Осыдан бiрер жыл бұрын облыс орталығына жақын орналасқан аудандардың 41 елдi мекенi Шымкент қаласының құрамына берiлiп, облыс орталығының аумағы ұлғайды. Ендi «қалалық» мәртебесiне ие болған ауылдарда мал ұстауға бола ма? Қаңғыбас ит-мысықтан қайтсек құтыламыз? Сатылымға түскен ет, сүт, құс, балық өнiмдерiнiң санитарлық жағдайы қаншалықты қадағалануда? Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Т.Баймұханов бастаған ветеринарлар жуырда осы мәселелердi «дөңгелек үстел» мәжiлiсiнде талқылап, тұрғындар тарапынан түскен бiрқатар сауалдарға жауап берген болатын,-деп хабарлайды QAMSHY.KZ
Сұрақ: Шымкент құрамына қосылған 41 ауыл ветеринария саласындағы 41 түрлi проблемасымен келген болар. Жалпы, Шымкент қаласында ветеринария саласында қандай жұмыстар атқарылуда?
Тимур БАЙМҰХАНОВ, Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары, экономика ғылымдарының докторы:
– Шымкент – бүкiл ортаазиялық iрi қалалардың iшiнде бiрегей агроазықтық белдеуге ие қала болып тұр. Бүгiнде қаланың жалпы аумағы 116 мың гектарға жеттi. Қала аумағының 50 пайызы ауыл шаруашылығы жерлерi және оның көлемi 2014 жылға қарағанда 6 есеге өстi. Ал, iрi қара мал саны – 70 мыңға, құс басы 700 мыңға артты. Агроқұрылымдар саны 4 мыңға көбейдi. Соның iшiнде: өндiрiстiк кооперативтер – 2 есеге, шаруа қожалықтары 15 есеге өскен.
Осы жағдайда ветеринария саласының дамуы – бүгiнгi күннiң басты талаптарының бiрi. Әкiмдiк құрылымындағы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлiмi бұл бағытта iргелi жұмыстар атқаруда. Қала әкiмiнiң тапсырмасына орай 2016–2020 жылдарға арналған даму концепциясы әзiрленiп, соған сәйкес ауыл шаруашылығы және ветеринария саласын дамыту жұмыстары жүргiзiлуде.
Айта кетерлiгi, Шымкент қалалық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорнының биылға дейiн өзiнiң қызметтiк ғимараты, көлiк тұрақтары және дәрi-дәрмек сақтайтын қоймалары болмаған. М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiмен келiссөздер жүргiзiлiп, бүгiнде бұл мәселелер шешiлдi. Университет студенттерi бiлiмiн «Ветеринариялық қызмет» МКК-да тәжiрибемен ұштастырады, ал, оқу орны қызметтiк бөлмелер, көлiк тұрағы, дәрi-дәрмек сақтайтын қоймамен қамтамасыз еттi. Сөйтiп, 37 студент дуальдiк оқыту әдiсi бойынша ветеринарлық жұмыстарға тартылды.
Сондай-ақ, қалаға қосылған елдi мекендерде бәрi – жеке сектордағы үйлер, яғни, қала маңында тұратындардың көпшiлiгi қосалқы шаруашылықпен айналысады. Мұнда әдетте мал шаруашылығына қатысты қағидалар, ветеринарлық-санитарлық нормалар сақтала бермейдi. Ал, қалада мал ұстаудың өз ережесi бар. Бiздi, әсiресе, қалада қаңғыбас иттер мен мысықтар санының көбеюi алаңдатады. Ал, олардан адам денсаулығына қауiптi аурулар тарайды. Биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлiмi, «Вторая жизнь» ЖШС қоғамдық қоры және «Ветеринариялық қызмет» МКК-нiң ұйымдастыруымен «Қаңғыбас ит пен мысықтардың мәселесi және оны шешу жолдарын iздеу» тақырыбы аясында тәжiрибелiк конференция өттi. Бұл мәселемен күресу үшiн алдағы уақытта бағдарлама қабылданып, сол бағдарлама негiзiнде жұмыс жүргiзiледi.
Б.ДАРҒОЖИНА okg.kz
Оставить комментарий