«Желтоқсан 86-1»
«Желтоқсан 86-2»
«Желтоқсан 86-3»
Дүйсенбі күні ортақ лекция физика пәнінде отырғанымызда, аудиторияға бірталай жасқа келіп қалған, шашы аппақ кісі келіп «Рахметов» осында ма?,- деді.
Жоғарғы жақта отырғанмын, ойымда еш нәрсе жоқ:
-Иә, менмін дедім.
Сыртқа шығып кетуімді өтінді. Сыртқа шыға салысымен хал жағдайымды сұрап, денсаулығым жайын сұрады. Иегімнің ісігі басылыңқырап қалғанын аузына алғанынан кейін, қазақтың үлкен кісісі болғанын ескеріп, ойымда еш нәрсе жоқ, болған, көрген жайларым жайлы Комсомол көшесімен асықпай сөйлесіп келе жатырмыз. Бұндай сұмдықты бұрын соңды көрмеген ақымақ басым, алаңдағы әскери күштер мен милиция, ерікті жасақтардың жастарға жасаған аяусыз, адам түршігерлік әрекеттері мен қырғын салғандары жайын қызу әңгімелеп келе жатып, қазіргі Желтоқсан көшесінің қиылысына келіп, сол жақтағы сұр үйдің алдына келген кезімізде, әлгі шалдың «біз келіп те қалдық»,- дегені.
Маңдайшасындағы жазуына қарасам «Прокуратура по особо важным делам КазССР»,- деген жазу. Сонда ғана барып, басқа пәле тілден деген халықтың даналығы есіме сарт ете қалғаны. Бойым мен ойымды тез жиып алып, ішке ендім. Әккі шалға еш нәрсе бола қойғанын білдірмей баққаныммен, кабинетіне жайғасып, қағаздарын алып шыға бастағанда-ақ бір нәрсенің боларын ішім сезе қойды. Ол әлі де болса сол қалпынан таяр емес, жәй-жәй сөйлеп, болған нәрселерді қағаз бетіне түсіріп жатыр. Бітті ау әйтеуір. Қолыма ұсынып, танысып шығып, астына қол қоюымды сұрады. «Свидетельские показаниямен» толық танысып шықтым, айтқанымнан өзге сөздер кездеспегенінен кейін, қолымды қойдым. Тек БҰҰ-ға қатысты хат жайын жасырып қалған едім. Мына иегім мен аяғыма қатысты «освидетельствованиеге» қашан жібересіз, - деп сұрақ та қойып қоямын. Бүгінге осымен бітті, ертең келесің деп, жылы шығарып салды. Есіктен шығып бара жатып, бір кабинеттен Тұңғышбай Жаманқұлов ағамызды да көріп қалдым. Осындай елге танымал ағамыз да жүр екен, сұрағына жауаптарын алып, қоя беретін болар деген жылы оймен далаға шығып, жатақханама аяңдадым. Ертесінде ондар шамасында әлгі шалдың алдында отырмын. Көптеген суреттерді әкеліп алдыма жайып тастады. Бір-екі таныс студенттерден басқа Хасен ағамыздың суреті де бар екен. Бірақ кешегі жіберген олқылықтардан кейін, өзіме енді тіс жармау, албаты құжаттарға қол қоймау жағын шегелеп тастаған едім. Мегафонмен сайрап тұрған кезімдегі фото айғақ шыға келе ме екен деген күдік те бар еді. Есіктің алдына темекі шегуге шықсам, курстасым Жүрсін де тұр екен. Паспортымды алуға келіп тұрмын дейді. Істің насырға шабайын деп тұрғанын байқап қалғандықтан, «паспорт-маспорт» дегенді қайтесің, осы тұрған жеріңнен «қаш», артыңа қарама, бір мәнісі кейін де бола жатар,- деп кеңес беріп, қайта кірдім. Кірсем, кешегі «освидетельствованием» жайына қалып, құжаттарымды «свидетельден подозреваемыйға» аударып жатыр екен. Сол кездегі, әлгі әккі шалдың маған жасаған арамдығын көріп, үлкен буынға деген көзқарастарым төңкеріліп бірақ түскені.
Түстен кейін әккі шал сол кездегі "Целинный" деп аталатын кинотеатрдың жанындағы СИВС-ға апарып тоғытқан еді. Темір торды алғаш көруім. Сарт-сұрт ашылып, жабылған темір есіктер құлағыма ерсі естілгенімен, төменге түсіп келе жатып, есігі айқара ашылған үлкен камераның ішіндегі қайсар рухты қарындастарымның (шамамен 100-150 дей) қосыла шырқаған әні еркіме күш-қуат бергенін қайтып қана жасырайын. Киім-кешегімді толықтай шешіндіріп, тінтіп белбеу мен тағы бірдеңелерін алып қалып, ұзын дәліздің оң жағындағы шеткі камераға енгізді. Жалғыз емес екенмін, орыстың орта жастан асқан азаматы қарсы алды. Атын айтып, қолын созып, танысып жатыр. Атымды айттым да, " топчан" сияқты ағаштан жасалған үлкен камерама курткаммен бас киімімді жастана жамбастай кеттім. Әлгі орысым есік жақта бірдеңелерін жағып, бықсытып жатқанын байқадым. Сәлден кейін, "Айда сюда, чифернем, рассказывай, какими судьбами",- деп шақырды. Басқасын түсінсем де "чифернемы" несі, ол не дегені деп жанына жақындасам, ысталған Алюминий көжеге толы қазағымның кәдуілгі шәйі екен. Ып-ыстық, қоп-қоңыр ащы шәйді кезектесе ұрттап отырып, ананы-мынаны айта отырып, бітірдік-ау әйтеуір. Бір-екі күн сол жолдасыммен бірге болдым, күні бойы тергеушілерден тергеушілер, сұрақтардан сұрақтар, әйтеуір бітпейтін сұрақтар, камераңа кірсең әлгі орысым өзінің қай-қайдағы "космополитизмімен" , общым төңірек толы изм-дер. Адам баласының үш күннен кейін, көзі көрге де үйренеді дегені рас па деймін.
Бесінші күні дегенде жанымыздағы камераға енгізгені. Кіріп барсам оншақты өзімнің қара көздерім - бунтовщиктерім, көзіме ыстық болып көрінгені соншалықты, бостандыққа шыққандай сезімге бөлендім. Жанымда менен кейін 10 жылға бас бостандығынан айрылған марқұм Асылбаев Молдағали ағамыз, ату жазасына кесіліп, кейіннен ақталған – Мырзағұл Әбдіқұлов және 16-ға да толмаған, АШИ бірінші курс студенті Оразбаев Думан. Кейіннен үш жылға бас бостандығынан айрылып,өзінің түрме жолын балалар колониясынан бастаған. Балалар колониясының сол кездегі жайын, тек түрме көріп келгендер жақсы түсінеді. Молдағали ағамыздың денесі көкала қойдай, терең дем алуға шамасы келмесе де, біздердің рухымызды көтеру үшін, өзінің қандай себептермен осындай күй кешіп отырғанын жайлы әңгімелеп берді. Ол кісі осы Алматы облысының тумасы көрінеді. Сол күндері Алматыға достарына қыдырып келіп, болып жатқан дүниелерді өз көзімен көру үшін Алаңға келеді. Бойы ұзын, аса көрікті, киген киімі де ерекше, басындағы қаракөл тымағының арқасында жағалылар бұл кісіні айналып өтіп, кейбіреулері амандасып та қоятын сияқты. Жанында төлқұжаты болмағандықтан, көпшілікпен бұл кісіні де осы Целинныйдың астына әкеледі. Кіргендердің барлығын дерлік шешіндіретін. Майкесін шешіне бастайды, астынан (жас кезіндегі бір сапардан қалған) бүкіл денесіне салынған мешіттің суреті(наколка) шыға келгенде таяқтың астына қалады. Қатты таяқтап тастағандары соншалық, он күн өтсе де өзіне келе алмапты.
Осында Мырзағұл да өзінің қалай «желтоқсандық» болған жағдайын баяндап берген еді. Ол кісі де сол уақытта, Алматы облысында тұратын көрінеді, негізі Қызылорда жақтан, қолында кәрі шешесі, бала-шағасымен тұрып жатса керек. Айналысатын кәсібі фотограф. Сол күні жол жөнекей жанында қарындасы бар, Тастақ базарына кіріп ауылына базарлық алып, өтіп бара жатып бір пышақ та сатып алады. Содан автобусқа отырып Сайранға түсер кезінде, шопыр артқы есікті жауып, барлықтарын алдыңғы есіктен шығарып жатады. Алдындағы орыстар шығып енді бұның кезегі келгенде жолын кес-кестей тосқан жас орыстың жігіті балағаттап жібереді. Бұндай сөзді күтпеген Мырзағұл ағамыз қолына сеткадан сабы шығып тұрған пышақ ілініп, тартып кеп жіберіп, шыға жөнеледі. Шуылдаған халық, содан бұл кісі қашып отырып, күннің толық қараңғы болғанын күтіп көпірдің астында бұғып жатады. Бір-екі сағаттан кейін, шу басылды-ау дегенде, жатқан жерінен шығып көше бойында аңдып отырғандардың қолына түсіп қалып, осында тоғытылған екен. Әр нәрсенің «әттеген-айы» бар дегендей, біздер де, әттеген-ай сол жерде жата бергеніңізде ұсталмайтын ба едіңіз деп, қисынсыз жұбатып қоямыз. Бар сенгеніміз, ортамыздағы Думанымыз. Ертең сені босатып жіберетіндей жағдай болып жатса, анда бар да мұнда бар, әркім өз сәлемімізді құлағына құйып әлекпіз. Мен де ауылдан келетін достарымның аттарын айтып (служактарымды), «Тамаша» ойын сауық думанына алынып қойған билеттерімнің барын айтып, менің орныма кіріп шығарсың,- деп қызықтырып қоямын. Бәрі біз армандағанымыздай болмай шықты. Тамашамыз бен Жаңа жылымызды осында өткіздік.
Жаңа жылдың басында, қаңтардың бесінде мені түрмеге алып шығып, «карантин хатасынан» бірақ шықтым. Түрме деп осыны айтыңыз. Қолым артымда, жүріп келеміз, жүріп келеміз, біресе оңға, біресе солға, шақыр-шұқыр темір есіктің ашылғаны мен шарқ-шұрқ етіп жабылғаны, бітетін емес. Бір күннен кейін "камерама" бір қазақ жігіті кіріп, мен сенің адвокатың боламын, пәлембай түлеңбай деген, ертең сенің сотың дегені. Қуанып кеттім, не болса да тезірек бітуін күтіп жүрген едім. Ертесімен бір бөлке қара нан, қағазға ораулы екі «селедка» қолымда, «автозак» деген пәлемен соттан бірақ шықтым. Қандай соттан?
Қаз ССР Жоғарғы Сотының ашық түрде жарияланғанымен, сырттан ешкім де кіре алмады. Олар, негізінен маған қарсы куәгерлер – ҚазМУ-дың бірінші курс студенттері еді. Өмір бірде бетін, бірде айналып келіп басқа жерін тосады дегені рас екен...
Сот барысында куәгерлік еткендердің барлығы дерлік менің жағымда болды, берген жауаптарымды толығымен құптайтындарын, тіпті, Қыршыбаева Роза қарындасымның сот билігіне тікелей қарсылық білдіргені менің есімде «тайға таңба басқандай» қалып қойыпты. Көпшілігінен тергеушілер орыс тілінде алған екен, сонымен нүктесі мен үтірін ажырату басталып та кетті. Бірақ дерлігі жеме –жемге келгенде мені жақтап шықты. Куәгерлердің көптігі соншалық, Сот отырысы келесі күнге қалдырылды. Құдай қаласа ертең Сот залынан бостандыққа шығамын деген ой да жылт ете қалды. Талай жыл аңсаған оқу орныммен қоштасуыма тура келетін болды, ағам Қайырғазыдан ұят болатын болды деп те қоямын, ішімнен.
Келесі күнгі сот барысында арамыздағы коммунист қызымыз – Мустафина Гүлмирадан жік шықты, екі құлағы тік шықты дегенді осындай айтса керек. «Мен олар жиылып бармақшы болып тұрғандарында, қайтыңдар, қайтыңдар деп бірнеше рет айтқанмын. Олар мені тыңдаған жоқ, Құрманғазының авторитеті мықты болатын, мені тыңдамай кетіп бара жатты»,- демесі бар ма. Ондай сөз мүлде орын алмаған еді. Жатақханамызда мынадай ауыз біршілігі мықты, «дружный первачтарды» көргеніміз жоқ,- деген сөздерді жоғары курстардан бірнеше рет естіп те қалғанмын. Жатақхананың ішіндегі дискотекада ортаны бермейтінбіз, жоғарғы курстардың жігіттері біздің қыздарға жақындаудан жасқанатын. Бұл аздай тағы біреуі Горбачевтың «қайта құруы» жайындағы айтқан сөздеріне қатысты жығып берді. Омаров Әділжан бауырым өз сөздерін өзі жаңылып басына пәле тілеп алды. Жалған куәгерлік бергені үшін екі жылды арқалап алды. Ал лозунгпен ұсталған ұзын тұра Серік бауырым, адвокаттарының қолы ұзын болғанынан ба, 16-дан жаңа асқаны ескерілген бе, сотқа дейін босап кеткен екен. Бір жағынан оған да қуандым. «Сасқан үйрек, құйрығымен сүңгиді»,- демекші, факультеттің деканы – Сәрсембинов мырза Сотқа мынандай мінездеме беріпті: « Рахметов К.А показал себя только с отрицательной стораны. Вступительные экзамены сдал на удовлетворительно и хорошо». Ол заманда мектепті алтын медальмен бітіргендер, алғашқы емтиханнан «үздік» баға алған кезде қалған емтихандардан босатылып, автоматты түрде ЖОО студенті атанатын. Ол кісі менің дәп солай қабылданған жігіттердің басшысы болып, жатақхананың жарты жұмыстарын тегін жасап бергенімді үш-төрт айдың ішінде қалай есінен шығарып алғанына таң қалдым. Оның есесіне орыс ұлтты кураторымның тайсалмай жақсы мінездеме бергенін қалай айтпасқа. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын. Жаманның жаманшылығын айт, құты қашсын».
Менің адвокатым орысша екі сөздің басын қоса алмайтын біреу болып шықты. Сондықтан да Сот барысында көбіне өзімнің құқығымды өзім қорғауыма тура келді. «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «ҚазССР конституция қағидалары сақталуы тиіс!»,- деген ұрандардың аспаннан алынбағанын, бірі жақында ғана бірінші курста міндетті түрде оқытылатын «СОКП тарихы» лекция курстарынан алынса, екіншісі, 16 – 17 - 18 желтоқсандағы Алаңнан алынған дәлелдеп әлекпін. Екеуі де жақында ғана болғандықтан еш жаңылмадым. Маған таңылған айыптармен келіспейтінімді ашық айттым. Мемлекеттік айыптаушы - Жармахан Тұяқбай ағамыздың бірнеше рет аузымды жапқанын несіне жасырайын.
Сот залынан шығам деген үмітім суға кетіп, Қаз ССР Жоғарғы Соты отырысы Қ.Т.Кенжебаевтың төрағалығымен, жеті жыл бас еркімнен айырып, күнәсін күшейтілген еңбекпен түзеу колониясында өткізсін деген Үкімін шығарып кеп жібергені. Не сенерім, не сенбесімді білмей, басым мең-зең болып отырып қалдым. Осы кезде, залдан «Құрманғазы жасыма, басыңды тік ұста»,- деген таныс дауыс шыққан жаққа жалт қарасам, менің жаңа жылдағы «Тамаша» той думанына күткен, ауылдан келген достарымның бірі – Серік екен. Саусақтарым бірігіп, жұдырық боп жұмыла қалған оң қолымды көтеріп, құп көргенімді байқаттым. Залдан кісен салып, «автозакка» отырғызып алып шықанша, Серіктің саңқылдап айтып жатқан «наставлениелерін» тоқтатарлық Жоғарғы Соттан адам табылмағанын көргеннен болар, «Құрманғазы мықты бол!», «Құрманғазы, Құрманғазы!»,- айғайлап шыққан таныс дауыстарды бірталайға дейін естіп бара жаттым...
Өстіп, біздердің де тар жол тайғақ кешуіміздің басталатынын кім білген?... Әлгі орысым "утка" болып шықты, ондайлардың талайын түрмеде, ҰКК түрмесі мен этаптарда кездестірдім.
Екі күннен кейін Мәскеуден шығатын орталық «Комсомольская правда» газеті , жерден жеті қоян тапқандай, Алматыдағы алаңдағы оқиғаға байланысты оның алғашқы ұйымдастырушысы құрықталып, ҚазМУдың бірінші курс комсомол жетекшісі Қ. Рахметов жеті жылға сотталды, әділ жазасын алды,-деп бірауыздан шуылдап қоя берген болатын...
(Жалғасы бар)
Оставить комментарий