ЖАҢА МИНИСТРЛІК ҚОРҒАНЫС САЛАСЫН ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ТАЗАРТА АЛА МА?

/uploads/thumbnail/20170709101354546_small.jpg

Кеше Президент Жарлығымен қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Қазақ тіліндегі атауына қарап бұрынғы қорғаныс министрлігі таратылыпты деп түсініп жатқандар да бар. Жаңа министрлікке бұрын қорғаныс министрлігінің құзырында болып келген қорғаныс өнеркәсібі, яғни, қару-жарақ, оқ-дәрі шығару, әскери техникаларды құрастыру мәселелері берілсе, 2014 жылғы Үкіметтегі құрылымдық өзгерістерден соң ми қойыртпақ болып кеткен «МИР» - Инвестициялар және даму министрлігінен ғарыш қызметі саласындағы өкілеттіктер берілді. Олардан бөлек, Ұлттық экономика, ақпарат және коммуникация министрліктерінің, Үкімет кеңсесінің қарамағындағы да біраз қызметтер жаңа министрлікке өтеді.

Енді президенттің жаңа министрлік құруына не себеп болды деген сұрақ төңірегінде ойлансақ. Алдымен мемлекет қауіпсіздігінің кепілі, қуатты армияның сенімді тылы саналатын қорғаныс өнеркәсібінен бастайық. Осы уақытқа дейін қорғаныс министрлігінде әшкереленген жемқорлық қылмыстардың дені осы қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника сатып алу, жөндету жұмыстарының айналасында орын алды. Атақты Әсенов ісін, оның алдындағы Израильде құрастырылды делінген зеңбірек-зымырандарды еске алыңыз. Тамыз айында қолға түскен министрліктің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасының шенділері де біраз қитұрқылықтың басын қайырған сияқты.

Демек, қорғаныс өнеркәсібіне осынша маңыз беріп, бұл саланы реттеуші органды министрлік деңгейіне көтерудегі басты мақсат та осы жемқорлыққа жол беретін тетіктерді жойып, әскерді керекті қару-жарақпен қамтамасыз етудің жаңа жүйесін құру болса керек. Одан бөлек, соңғы жылдары әскери көліктер құрастыру, әскери техникаларды жөндеумен айналысатын кәсіпорындар, тіпті патрон зауытына дейін ашылып жатқанын ескерсек, бұл бағытта ұйымдастыру тұрғысынан да қыруар жұмыс күтіп тұр.

Ал, аэроғарыш саласына келсек, әлемге танымал «Байқоңырдай» ғарыш айлағымыз бола тұра, ғарышта қарыштап дамып кеттік дей алмаймыз. Осы күнге дейін аэроғарыш саласының бірде агенттік, бірде комитет болып, дербес басқару органының құрылмай келуі де соның айғағы. Ғарыш кеңістігіне жіберілгеннен соң хабарсыз кеткен «Қазсат-1» жобасынан кейін-ақ бұл салаға тиісті көңіл бөлінуі керек еді. Әзірге, ғарышта да, жерде де ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ сияқты («ОтауТВ» жүйесін айтпаса). Жаңа министрлікті құрудағы тағы бір себеп Инвестициялар және даму министрлігінің жұмыс жүктемесін азайту болса керек. 2014 жылы министрліктер мен түрлі агенттіктер біріктіріліп, Үкімет «ықшамдалғанда» бұл министрлік құрамына бірнеше салалық комитеттер, тіпті, төтенше жағдайлар министрлігінде болған қызметтерге дейін кіріп кеткен болатын. Міне, жаңа да «жас» министр Жеңіс Қасымбекті басы артық шаруадан арашалап, басты назарын тікелей міндеті инвестиция тарту мен даму жобаларын жүзеге асыруға бағыттау көзделген сияқты немесе министрдің өзі президенттің жанында жүрген жақыны арқылы Елбасыға осындай ұсыныс енгізіп жіберуі де мүмкін.

Жаңа министрліктің тізгіні әзірге кімге тапсырылатыны белгісіз. Әдетте президент жаңа министрлік құрғанда оның басшысы кім болғаны да хабарланып жататын. Министр портфелін кім ұстаса да өкпелейтін орын емес. Екі үлкен саланы басқарады, мемлекттен бөлінетін қаржы да аз емес. Ебін тапса, бір-бірін аяусыз қырып жатқан араб елдері бар, антитеррористік операциялар біріктірген түрлі коалициялар бар, халықаралық заңнама аясында қару сатып та күнелтуге болады дегендей. Инвестициялар және даму минисрлігі құрамындағы өнеркәсіп, аэроғарыш саласын бірінші вице-министр Альберт Рау басқарып келген. Бәлкім жаңа құрылған өнеркәсіп министрлігін өрге сүйреуді елбасы Рауға тапсырар, бәлкім қорғаныс министрлігінен біреу келер. Оны жақында білетін боламыз.

Дархан Мұқантегі  

Оставить комментарий

Связанные Статьи