Зардыхан Қинаятұлы. Осы ардақты да абыройлы есім 1990 жылдары Моңғолияның ұлттық демократиялық бетбұрысының негізін қалаушылардың бірі, сірескен коммунистик жүйенің сеңін қозғаушы тегеурінді қайраткер тұлға ретінде тарихта таңбаланып қалды. Атажұрттан алысқа шашырап кеткен шетел қазақтарының ішінен шығып, салт-дәстүрінің тамыры берік Моңғолиядай елдің Премьер министрінің орынбасары, парламентінің вице-спикері, Атазаңының жобасын жасаушылардың бірі болу – адам баласына аса бір сирек қонатын әз бақыт. Сол бақ, мол тағдыр-тауқымет Зардыхан Қинаятұлының маңдайына бұйырыпты.
Профессор Зардыхан Қинаятұлы жетекшілік ететін бастамашыл ғалымдар тобы 1987-1988 жылдары Моңғолияда «социализм» атты қоғамның әбден тығырыққа тіреліп, саяси-әлеуметтік жағдай күрделі шиеленіске ұшырағаны туралы дабыл қағып, елдегі сол кезеңдегі ең беделді басылым – «Партия өмірі» журналында батылдықпен жариялайды. Зерделі ғалымдар дағдарыстан қалай шығудың жолдары мен мүмкіндіктерін де оңтайлы саралайды. Міне, қоғамдық санаға сілкініс тудырған осынау жолайрық мақаладан кейін Зардыхан Қинаятұлы түбегейлі өзгеріске қарай бет алған жаңарған қоғам философиясының теоретигі ғана емес, замана тудырған қилы-қилы ауыр жүктерді талмай арқалай алатын, сойы да, ойы да бөлек нар азамат екенін жалпақ жұртқа танытты.
Ол моңғол мен қазақты тең сүйген телқоңыр оғлан болды. Моңғолияның Атазаңына елдің тарихи атауын қайта жаңғыртып «Монгол улс» деп енгізуге табандылықпен күш салып, Шыңғыс ханның даңқын ардақтағаны үшін саяси қарсыластарынан ауыр сынға ұшырады. Бірақ сүрінбей арманына жетті. Моңғолия Конституциясының 8 бабы 2 тармағына «ұлттық аз топтың ана тілінде оқу, қатынас жасау, мәдениет, өнер, ғылым, білімін дамытуға хақысы бар» деген бапты бекіттіріп, қазақ халқының мүддесін де қайсарлықпен қорғай білді. Кейбір қызуқанды депутат әріптестер «Моңғолияның Атазаңын басқа ұлт өкілдері дайындамасын», «Ағайындар-ау, шекаралық өлкедегі жер мәселесіне сақ болайық», «Биік мінберде отырып ап қазақ мәселесін тоқпақтай бермейік» деген секілді шамкөс сауалдарды тастап, парламентте талқыланып жатқан мемлекеттік мәні бар өзекті мәселеден қоғамдық сананы қасақана адастыруға жел беретін. Мұның бәріне парасатты да сарабдал саясаткер Зардыхан Қинаятұлы терең мән бере бермейтін, қажетіне қарай қисынды жауап беріп, елдің болашағы үшін мандатты мерзімін арнайтын. Қандай бір өткір дау-шарды, дағдарыс кезіндегі «шахтерлердің жұмыс тастауы» секілді өтпелі кезең тудырған тосын дүрбелең мен шырғалаңдарды халық қалтқысыз сенетін беделді зиялы, жаңаша жұмыс жасай алатын қарымды қайраткер, шешен тұлға болғандықтан шұғыл келісімге келтіретін. Сол себептен де биліктегі лауазым иелері оны кейде «өрт сөндіруші» деп те атаған екен.
Моңғолияның үкімет үйіндегі Зардыхан Қинаятұлының кабинетінде көптеген шетелдік журнал-газеттермен бірге «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Парасат» секілді басылымдар, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Жүсіпбек Аймауытұлы секілді сөз зергерлерінің кітаптары жайылып тұратын. Ол бодандық құрсаулаған сол кездердің өзінде жастарға «Қазақстан тәуелсіздік алсын деп күні-түні құдайдан тілеңдер, білімді азамат болыңдар» деп ақыл-кеңес беріп, болашаққа әрдайым сәулелі сеніммен қарайтын. Қазақ елі тәуелсіздік алған соң ағамыз құзырлы мансаптан бас тартып, егемен еліне алдыңғы лекте оралып, алаштың бел баласы ретінде асқақ рухпен еңбек етіп, тарих саласына таудай-таудай еңбектер қалдырды. Қайраткерлігі мен қаламгерлігі жарасым тапқан жүйрік ойдың иесі «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей қарапайым қалыпта өмір сүріп, қазақтың марғасқалары мен алыптарына тән әдептілік пен сырбаздықты, ізгілік пен кісілікті өміріне үйлесім етті.
Қош бол, ардақты аға, арқа тұтар арысым, кемеңгерім!
Ақеділ Тойшанұлы, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері
"Егемен Қазақстан" газеті
Оставить комментарий