БАСШЫ БІТКЕН ҚҰЛША ЖҰМСАЙТЫН МҰҒАЛІМНІҢ КҮНІ ҚҰРЫСЫН

/uploads/thumbnail/20170709093058106_small.jpg

Тоқсаныншы жылдары мектеп қабырғасын көрген ұрпақпыз. Ол кезде сынып жетекшіміз «көрнекі құралға керек» деп ақша жинаушы еді. Сыныпқа қажет ұсақ-түйек заттармен қоса «көрнекі құрал» ылғи да ата-аналардың мойнында тұратын. Соның өзінде де мұғалім «Басқа мектептерге барсаң, сынып қабырғасы жарқырап тұрады. Менің кабинетім жүдеу» деп айта беретін. «Директорымыз еден жуатын сабын, ұнтаққа дейін өз жалақысынан төлеп келді. Сендерде ұят болса ата-аналарыңа айтып төлесеңдерші» дейтін.

Құлақ етін күн сайын жей берген соң сынып жетекшісінің дөрекі даусын естімес үшін, оқушылар айтқанын әкеліп беретін.  

Ол уақытта мұғалімдер көрнекі құралды суретшілерге қолдан жасататын. Қазір ол кездегідей «көрнекі құралдар» болмаса да, орнын баннер, стэнд, слайд, т.б. атауларын тізсең, айтып таусылмайтын заманауи дүниелер қаптап кетті. Қай өңірдің мұғалімімен сөйлессең де жарысқа қатысу үшін оқушысына жоба жасатып жатқанын, көптеген қағаздарды толтырумен әуре  екендігін айтады. Қағаз бастылықты басшылар жою керек деп айтып-ақ келеді. Қағазбастылық жойылғанмен мұғалімдер электронды «қағазбастылықтан» құтыла қоймас.

Кез-келген ауылға барып, бір мұғалмнің үйіне кіріңізші. Мектепте компьютерден көз алмаған мұғалім үйінде де экран алдында тапжылмастан электронды «көрнекі құрал» жасап отырғанын көресіз.  

Дамыған мемлекеттерде мұғалімге бұндай артық жұмыстар жүктелмейді. Ұстаздың міндеті қашанда сабақ оқыту. Ал қажетті қағаз, құралдарын көмекші ассистенттер дайындап беруі керек. Бізде барлығы бір мұғалімнің мойнына жүктелген.

Ауыл мұғалімі тіптен қара өгіз есебінде. Қай аулыға барсаң да ауданнан, облыстан келгендерге шай дайындап жүрген мұғалімдер. Лауазымды тұлғалар ауыл, ауданға бара қалса, оқушылармен көшеге шығып, тазалық орнататын да мұғалімдер. Соңғы кезде жүргізілген зерттеулер мұғалімдердің жүйкесі бұрынғыға қарағанда жұқарып, ашуланшақ, тіпті ұрысқақ боп кеткенін көрсетуде. Өзіне заңдық тұрғыдан міндеттелген негізгі жұмысынан бөлек әлгіндей артық нәрселерді бір басына үйіп берген соң мұғалім шаршамағанда қайтеді?

Былтыр Алматыдағы бір қазақ мектебіне оқушылармен кездесу кешіне шақырылған едім. Мектепке кірген сәттен айғайлаған дауыс естідім. Қарасам, дәлізде мектеп директоры бір мұғалімнің жер жебіріне жетіп ұрсып жатыр. Кездесу кеші аяқталып, дәлізге шыққанда тағы да айғай-ұйғай. Директор вахта қызметкері мен күзетшіні жерден алып жерге салып жатыр. Мектептен шығуға оқталғанымда тағы да шу естілді. Бір оқушының әкесі келіп, мұғалімді балағаттап жатыр. Сол сәтте есік алдына жедел жәрдем келді: 4 сыныптың бір мұғалімі сабақ үстінде жүрек талмасына ұшырапты...

Айналдырған бір-екі сағаттың ішінде осындай шулы жағдайларға куә болған біз бұл мектептен шаршап шықтық. Жалпы байқайтынымыз қазіргі кезде мұғалімдерге де, мектеп директорларына да мүмкіндігінен тыс артық жұмыстар тапсырылады екен. Жүйкесіне артық салмақ түскен ұстаздың тоз-тозы шығатыны анық. Бүгінде үйіндегі компьютер алдында түн жарымға дейін мектептің жұмысын істеп отыратындары өте көп. Қосымша жұмыстарға жалақы қосылса жөн-ау.

Жақында бір ағайдан ауылдағы мұғалім апай туралы сұрадым. «Сен соларды мұғалім деп тұрсың ба? Қайдағы мұғалім? Көше сыпыратын қара құлдар олар» деді ол ызалана. Ашумен айтылған сөз болғанмен, ар жағында шындықтың басы қылтиятыны рас. Қысқасы бүгінгі заманда мұғалім мұғалім болудан қалып бара жатыр ма, қалай өзі?

Дана Қамшыбек 

Оставить комментарий

Связанные Статьи