Динара Мәлік, ақын: Өлеңде жасыра алмайтын шындықтар бар...

/uploads/thumbnail/20170708152450356_small.jpg

   "Шабыт" фестивалінің лауреаты, 2011жылғы өткен әдеби конкурстың "Алтын қалам" иегері, Халықаралық "Махаббат жырлары" мүшәйрасының І орын иегері ақын Динара Мәлік бүгінде көпшіліктің, әсіресе қыз-келіншектердің сүйіп оқитын ақынына  айналды. Жырлары жүректен қозғап, сезімді тербейтін, лирикаға  толы бірқатар өлеңдердің авторы, жастар ақыны  Динара Мәлік  аз-кем әңгімелескен едік...

 - Соңғы  уақытта ақындарға,  олардың шығармашылығына ұмтылыс жасауға  арқау болып  жүрген өнер жанашырларының  аз  екендігін жасыра алмаймыз. Ал, сіздің  өнеріңізге  қолдау көрсеткендер болды  ма?

  -Мен өлең жазғанда, кітап шығарғанда, осыны біреу қолдаса екен деген ниетпен шығармаймын. Бірақ, кез-келген ақын арқасынан қағып, ат мінгізіп жатса, оған «жоқ» демейтін шығар. Өлең өмір бойы жүрегіңде жайқалып, басыңа бақ қондырғанда ақын атағың саған қызмет ететіні рас. Бірақ поэзия періштесін үркітіп, өз құлқыны үшін «ақын атын» пайдаланытындарды ұнатпаймын. Өлеңді қолдау өзіңнен басталады. Қазіргі заман әйел адам үшін жанашыр іздейтін кез емес... Құдайға шүкір дейін, мемлекеттік тапсырыспен «Гүл қауызындағы хаттар» атты жыр жинағым жарық көрді. «Тәңір сыйы» деген кітабымды «М.Мақатаев атындағы қор» шығарып берді. Биыл туған жерде Қырымбек Елеуұлының қолдауымен шығармашылық кеш өткіздім. Бұның өзі өнерге деген ниеті түзу жандардың жанашырлығы деп білемін.

 - Өнерде бет түзейтін бір ірі тұлғаның болуы заңдылық қой. Сіз кімнен  үлгі  алған  едіңіз?

-Кез-келген адамнан  жақсы қасиет көруге болады деп ойлаймын. Егер сіз шынымен жақсылыққа іңкәр адам болсаңыз.  Ойыңыз бен  ниетіңіз үйлессе... Өнер саласында, оның ішінде әдебиет әлемінде бой түзеп, осы кісідей жүрейін, әлгі ақындай жазайын деген арманым болған емес. Мен одан үлгі алып, сол секілді ойлағым келсе, соның көлеңкесінде ғана күнелтемін ғой. Ал, үлгі алудың өмірлік тұрғыдағы мағынасын айтсаңыз, өз мінезім, өз ұстанымым, өз еркіндігім бар. Біреудің образына ене алмаймын.

- Жастардың бойынан қандай  қасиеттерді көргіңіз келеді?

 -Жастардың бойынан жастықты, алаулап тұрған арманды көргім келеді. Қазіргі жастардың көбісі, қартаюға қадам жасап, болып-толып қалғандай, бір ғасыр өмір сүргендей кейіпке еніп алады ғой. Дұрыс қой, қоғамда шыңдалып, жұмыс, тұрмыс деп жүреді. Бірақ жастың өз қызбалығы, өз мінездері бар. Жиырмадағы жігітпен сөйлессең, жетпістегі шалмен пікірлескендей боласың.  Соншалықты жасанды болу неге керек деймін. Ақын аға-апаларымыздың  ескі  суреттерін көріп отырсам не деген тазалық деп таң қаламын. Күлкілері де, отырысы да, тұрысы да. Қамсыз. Ал, қазір жастармен қалжыңдаса да, әңгімелесе де алмайсың. Бірі-біріміз үшін қуанбайтын, жаңа өлең жазсақ «сүйінші» сұрамайтын халге жетіп келеміз...

- Сіздің өлеңдеріңіз көбінен сыр, ой-арман есіліп тұрады.  Бұл  сіздің өз басыңыздан  өткен сезімдерге қатысы  бар ма?

-Барлық жәйттер жүрекке жеткенде  ғана өзіңіз  айтқандай  сыршыл поэзия туындайды. Көбінесе өзімді кейіпкер етіп аламын. Жасыра алмайтын шындықтарым болады. Қандай болсам, солай жазғым келеді. Сезіміңді ашық жариялай саласың, деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ, өзіме бәрі жып-жинақы, солай жазылу керектей сезіледі.

- Бір адамды өмір бойы  сүйіп өтуге болады деген пікірмен келісесіз бе?

- Жер бетінде  қанша бас болса,  сонша сезінетін жүрек бар.  Ал, жүректің сезінуіне  қарай  адам да  сүйе  алады.  Сүйіп өту  дегеніңіз  бір адамды  өмір бойы күтіп,  сағынып, зарығып өту  деген емес.  Оның  ішіне  барлығы, сыйлау,  жақсы көру,  сырласу да кіреді. Әркім әр түрлі, өз биігінше сүйеді. «Өмір бойы», «мәңгілік» деген сөздерді ұнатпаймын. Қазір сүйем бе, болды. Ертеңімді білмеймін. (Бұл сұрақты күйеуі бар әйелге қойып отырсыз, Сондықтан  жауабым мазмұнды шықпауы мүмкін...)

-Өзіңізді ақындық пен адамдығыңыз арасында қандай айырмашылық бар  деп ойлайсыз?

-      Мен 24 сағат бойы ақын болып жүрмеймін ғой. Бірақ сүріп жүрген өмірің, ортаң, сезінгенің, күйінгенің бәрі өлеңде көрінеді. Өлең үшін өмір сүріп жүргендей боласың. Негізі уайымшыл адаммын. Өзіме көңілім толмайтын кездерім көп болады. «Сүйікті» болам деп «сүйкімсіз» болып кететін сәттерім де болады. Бұл сұраққа жауап ретінде мына өлеңді оқып берсем болатын секілді.

Көңіл де бүгін басылған,

Жасырғаным көп ғасырдан.

Өткергенім бар басымнан,

Бес күндік мына өмірде,

Пенде де болып тасынғам.

Түңілгенім көп өлмедім,

«Білемін» дедім, білмедім.

«Сүйемін» дедім, сүймедім,

Сынағында сындым Алланың,

Болмады сабақ түйгенім.

Құлақ жоқ жерде мақтандым,

Жүрек жоқ жерде шаттандым.

Тілімнен қайғы тапқанмын,

Мүмкін мен талай адамның,

Аузында сөз боп қақталдым.

Бақытымнан да  жеріндім,

Жаны жоқ сөзге семірдім,

Содан соң...іштей егілдім...

Дөңгеленген мынау дүние ,

Дымымды қоймай кемірдің...

«Алла» деп тілім сайрайды,

Қолымды қулық байлайды,

Жанымды жын кеп жайлайды,

Оңаша ойда қалған соң,

Өзімнен қашам сол қайғы

Тереңге жетіп тамырым,

Мәңгі өмір берші Жарығым.

Анамның қалған арымын,

Барымды шашып алмайын,

Сарқыла көрме сабырым!

-Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

-Жиырма бес жыл бойы не істедім, не жаздым, не ойладым, соларды пайымдап, алдағы арман-мақсаттарым үшін күресу. Ойлап жүрген көп дүниелерім бар. Қазіргі уақытқа дейінгі жазылғандарды албырттық, махаббат деп қарайтын едім. Енді азаматтық поэзия жазу жолында армандарым бар. Балаларым ертеңгі күні «анам осылай жазыпты»-деп қызармай оқып отыратындай... Бір ойыңды, бір ой қайталайтын жырлар жазатынды шығарып алыппын. Біраз уақыт өзіме демалыс жариялап, рухани кеңістігімді байыту керек болып жүр.

- Жыр жинақтарыңыз туралы  айтып  өтсеңіз...  Оқырмандарыңызға түсінікті болсын, қайдан алуға  болады?

-Ғаламторда «Әдебиет порталы» үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Сол порталда кітабымның толық нұсқасы жарияланған. Кітап дүкендерінде бар ма, жоқ па білмеймін. Бірақ, кітапханаларда міндетті түрде бар. Өзімнің фейсбук парақшам арқылы, өлеңдерім жарияланып тұрады. Қажеттілік тудырған жағдайда өзімнен сұрауға болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

***

Ерік берсе, жыр жазар ем көз ілмей,

Алғашретақынболғанкезімдей.

Ей, тәкаппар! Ей, аяулы қарт-ғасыр,

Болмысымнан жүрмін әлі безінбей.

Жыржазарем, жұрттыңбәрінтаңқылып,

Тауларды да, бауларды да ән қылып.

Қазанымдыайырбастапқаламға,

Кетередімендалағақаңғырып.

Өлеңшіркін, болармаедің, тымаппақ,

Кетсекпеекен, көшсекпеекен, жырақтап.

Соңғыдемдесөйлермісіңсезімбоп,

Жүрегімде қалармысың тұрақтап.

Ошағымажардытастап, баланы,

Құшағыма-ап кетсем бе екен даланы!

Жарты жолдан, бұрылам ғой, о, тоба,

Ақын етіп жарата ма ананы!

Күндіз-күлкі, жаныңдыарбаржалған-бақ,

Меніқойшы, өлеңқалайқорғанбақ?

Ағыл-тегілжылапалдыол, бүгін,

Аспан жақты жалғыз өзі армандап...

***

Жүрегімде шертілетін күй бөлек, Күй шертілсе күнім қалай күйремек. Өмір мынау арманымнан қысқалау, Тәңір өзі тілді берді сөйле деп.

Күндер келді сылаң қағып таңменен, Шұғыласы қиялыма тән дер ем. Мұп-мұздай боп, түн де сүйген ернімнен, Жылы жаққа ұшам дей ме жан менен?! Көгершін-ау, көп тілегі мойныңда, Қанатыңды шыныменен жайдың ба? Күліп тұрып, кетер ме екем қартайып, Құдіреті бар ма мендік ойдың да! Қайғы деген қабағыма жат, Ана, (Сен тілеген таңым енді ата ма?) Барлығына қырық жаным қырқылар, Тағдырыма тең келмедім, о, тоба! Жұпарыңды аңсадым-ау қайран жыр, Ей, дүние, елесіме айнал бір! ...Үйге келсем, қос құлыным Құдай-ау, Үмітімді жинап алып ойнап жүр!

***

Балпаң басқан қара бұлт, Жорғалайсың, жаумайсың. Көкке ұшқан балалық, Қай қиырда аунайсың.

Аспан, аспан, аспан-мұң, Қашан шығар Ай күліп? Жылауға да жасқандым, Қара жерден қаймығып. (Тірлік түбі түрленіп, Тереңімен арбайды, ә? Өмір шіркін, бір көріп, Өбіп кетсе болмай ма?) Есі жоқ жел еркелеп, Етегіммен ойнайды. Біздің бақты келте-деп, Бәлкім...бұл да ойлайды! Құлап тынса тірегім, Түн естімес мұңымды. Жалғыз шындық білемін, Жүрек менен ғұмырлы!

***

Пендеге керектің бәрі бар, Әйелмін, баласы, жары бар! Адам боп жүремін ақылды, Жан екем жалғанда бағы бар.

Бақытты болуға талпынып, Ешқашан болмады жарты-үміт. Түн сайын тілеймін тыныштық, Күн сайын атады таң күліп. Қуантқым келеді барлығын, Өзім боп күледі әр күнім. Құдай-ау, Қалайша жүре алам, жүректің тыңдамай жарлығын? Жүректің мазасыз шақтары, Жанымды өртейді оттары. Сенгісіз сезімдер бар онда, Белгісіз қай кезде тоқтары!

Әзірлеген  Айғаным Әліпова

Оставить комментарий

Связанные Статьи