Жалғыздық (Әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170709093259311_small.jpg

Құндызай үй іргесіндегі саябақта серуендеп ұзақ жүрді. Жапырақтары сарғая бастаған, суық ызғары әлі біліне қоймаған, көңілді жадыратар күзгі саябақ.Уақыттың қанша болғанынан да хабарсыз. Терең ойға берілген.

Жалғыздық. Жанын жегідей жеген жалғыздық. Өзегін өртейтін жалғыздық. Мереке-мейрамдарда телефон шалып хабарласатын құрбылары сөз арасында: «Әй, бүйтіп жүре бергенше бір бала тауып алсаңшы» дейді. Бала сүюден бас тартпайды-ау, бірақ, баласына әке  боларлық азаматты қайдан таппақ. «ЭКО деген орталық бар екен. Сонда барсаң, шарананы жасанды түрде орнатып береді»- деген-ді бір курстас құрбысы туған күнімен құттықтап, кіріп-шыққанда. «Жасандының аты жасанды ғой, дүкенге барып кәртөп, қияр сатып әкелгенмен бірдей. Сезімдер, сүйіспеншілік, адам рухы қатыспаған жерде, баланың тек тәнін ғана алуға болмаушы ма еді. Роботқа ұқсайтын, адамның сыртқы пішіні ғана бар баланы толыққанды адам деп атауға бола қояр ма екен. Әрине, бір сәбиге зар болып жүрген отбасы үшін бұл да үміттің жалғанғаны шығар. Бірақ, мен ондай қадамға бара алмаспын»- Құндызай терең күрсінді.

 Оқушы кезінде де, студент кезінде де  мерекелік концерттердің бірін құр жібермейтін,  өлең айтып, халық биінің нешеме түрін билеп бере алатындай сан түрлі өнерін көрсеткеніне қуанатын, өте көңілді еді. Сыныптас, курстас қыздар бірінен кейін бірі тұрмысқа шығып жатқанда, өзі туралы еш ойланбапты, құрбыларының жақсы жігіт тауып, шаңырақ көтергендеріне шынымен де қуанып жүретін. «Сен қандай сұлусың» дейтін кейбір жігіттер, бірақ, одан әріге аса алмайтын. Бірде бір жігіттің бұны киноға немесе би кештеріне шақырмағаны есіне түсті. Халық шаруашылығы институтында оқығанда қатарынан бес жыл бойы жатақханадағы қатарлас бөлмеде тұратын әзілқой,  сіріңке қара бала ғана бұның бет-әлпетін айтып, жүрген ортасын күлдіретін де жүретін. «Жазушылар, ақындар неге ғана ерінді шиеге теңдейді екен. Мысалы мына мен бар ғой, сенің ерніңді құлпынайға, таңқурайға, тіпті оны айтасың, қызылқатқа теңеуге бармын»- дейді бірде. Енді бірде Құндызай деген есімін ұзын-сонар талдап келіп: «Сені Қаламқас деп атау керек еді» дейді.  Бірде, сабақтан бірге қайтқанда: «Андағыдай жазық маңдаймен сауда-саттық жағында емес, саясат жағында оқу керек еді. Кірпіктеріңнің қалыңын-ай, күнде әдемілеп тарап жүр, жарай ма? Әйтпегенде, бір күні шалынысып құлап қалармын» деп, келе жатқан курстастарын күлкіге бөлегені бар еді.  «Маған жалпы жаңа піскен шелпектей не жаңа толған айдай дөңгелек жүзді қыздар ұнаушы еді. Сопақ бет, тойыс, ат жақты, қой көзді қыздың ұнап тұрғаны бірінші рет»- деп, диплом қорғардың алдында әлгі әзілкеш бала тағы күлдірген бұларды.  Салмағы жоқ, жәй ғана жеңіл әзілдер. «Сен қандай сүйкімдісің. Мінезің де ашық-жарқын. Мықты деген азаматты өрге сүйрейтін жары болуға лайықсың» дейтін еді кейбір курстастары. Болғаны сол. Мейрам кезінде де ешкім бұған гүл шоқтарын сыйлап әуреге түспепті.

Құндызай күрсінді.

Жасы отызға толғанда Құндызай  қызметі өсіп, аты дүркіреп тұрған білдей бір компанияның маркетинг және сараптама бөлімінің жетекші маманы дәрежесіне көтерілді. Мінезінде өзгеріс пайда болды. Сіркесі су көтермейтінді шығарды. Шат-шәлекейі шығып, қызметінде күніне бір мәрте ұрыс-керіс шығармаса жүре алмайтындай халге де жеткен. Маңайындағыларды да мезі етті, өзі де әбден қажып бітті. Бұның мінезіне шыдай алмай қасындағы қызметтестер жұмыстарынан шығып та кетті. Орнына жастар келіп жатыр. Сол баяғы сүреңсіз тірлік. Қанша ұрыссаң да күлімсіреп тұратын, ашуға булығып, не қасарысып, жұлына жауап беріп, бет-жүздері безере қалатындай басқаларына ұқсамайтын жас маман  Кенжегүлді түсінбей-ақ қойды. Қаншама рет жұмыстың қауырттығын сылтауратып, кешкі онға дейін ұстағаны да бар. Кенжегүл жайраңдаған қалпы. Құндызай бірде шыдамай, Кенжегүлден бұл мінезінің сырын сұрады.

- Апай, ежелгі шығыс елінің көнеден келе жатқан, ондаған мың жылдық тарихы бар жаттығуымен айналысамын. Мінезді жұмсартады, жүйкені тыныштандырады, ұйқыны қалпына келтіреді. Және, шешілмей жатқан көптеген мәселелердің жауабын табуға болады. Қаласаңыз, үйретейін. Медитация аталады. Бастапқыда қиындау тиетіні рас. Табандылық танытсаңыз, төселіп аласыз. Сонда, сізге қарай тура шауып танк келе жатса да, бүкіл бір полк келе жатса да мыңқ етпейтін боласыз, - дегені.

Құндызай ойланып қалған. Жасы қырыққа жақындап қалғанда, институтты кеше ғана бітіріп келген бойжеткеннен бірдеме үйрену ыңғайсыздау болар деп, шешім қабылдай алмай біраз күн жүрді. «Жүйкені тыныштандырады, ұйқыны қалпына келтіреді, шешілмеген мәселелердің жауабын табуға көмектеседі» дегені ұнап қалған. Соңғы кездері ұйқысының шала болып жүргені де рас. Соның бәрі жүйкенің жұқарғанынан болар. Және тағы бір нәрсе... жалғыздығының сырын білгісі келді, жауап тапқысы келді. Тұрмыс құрмаған, бала сүймеген жалғыздық емес. Жо-жоқ, жүрегінің түбінде жатқан, жанын сыздатып ауыртатын, ештеңеге бас көтертпейтін, зіл батпандай салмағы бар жалғыздық.

Бастапқыда, Кенжегүл медитация жасауды үйретіп жүргенде Құндызай қатты қиналған. Ойын бір арнаға жинақтай алмай әуре –сарсаңға түсіп, ашу кернеп, қан қысымы көтеріліп те кететін-ді. Ойлары жинақталмақ түгіл, бұны мазақ етіп, үзілген моншақтай бет-бетіне бытырай қашып, безе жөнелетін. Екі ай өтті-ау деген шамада қолынан бірдеңе келетінін сезді. Содан бері де үш жылдай уақыт өткен.

Қазір Құндызай медитация жасауға төселіп алды. Таңғы алтыда тұрып, жұмысқа шығар алдында бір сағаттай медитация жасайды. Шынымен де мінезі жұмсарып, жүйкесі тынышталып-ақ қалған. Сол медитацияның арқасында өзі қызмет ететін бөлімнің басшылығына дейін көтерілді. Кенжегүлді жастығына қарамай, жоғары жаққа айтып, жетекші маман дәрежесіне ұсынып еді, ұсынысы бірден қабылданды. Күнде кешкілік жұмыс аяғында барлық бөлім басшыларын өз кабинетінде жинап алып, «қуырмаш» ұйымдастыратын бас директордың мінезіне де үйреніп алған. Күліп отыра береді.

Бұрындары он бес минутке әрең шыдайтын Құндызай, қазір екі сағат та, үш сағат та медитация жасай алады. Жұмыс бабында шешілмей жатқан көптеген мәселелердің жауабын да теп-тез тауып алады. Қызметтестерінің, басшыларының құрметіне ие. Бірақ... бірақ... жалғыз ғана сұраққа жауап табуға имене берді. Ол- жалғыздығының сырын білу. Қатарластардың бәрі дерлік үйлі-баранды. Кейбіреулері екінші қайтара тұрмысқа шығып үлгерген. Енді бірінің немерелері де бар. Бұл болса әлі жалғыз. Туыстары, әке-шешесі бар ғой әрине. Бірақ, қыз бала болып, болашақ ана болып  жаратылғасын, әлемді іңгәлеген үнге толтырып,  әлдилеу үшін, әлемді ғажайып сұлулыққа бөлеп, өмірдің сүйіспеншілікке толы өмір екендігін, әлемнің сүйіспеншілікке, нәзік те сазды үнге толы әлем екендігін паш ету үшін келген еді ғой мынау өмірге.  Өмірді жалғастырушы да, өмірді ұлы ететін ана болу үшін келіп еді ғой. Қалайша жалғыз қалды. Мен сияқты жалғыздықтан шаршап жүрген, шаштары ағарған қыздар қаншама. Соның бәріне тек қана үлкен қалалар кінәлі ме. Әлде, басқа да себептері бар ма? Солай-ау шамасы. Бәрін, адамдар шоғырланған үлкен қалаларға жаба салу ең оңай амал. Бірақ, барлығы соншалықты оп-оңай болса, бет-жүздеріне әжім түскен қыздар қаншама ауыл жақта. Демек, мәселенің түп төркіні тым әріде жатқаны ғой. Бірақ, қайда? Қайдан іздесем болады? Әбден қажытты-ау мынау жалғыздық. Қызметім де бар, тұрмысым да жақсы, бірақ, бір нәрсе жетіспей тұрады. Психологтар тәрізді, жәй ғана сараптаумен бұл мәселені шешу оңайға түспес...

 

 Кезекті демалысын алып, бір аптадай іштей жинақталып жүрді. Дайын болдым-ау деген кезде үйдегі телефон біткенді сөндіріп, медитация жасауға отырды. Жақында ғана сатып алған ақ түсті диванға шығып, арқасын диванның арқалығына тіреді. Бүкіл денесін бос ұстап, тіктеніп отырды, аяқтарын малдас құрғандай жинап алды. Көздерін жұмып, терең тыныстады. Бүкіл назарын тыныс алуына бағыттап, тыныс алуы білінбей, денесін де сезінуден қалғанда, бар ойын жинақтап, жүрек соғысына бағыттады. Он минуттай жүрек соғысын бақылап, қалпына келтірді. Жүрегі де Құндызайды тыңдағандай атша туламай, әлсін-әлсін бүлкілдегендей. Енді бастауға болады. Құндызай бар ойын бір арнаға шоғырландыруға көшті. Ойы таңғы күн шапағын елден бұрын қарсы алатын көл бетіндей тып-тыныш, тұп-тұнық. Бейсауыт жүрген бірде-бір ой жоқ. Осы тыныштыққа, осы тұңғиыққа сүйсініп, біраз отырды. Енді өзін мазалаған сұрағына жауап іздеп, медитацияның негізгі бөлігіне көшті.  Бірте-бірте бүгінгі күннен бастап, кинолентаны кері айналдырғандай, өмір жолына шегініс жасай берді. Міне, бөлім басшылығына тағайындалған сәті. Ойын әрмен қарай сырғытты, қызметтестерімен сыйыспайтын кезіне жетті. Өзін соншалықты сүйкімсіз сезінді де, көп тоқтамай әрі қарай жылжыды. Құндызай ойша сырғып отырып, студент кезіне де жетті. Көңілді шағы, бақытты шағы. Әлде, бақыттымын деп ойлаған шағы ма екен.  Бірақ, жалғыздығының жауабы әріректе, тереңіректе екенін сезеді. Ойы жетектегеннен жетектеп бұны оқушы кезіне алып келді. Әке-шешесі қанша жақсы көргенімен, оңашалануды қалай беретінін, жалғыздық сезімінің анда-санда сыр беріп қоятынын сезді. Иә, оқушы кезінде де бұны түсінетін ет –жақын құрбысы болмаған екен. Әке-шешесінен, сыныптастарынан бөлектеніп, кітап оқуға құмар кезі. Қашанда терең ойға батып, өзімен-өзі жүрген екен ғой. Ойы сырғығаннан сырғып, сәби кезіне жеткізді. Құндызайдың екі жастағы кезі. Күңгірттеу бөлмедегі дастархан басында жалғыз отыр. Алдында суып қалған кәртөп. Маңайда ешкім көрінбейді. Құндызайдың жылағысы келетін сияқты. Бірақ, әлдекімнен жасқанып, жылауға да қорқады. Есік ашылып, үстіне көнетоз бірдемелерді іліп алған, қушиған бір кемпір кірді. Ертегілерде айтылатын мыстан кемпір дерсің. «Мамам қайда? Мені неге мұнда тастап кеткен?» Құндызай ойша сырғып, мамасын іздеді. Жұмыста екен. Қандай жап-жас. Өзінің қазіргі кезінен жас. Әлгі, мыстанға ұқсайтын кемпір, көрші екен. Балаға қарайтын ешкім болмағасын, сол кемпірге табыстап кететін көрінеді. Екі жаста, бірақ, жегідей жейтін жалғыздық сезімі мықтап ұялап алған екен жанына. Басты себеп түп тереңде жатыр. Құндызай бұны бүкіл жан-жүрегімен сезінді. Қаншалықты тереңде жатқанын, қай жерден бастау алатынын білгісі келді. Ойын жетектеп әрі қарай жылжыды. Міне, міне жауабы...

 Құндызайдың жүрек соғысы жиілеп, тынысы тарылып кетті. Терең тыныстап біраз отырды. Жүрек соғысын қалпына келтіріп  медитациясын жалғастырды.

 ... Перзентхана. Мамасы бұны босану үшін кешкісін түскен. Толғағы теріс келіп, қиналып жатыр. Құндызай анасын аяп кетті. Дәрігерлер сәбиді Кесер тілігімен алуды ұйғаруда. Бір кезде анасының есінен танып бара жатқанын, бір қауіптің жақындап қалғанын бүкіл болмысымен сезінді. Анасының құрсағынан шыға қоймаған сәби Құндызай селк ете қалды. Әлеуетті қолдар анасының қарнын жарып, бұны алып шықты. Жып-жылы, жанға жайлы жағымды, қамқор болар, мейірімге толы, бүкіл бір әлемді сыйғызарлық, жүрегіңді сүйіспеншілікке толтырар әуезді де тыныш, тоғыз ай бойына қорғаны да, отаны болған анасының құрсағынан жұлқылап алып шықты жат та, дөрекі қолдар. Сәби Құндызайдың бойын үрей биледі. Анасынан, бұл әлемдегі ең жақынынан айырып бара жатқанын, Ғаламның әміршісі болуға жаратылған адам-сәбидің мынау әлеуетті қолдарға қарсы ештеңе істей алмайтынын, анасына көмектесу үшін еш нәрсе де жасай алмайтын бейшаралығын сезіп, жүрегі қан жылап қоя берді. Сәбидің шар еткен дауысына дәрігерлер мәз болуда. Дәрігерлер сәбидің жан қиналысында шаруалары жоқ, өздерінің әңгімелеріне беріліп, әлденені айтып күледі. Бойын, салмағын өлшеді біреу. Адамның өмірге келуінде дәл сол көрсеткіштер маңыздыдай. «Қандай жауыздық, қандай қорқыныш, қандай жиреніш. Әлі өмір есігін аша қоймаған сәбидің жүрегіне, өн-бойына қорқыныш, айналасына деген сенімсіздік, әлсіздік, жалғыздық сезімдерін ұялату үшін, анасын түсінбестей етіп, алшақтату үшін әдейі істелген амалдар болғаны ғой. Кімдер екен бұны ойлап тапқан? Адамның, Құдай жаратқан адамның ойына бұндай жауыздық келмес еді. Адамзатқа қарсы қандай да бір күштердің ойлап тапқандары да. Әрине, бөбегін өмірге әкеле алмай қиналып жатқан анаға көмектесу керек. Бірақ... бірақ... болашақ ананы сондай қиналыста босанатындай халге жеткізетін не? Болашақта ана болатын жас қыздардың денсаулығын қадағалап, болашақта тұрмыс құрып, ана болғанда, қиналыста емес, ұлы қуанышта, шат сезіммен бөбегін өмірге әкелетіндей жағдай жасау қоғамның ең бірінші мақсаттағы, ең үлкен, ең басты парызы емес пе. Әлде... әлде қай заманда да, қай қоғамда да әйел-анаға деген құрмет әлемдегі құндылықтардың ең соңына қалып қойды ма екен? Болды ма екен сол құрмет? Болса қайда, қай жартас түбінде, қай тасада, қай заманның өтінде қалып қойды? Байлығына мастанып, әкесіндей болатын әңгүдіктер біреудің мәпелеп отырған жас қызын сүйрелеп, өзіне жар еткенде болашақ ананы жер еткендері емей немене? Өзіне күштеп қосқан еріне жеккөрініш сезімімен қарайтын анадан қандай сезімдегі сәби өмірге келмек? Кедейшілігін сылтау етіп, жылатып-еңіретіп қыздарын көк етіктінің біріне ертіп жіберетін әке-шешесі неден айырылғандарын, нені жоғалтқандарын сезер ме екен? Ажарлы да ақылды бола тұра, кейдейліктің қамыты аяқ аштырмай, жамау-жыртық тіршіліктері ұқсас болғасын ғана адыраңдаған, ақылы кем біреумен қосылған бойжеткен қандай ғана сезімде ұйқыға бас қоймақ? Қамығудан, ашу мен торығудан бойға біткен баладан болашақта қандай адам шықпақ? Дәрежелері, мансаптары немесе байлықтары теңескесін ғана құдаласқан шіркіндер қыздарының жан-жүрегінде не болып жатқанын бір сәтке болса да ойланды ма екен? Тағдырын өзгерте алмайтынын, басқа салса баспақшыл деп, жүрегі қан жылай жүріп, шыдас беріп, көнбіс  тіршілік кешіп жүргенде бойына біткен баласы сезінбейді дей ме екен анасының қиналысын, анасының әлсіздігін, анасының қауқарсыздығын, анасының көз жасын, анасының жан жарасын, анасының жүрегінің тілім-тілім болғанын? Жәй ғана құмарлықпен қосылған жұптың өмірге келген баласы әкесі мен шешесінен нені мұраға алмақ? Қандай қатыгез қоғам, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінбейтін не қылған тас жүрек, сезімнен жұрдай безбүйрек қоғам. Әйел затын, болашақ аналарды кемсіткенде, олардың  намысын таптап, жер еткенде, мөлдіреп тұрған көздерден, нәзік те сүйіспеншілікке тұнып тұру үшін жаратылған жүректерден аққан ащы жастарын малшына кешіп жүргенде не бақытқа қол жеткіземіз деп ойлайды екен көрсоқыр қоғам? Ата-баба салты солай деп, жауапсыздықтарын, надандықтарын әрмен қарай, тарихтың тереңіне итере салып, солай қарай бас шұлғи салу ең оңайы, ең қарабайыры. Және, ең сорақысы.  Иә, әйел-аналары бақытсыз қоғамның өзі де бақытсыз екенін ешкімнің ұқпағаны ма, ешкімнің санасына кіріп-шықпағаны ма. Бақытсыз анадан бақытты ұрпақ қалай келмек? Жылап жүрген анадан қалайша күлімдеген ұрпақ келмек? Жаны ауыратын, жүрегінен сорғалаған жасы аққан анадан толыққанды ұрпақ келуі мүмкін бе? Ашкөздік, ұрда-жық дойырлық, дарақылық пен зерденің соқырлығы, рухани жұтаңдық пен ұсақтық қайдан келіп жатқанын бір сәтке болса да ойлай ма екен бұл қоғам? Қайран ұрпақ. Әкелердің арсыздығынан өмірге арсыз болып келген қайран ұрпақ. Әкелердің жетесіздігінен жетесіз болып келген қайран ұрпақ. Әкелердің рухани әлсіздігінен бойларын әлсіздік жайлаған қайран ұрпақ. Өн-бойын қараулықтың қара құрты тескен әкелерден жомарт ұрпақ қайдан келе қойсын. Өзімшіл әкелерден салиқалы ұрпақтың келе қоюы да екіталай. Қара күштеріне малданып, болашақ аналарын төпештеп, намысына тиіп жұдырықтап, сабалап, тепкінің астына алып, дені сау ұрпақ сұрайтын жарымес әкелер өмірге қандай ұрпақ әкелетінін бір күнге болса да, бір сәтке болса да ойланып көрді ме екен? Есерсоқ, әумесер ұрпақ қайдан келді деп налитынымыз қалай, әйел-аналарды құрметтеуді, сыйлауды білмеген қоғам кінәлі ме бұған, әлде, сол қоғамды құрайтын әкелердің кінәсі басым ба? Жат жерге, ұнатпайтын адамына ұзатылып бара жатқан болашақ ананың, қыздарының сыңсып жылағанын маса шаққан құрлы көрмейтін, көкірегін қара таспен тарс бекітіп алған тас керең әкелер кінәлі  ме? Ақыл-парасаты мен ажар-көркі үйлескен ұрпақ әкелетін болашақ жарын ат арытып, тон тоздырып, айлап-жылдап іздеп, жол азабын тартып жүріп жолықтыратындар әкелер де баршылық. Дегенмен, олардың қатары сирек-ау, тым сирек. Саусақпен санарлық қана. Қалай болғанда да, ұрпақ тәрбиелеуді сәби дүние есігін ашқан күннен бастап емес, тіпті сәби бойға біткен күннен де бастап емес, тым әріден, соған жеткізетін отау құруды ойлаған сәттен бастағанымыз жөн емес пе. Ұрпақ әкелер екеудің ойы бір арнаға түйісіп, сезімдері бір иірімге шоғырланып, сүйіспеншіліктері болашақ ұрпақтарына бағытталғанда, ұрпақ жалғастыруға іштей дайындықтарының толып-жетілгендігін сезгенде ғана  отау құрғанда сана-сезімі, руханилығы  толысқан, өмірдің қуанышын, әлемнің сұлулығын, ғаламның күш берер қуаттылығын  бүкіл жанымен, жүрегімен толықтай сезінген, әкесі мен анасының сүйіспеншілігіне шомылған, кейінгі ғұмырын да бақытты етіп өткізер парасатты да зердесі қалыптасқан, ата-анасын шынайы  бақытқа бөлей алатын сәби бітеді ғой бойға».

Құндызай тереңірек тыныстап, ойын перзентханадағы бұдан арғы көріністерге қарай бағыттады. 

...Міне, төбесі әппақ бөлме. Сәби Құндызай төбеге қарап жатыр. Қол-аяғын қимылдатқысы келді, жаңа ғана өзі есігін ашқан өмірді сезінгісі келді, саналап-зерделегісі келді, бірақ, неге екені бұны мықтап таңып тастапты. Анасын іздеді. Анасының иісін аңсады. Өмір берер, күш берер анасының жып-жылы сүтін аңсады. Ұйықтап кетіпті. Біреулердің оятқанынан оянды, жылымшы сұйықтық берді бұған. Анасының сүті емес. Жәй, тәнге берілген қорек. Күніне неше мәрте береді бұған сол бір жиіркенішті сұйықтықты. Әрине, дәмі тәп-тәтті. Бірақ, анасының иісіне жетпейді. Қанша уақыт өткені белгісіз, сәби Құндызайды анасына алып келді-ау. Анасының шаршаңқы жүзін көріп, сәби Құндызай шошып кетті, анасын аяп кетті. Жанына, жүрегіне нәр берер ана сүтіне қанғысы келді. Бірақ, анасы емізбеді. Жәй ғана күлімсіреп қарап отыр бұған. Біраздан кейін нәрестесінің тілегін түсіне қойғандай, сәбиін емізіп болған, қарсы кереуетте отырған, шаштарын әдемілеп тараған, жасы біраздарға келіп қалған ананың қолына ұстата берді. Анасының иісін, ана сүтін аңсаған сәби Құндызай қомағайлана бас салды. Маңдайынан шып-шып тер де шығып кетті. Басқа ананың сүті таңдайына тиісімен, сәби Құндызай басын жұлып алды. Өмір берер, қуат берер, жігерлендірер, үміт берер тәп-тәтті ана сүті. Бірақ... бірақ... бұл апаның сүті өз бөпесіне арналған, бұған емес. Бөтен сүт. Сол апаның бүкіл мейірімі, елжіреп иігені бұған емес, өз бөпесіне арналғанын сезді сәби Құндызай. Жалғыздықты тағы сезінді. Анасынан жұлып алған да жат қолдар еді. Сүт те бөтен. Өмірге әкелген қолдар да, ана сүті де бұған арналмаған. Бұны бәрі де бөтенсиді. Анасында бұған, өмірге соншалықты асыққан сәбиіне арналған сүтінің болмағаны қалай? Яғни, бұның, сәби Құндызайдың ешкімге керегі болмағаны ма, өмір де бұны бөтенсігені ме? Ештеңені өзгертер қабілетінің болмағаны ма? Сәби Құндызай іштей налып қоя берді. Осы бір таңғажайып өмірге келуге асығып еді ғой. Анасын бақытты етуге, өмірді бақытты етуге асығып еді ғой. Не болғаны. Ешкімге керегінің болмағаны ма? Сәби Құндызайдың, кіп-кішкентай нәрестенің жаны ауырып, жүрегі сыздай жөнелді. Алып ғаламда, мынадай ғажайып үлкен өмірде жападан-жалғыз екенін сезінгенде, тұла бойы түршігіп қоя берді.

Міне... міне... жалғыздықтың түп тамырының қайдан шыққаны - Құндызай көзін ашты. Медитациясын аяқтады. Қол-аяқтары ұйып қалған екен. Аяқтарын уқалап біраз отырды. Аздап шаршағанын сезді. Қабырғада ілінген сағатқа қарады. Бес сағаттай өтіпті. Бұрындары әрі кеткенде үш сағаттай жасайтын еді. Құндызай ас бөлмеге кіріп, тоңазытқышқа қойған алма шырынын алып шықты. Кесені тотыра құйып, сіміріп салды. Түсініксіз бір толқу пайда болған бойында. Қол-аяғының аздап дірілдеп тұрғанын байқады. Жүрек тұсы да аздап шаншып тұрғандай. Жаңағы көргендерінен әлі де айыға алар емес. Үй іргесіндегі саябаққа барып, қас қарайғанда бірақ келді үйіне.

Екі-үш күндей ойланып жүріп, газет редакциясына бас сұқты. Апта сайын шығатын, елдің түкпір-түкпірінен табылатын, таралымы жоғары газет. Төмендегі мәтінде хабарлама жазды: «Бала жанын түсінетін, әйел жанын сезе білетін, зиянды әдеттерден аулақ, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті жақсы ұғынған, сәби сүйгісі келетін салмақты ер-азаматпен танысамын. Жасым 42-де, жас көрінемін. Өз денсаулығым мықты. Сүйіспеншілігіме бөлеуге, қажет болса, некеге тұруға әзірмін». Хабарламасын бір айға беруге оқталып тұрып, «менің жанымды түсінетін азамат іс-сапарда болып, не қауырт шаруаларымен айналысам деп, газет қолына тимей қалып жүрер» деген оймен, екінші айдың да ақысын төлеп кетті.

Хабарламаның шыққанына да жарты жылдай болған. Ешкім хабарласпады. Уақытша көңіл көтеруді, жеңіл жүрісті қалайтын, жасы бар, жасамысы бар жеңілтек біреулер ғана хабарласуда телефонына маза бермей. Ер-азаматтардың барлығы дерлік арсызданып кеткені ме? Әлде, бүкіл қоғам болып арсызданып кеттік пе? Соншалықты көп болар ма өздері. Міне, тағы біреусі... Құндызай күйініп кетті. Мұндай қорланбас. Телефонын қабырғаға қарай бар пәрменімен лақтырып жіберді. Тамағына тығылған түйіндер, өксік болып шығып жатыр. Еденде төселген қоңырқай гүлді сұрғылт кілемге қалай құлап қалғанын да байқамады. Жоқтап отыр. Иығына төгіліп, әншейінде өзіне жарасып тұратын қызғылт түске боялған шаштары  қобырап кеткен. Жастығы, жоғалған бақыты, таба алмаған сүйіспеншілігі, жолықтырмаған махаббаты, анасына көрсете алмаған мейірімі, әкесіне сездіре алмаған сағынышы – бәрі-бәрі көкірегінен назалы үн болып шығып жатыр.  Екі иығы селкілдеп, өзін-өзі тоқтата алар емес. Барған сайын дауысы үдей түсуде. Жүрегін қайдағы бір алып күш жұлмалап, жұлқа тартып жатқандай, қинала, үздіге жылайды. Өксіп жатып, кілемде жатқан күйі талықсып, ұйықтап кетті.

Содан бері де бір аптадай уақыт өтті. Құндызай үй іргесіндегі саябақта ұзақ жүрді. «Әке болғысы келген, сәби сүйгісі келген бірде-бір азаматтың болмағаны ма? Неден үрікті екен? Бала жанын сезетін, әйел жанын түсіне білетін» дегенім қорқытты ма? Әлде: «Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті жақсы ұғынған, сәби сүйгісі келетін салмақты ер-азамат» дегенім шектен тыс қойылған талап болғаны ма? Бәлкім, бұкіл қоғам болып құмарлықтың дертіне шалдығып қалдық па? Кім білсін...

Құндызай енді байқады, жас бала ерткен, бірі сәбилерін қолдарына алған, қызғылт түсті, көгілдір түсті  арбаларды тербетіп отырған келіншектерді, әжелерді. Тізесін бүгіп, жақын тұрған орындықтың біріне отырды. Сәбилердің қылықтарын қызықтап, қасында отырған бір апайды сөзге тартты. Күтуші екен. Әңгіме барысында бұларға бала ерткен тағы бір ана қосылды. Ол да бала күтушісі болып шықты. Құндызай оларға амандық тілеп, саябақты асықпай аралады. Бала ерткен, бала жетектеген аналарды бірінен кейін бірін сөзге тартып, сыр алысты.  Бәрі де алдыңғыдай, бала күтушілері екен. Тек, киім киісінен ауылдан жақында келгенін жазбай тануға болатын, жасы біраздарға келіп қалған әжей ғана өз немересін серуендетуге шығыпты. «Келін жұмысқа шығатын болғасын ел жақтан келіп едім» -дейді әжей.  Өңі жап-жас, мектеп оқушысына ұқсайтын талдырмаш келіншек: «Балам өзімдікі. Енем жұмыста, қолы тимейді. Студентпін, сабақтан кейін, бір-екі сағаттай баламен сереуендеуге уақытым болады, жәй кездерде мамам бағып беруде» дегені мақтанышпен.

«Қайран сәбилер. Қайран аналар. Аналарын ақша табудың, күнкөрістің күйбең тірлігіне салып,  сәбилерін бөтен біреулердің тәрбиесіне беруге мәжбүрлейтін жат бауыр, жаны ашымас, жалмауызға айналған тас маңдай  қоғам-ай!»- Құндызайдың көзінен бір тамшы жас сырғып түсті. Әлде, жүрегінен бе...

Күздің жылы да жағымды иісі Құндызайдың жұлым-жұлым болған жан сарайын емдегісі келгендей, әлсіз ғана қытықтайды. Көкірегін қысып тұрған сары уайымын сезіп, жан жарасын біраз болса да жеңілдеткісі келгендей сарыала жапырақтар ұшып келіп оның шашына, киіміне қонып жатыр. Сыбдыр қағып, аяғының астында ұйлығысып, әр басқан қадамымен көңілді әндетеді.  Саябақтағы ағаштар біткен келісіп алғандай бұтақтарын сыбдырлатып, сарыала жапырақтарын жаудырып, Құндызайға арнап, жанды жібітер күзгі әуенді ойнауда...

Бақыт Байтыбаева

Оставить комментарий

Связанные Статьи