САҒЫНТАЕВТЫ ҚАНДАЙ СЫНАҚ КҮТІП ТҰР?

/uploads/thumbnail/20170709102530763_small.jpg

Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет басшылығына тағайындалғанына ертең тура бір ай толады. Президент жарлығымен екі вице-премьер де жаңартылған еді. Жаңадан екі министрлік құрылды. Олардың да басшылары тағайындалды.

Тәуелсіз Қазақстанның министрлер кабинетін басқаруға тағайындалған тоғызыншы тұлға ел экономикасының қиын жағдайында қызметке кіріскенін барлығы айтып жүр. Ғаламдық нарықтағы ахуалға қарай отандық экономиканың алдағы уақытта да қиындықсыз болатынына кепіл жоқ. Соған қарамастан, Сағынтаев кабинеті экономиканы жандандырудың кешенді жоспарын, болжам, бағдарламасын әзірлеп, ел алдында, Елбасы алдында жария түрде өздеріне нақты міндеттеме алды деп тағы айта алмаймыз. Жаңа премьердің келуімен Үкімет отырысының әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден көрсетілуін ашықтық пен жариялылыққа бағытталған бір шара деп қабылдауға болар. Алайда, алдыңғы премьердің де біршама пиарқұмарлықтан ада болмағанын білеміз. Ол кісі де мұндай мүмкіндікті қалт жібермес еді. Бірақ, оған әрбір сөзінің ел құлағына жетіп, үкіметтегі әр жиынның интернетке тікелей тарауы керек болмады. БАҚ-қа екшелген, сүзгіден өткен ақпараттар ғана жолданып отырлы. Демек, Үкіметтің бүгінгі жиындарының тікелей эфирден тарауы жаңа премьердің тапқырлығы емес, оның саяси салмағының аздығы, элиталық топтар тарапынан қорғалмағаны деген дұрыс болар. Сағынтаевтың әр сөзін экраннан күнде бақылап отырған халықтың ендігі сыны алдыңғы премьерлерге айтылғаннан да көп болуы мүмкін.

Сонымен, Үкімет жұмысының нәтижелі болуы үшін не керек? Негізгі лауазымды тұлғаларды, министрлер кабинетінің жұмыс бағдарын президент бекітіп беретін біздің Үкімет тура мағынасындағы орындаушы ғана. Қазіргі айналысып жатқаны да сол Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру: 5 реформа, 100 қадам, индустрияландыру, т.с.с. Кең өкілетті өзге елдердің үкіметі сияқты бастамашылдық мүмкіндіктері болмаса да министрлердің алдында ауыр міндеттер тұр. Ол міндеттердің дені экономикалық, әлеуметтік секторға қатысты. Халықты да толғандырып отырғаны – жалақының жайы, баға мен тарифтің өсуі, жұмыс орындарының тапшылығы, тағы басқалары. Ал, Үкіметте бұл бағытта айтарлықтай жаңа жоспарлар, жүйелік өзгерістер байқалмайды. Тіпті, кадрлық ауыс-түйістер де бұл бағытты жанап өтті. Ұлттық экономика министрі, қаржы министрі ауыспады. Экономиканың бойына қан жүгіртетін инвестицияға жауапты министрлікте де сол жағдай. Министрді ауыстырса, бар жұмыс бітеді деуден аулақпыз, әрине. Мәселе Үкімет мүшелерінің жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеуінде. Осы күнге дейінгі экономикадағы сәтсіздіктер де сол жүйелі жұмыстың, тиімді экономикалық саясаттың жоқтығынан болып отыр. Елдің инвестор десе түрпідей жиырылатыны содан. Көптің түсінігінде елге келген инвестор – қанаушы. Халық байлығын, жер қойнауын талан-таражға салып, пайдасын алған соң тайып тұратын құбыжық.

Зейнетақы қорындағы қаржыны түрлі жобаларға бағыттау бастамасына да көпшілік күдікпен қарайды. Банк, несие ұйымдарына әубастан сенім жоқ. Бүгінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын ел бюджет қаржысын оңды-солды шашып, әр бастамасы сәтсіздікке ұшырап жатқан алып мемлекеттік құрылым деп қана түсіреді. Бұл қордың жұмысына ел ғана емес, Елбасы да сын айтқаны есте.  

Ал, биліктің ішкі сырынан хабардар біраз сарапшылар осы салалардың басшылығындағы Қ. Бишімбаевті, Б. Сұлтановты, Ж. Қасымбекті, Ө. Шүкеевті Сағынтаевтың бастамаларын кері сүйрейтін бәсекелес көрмесе де, ел мен Елбасы сенімін ақтау жолындағы ауыр міндеттерді бірлесе атқаруға жан-тәнімен дайын сенімді серігі деп те айта алмайды. Өйткені, бұл аталғандардың барлығы да мемлекеттік басқару ісінде біраздан бері жүрген (тәжірибелі деп түсінсеңіз де еркіңіз) әккі шенеуніктер. Әрқайсысының артында белгілі бір топтар, ықпалды күштер болуы мүмкін. Қалай болғанда да экономиканың негізгі салаларына басшылық етіп отырған бұл жігіттерді президент болмаса, премьердің жөнге салып, бір шыбықпен айдауы ерекше ерік-жігер мен батылдықты талап ететін қиын шаруа.

Осылардың барлығын тізіп келгенде Бақытжан Әбдірұлының алдында екі таңдау тұрғанын көреміз. Бірі – тәуекелге барып, батыл реформаларды (оның ішінде кадрлық та) бастап кету, өзінің бабын да, бағын да іспен сынау. Ойға алғаны сәтті аяқталып, дағдарыс дүрмегінен елді аман алып шықса – рахатын көру, ләззатын алу. Екіншісі – алдыңғы әріптестері сияқты барды қанағат тұтып, Елбасы орнынан алғанша үнсіз (әрекетсіз) уақыт өткізу. Елдің өкпе-наласын арқалап кете бару. Басқа жол жоқ. Өйткені, экономика сәтсіз сынақтардың барлығынан өтті. Ендігі сәтсіздіктерді көтере алмайды. Экономикалық күйреудің артында әлеуметтік шиеленіс тұр...

Дархан Мұқантегі  

Оставить комментарий

Связанные Статьи