыт талабы екендігіне тоқталды.

– Мемлекеттік тілмен қоса орыс және ағылшын тілдерін игеру – Казақстанның бәсекеге қабілетті  мемлекеттер  қата­рына қосылуының  кепілі  әрі  мүмкіндігі.  Бұл мүм­кіндікті  жіберіп  алуға болмайды.

Қай  жерде  болмасын, мейлі қалада, мейлі ауылда, әрбір қазақ баласы білім мен дамудың кілті болып отырған ағылшын тілін меңгеруі тиіс. Жасыратын несі бар, егер мемлекет жаппай жағдай тудырмаса, ең алдымен, ауыл­дағы өзіміздің қаракөздеріміз ағылшын тілін үйренуде кенже қалады. Осылайша олардың бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Заманның талабы осы.

Ал, жоғарыда айтылған туған тілге жанашыр жұртшы­лықтың көкейіндегі күдік-күмәнін жақсы білетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі – үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыз­дысы бола береді. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана оты­рып, дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың санда­ған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – деген еді Қазақстан халқы Ассамблеясы сессия­сында сөйлеген сөзінде, – деп дәйекті сөзін айтты Б.Байбек.

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен бекітілсе де, заңға немқұрайлы қарайтындар жоқ емес. Сол себепті де салада шешімін күткен мәселелер жетерлік. Шаһар басшылығының тапсырмасымен барлық салада (жарнама, қызмет көрсету, т.б.) мемлекеттік тілге қатысты кемшіліктер мен қателіктерді жою қолға алынып отыр. 2015 жылы 5 мың­нан аса әртүрлі жарнама үлгілері тексеріліп, оларға тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізілген. Ал биылғы жыл басынан 3 мыңдай қате түзетілген. Осы тұрғыда «Іnstagram», «Whatsapp» әлеуметтік желілері арқылы Алма­ты тұрғындарының талап-тілектері, ұсыныстары қабыл­данып, нәтижелер шығарылып тұрады. Ғаламтор арқылы «Тіл туралы» заң талаптары сақталмаған 500-ден астам ны­сан анықталып, олармен тиісті мамандар жұмыс жасаған.

Алматы қаласының әкімі Б.Байбек мемлекеттік мәрте­бесін өз деңгейіне жеткізудегі жұмыстарды жан-жақты айтып, бұл жолда елдің татулығы мен ынтымағының орны ерекше екеніне тоқталды.

–  Елбасы атап көрсеткендей, «Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде» қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысу – барша қазақстан­дықтардың асыл парызы. Оған бүкіл қоғам, барша жұрт болып, отбасынан бастап, әр мекеме мен ұйым белсене ара­ласпаса, әркім жүрген жерінде, отырған орнында қазақша сөйлеспесе, жемісті нәтиже шығару қиын. Ал мемлекет өз тарапынан тілді дамытуға барынша жағдай жасай береді.

Алматының 1000 жылдық мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тамырлы тарихымыздың көнекөз куәсі, Тәуелсіз­дігі­міздің алтын бесігі – Алматы Ұлы Жібек жолының бойын­да Батыс пен Шығыстың алтын көпірі болған» деп атап өткен еді. Бұл біздің сүйікті қаламызға, әрбір қала тұрғынына, зиялы қауымға, жалпы алматы­лықтарға деген Елбасының ыстық ықыласы, ілтипатқа толы жүрекжарды көңілі болатын.

Ардақты ағайын, осынау игілікті істе ел тілегі мен Елбасы талабынан шыға білейік. Ана тіліміздің айбыны асқақтап, мәртебесі биіктей берсін, – деп құттықтау сөзін түйіндеді Б.Байбек.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында мемлекеттік тілдің мәртебесін асырған «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасты. Күміс көмей әнші Майра Ілиясова бастаған Елмұра Жаңабергенова, т.б. өнерпаздар, «Сазген сазы» фольклорлық ансамблі салта­натқа келгендерге ән мен күйден шашу шашты. Елімізге танымал «Орыстар» КВН тобы қазақ тілінде әдемі көрініс даярлапты. Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастырған фестивалі ел көңілінен шыққан іс-шара болды.

Керек дерек

Алматыда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі – 78 пайыз.

Қаладағы қазақша балабақшалар үлесі – 72 пайыз, әрбір 4 сәбидің 3-еуі қазақ балабақшасына барады.

Алматыда 65 – қазақ, 68 – аралас мектеп бар.

Мегаполисте 104 мыңнан аса оқушы қазақша білім алады.

Алматыда 80 мыңнан астам студент қазақ топтарында оқиды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи