Желтоқсан айы туысымен Тәуелсіздік күніне дайындық, ол мейрамның Жаңа жылдық дүрбелең астында қалып қоятыны туралы дабыл қағып жатамыз. Бас мереке қарсаңында көптеген ұйым, мекемелер, дені жекеменшік кәсіпорындар, жаңа жылға дайындықты 1 желтоқсаннан бастап кетіп жатады. Көшелерді безендіріп, ғимараттардың айналасына шырша тігіп, қызылды-жасылды шамдар шағып, Тәуелсіздік тойын тасада қалдырады.
Өкініштісі, осындай сорақылықтардан мемлекеттік мекемелер, мемлекет қаржысын игерумен айналысатын кәсіпорын, ұйымдар да ада емес. Қазақстанның ең ірі облысы Қарағандының бас газеті «Инудстриальная Караганда» газетіне қарата айтып отырмыз мұны. Биыл 80 жылдығын атап өтіп жатқан облыстың газеті де 1931 жылдан бастап шығады. Кеңестік жылдары қандай мазмұнда, қандай сипатта шыққанында шаруамыз жоқ. Алайда, Тәуелсіздік жылдарындағы ұстыны ұнайды дей амаймыз. Олай дейтініміз, газеттің бірінші бетінде әлі күнге 1981 жылы алған «Еңбек қызыл ту» ордені тұр батпиып. Мұны Қазақстан Тәуелсіздігін қорлау демесеңіз де, құрмет көрсетуі дей алмайтының анық.
Әйтпесе, ол орденді кім алмады, қай ұжым марапатталмады?! Алысқа бармай-ақ, ол орденді облыстық «Орталық Қазақстан» газеті де иеленгенін айтуға болады. Алайда, қазақ тілінде шығатын газет ұжымы орыс тіліндегі әріптестері сияқты ол орденнен айырылмай отырған жоқ. Газеттің бас бетіне отаршыл жүйенің марапатын емес, Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасының суретін қойып жүр. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс орындайтын өзге газеттер де «Инудстриальная Караганда» сияқты емес, кеңестік жылдардың мұндай «естеліктерінен» ада.
Көбіміз көшеге шырша тікті деп кәсіпкерлерге шүйлігеміз. Ал, ол кәсіпкерлерге, жалпы жұртшылыққа үлгі болатын кім? Әрине, мемлекеттің өзі және оның саясатын түсіндіруші баспасөз органдары. Сондықтан да, өндірісті өлке, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек жолы басталған өңірдің бас газеті Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қорытындыланар шақта егемендікке құрмет көрсетіп, мемлекетшілдік үлгісін танытады деп сенеміз. Кеңес өкіметінің мақтау, марапаты бүгінде мәртебе еместігін түсінетін уақыт жетті.
Жомарт Абдоллаұлы
Оставить комментарий