Бүгінгі күні жеке кәсіпкерлікпен айналысып, шеттегі үйренген тәжірибелерін атамекенге ала келіп, осы саланың кем-кетігін толтырып, бизнесін дөңгелетіп, отандастарына жұмыс тауып беріп отырған қандастарымыз да аз емес. Солардың бірі - Қытайдан атамекенге қоныс аударған «Марқатай» ЖШС директоры Думан Халметұлы. Бүгінде ол біраз кәсіптің басын қайырып, 30-40 адамға жұмыс беріп отыр. Біз бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға үлгі болсын деген ниетпен, кәсіпкерліктің қыр-сыры жөнінде және Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
Кез келген істе табысқа жету үшін табандылық керек
«Кәсіпкерлікпен айналысу үшін адамның бойында табандылық және өз ісіне сенімділік болу керек», - дейді кәсіпкер Думан Халметұлы. Ол ҚХР Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Облыстық халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау департаментінде 18 жыл бойы қызмет атқарыпты. Қолында билік тұрғанда алдына кез келген сұрақтармен келген қандастарымызға қол ұшын беріп, елдің ықыласына бөленген беделі биік азаматтардың бірі болған. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», - демекші болашақ ұрпақтарының қамы үшін, абыройлы қызметін тастап, 2004 жылы атамекенге бір жола атбасын бұрыпты.
«Атажұртқа келген соң, бәрін нөлден бастауға тура келді. Алғашында інілеріммен бірігіп аспанасты елінен дорбалап, «скотч» тасымалдап, соны сатумен айналыстық. Кейін сұранысқа байланысты КамАЗбен әкелетін деңгейге жеттік. Соңында вагондап таситын күнге қол жеткіздік. Уақыт өте келе, «бұл өнімді неге өзімізде өндірмейміз» деген ой келді. Сонымен інілеріммен бірлесіп, Қытайдағы жылжымайтын мүліктерімізді кепілге қойып, біраз қаржының басын топтадық. Тәуекелге бел буып, Қытайдан скотч өндіретін станоктар әкеліп құрып, Алматыда алғашқы өндірісімізді бастадық. Бастапқыда көп қиындықтар болды. Тіпті әкелген станоктарды «сатып жіберсек пе» деген ой да болды. Бірақ, соңына дейін шыдадық, біртіндеп өнімділігіміз артты. Жұмысымыз өз жемісін берді. Жұмыс жүргеннен кейін, ақырындап цехті кеңейтіп, станоктардың санын көбейте бастадық. Алғашқы кезде жалдамалы жерде тұрған едік. Тағы біраз қаржы жинап, Алматы қаласының жанынан екі гектар жер сатып алып, өндіріс орнымызды құрдық. «Мен кез келген істе табандылық пен сенімділік болу керектігін осы сәтте түсіндім», - дейді кәсіпкер. Думан Халметұлының айтуынша, Бұл отбасылық бизнес болды. Отбасылық бизнестің өрісі тар болады. Сонымен бұл өндіріс орындарын інілеріне қалдырып, өзі бөлініп шығып, жеке өндіріс орнын ашуға Астанаға келіпті.
Бизнестегі ойға алған көп жоспарларым Астанада жүзеге асты
Думан Халметұлы Астанаға келген 2006 жылдары Астана қаласында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқан кезі еді. Астанада да бұл саланың ақсап тұрғанын, скотч өндірісінің мүлде жоқ екендігін байқайды. «Кәсіпкерліктегі ойға алған көп жоспарларым Астанада жүзеге асты. Астанаға келген соң, құрылыс материалдарын сатумен айналыса жүріп, скотч шығару өндірісін ашуды қолға алдым. Бизнес жоспарымды жазып, Астана қалалық әкімдігіне ұсындым. Әкімдіктен қолдау болып, Астана қаласының өндіріс орындарының маңынан бір гектар жер берілді. Қазір жоспар бойынша 3 цехті салып болдым, өндіріс жүріп жатыр. Цехте 20 адам жұмыс жасайды. Жылдан-жылға өндіріс қарқыны артып, логотиптік скотчқа тапсырыс беруші компаниялар қатары көбейіп келеді», - дейді кәсіпкер.
Иә, істеймін деген жан қашанда еңбектің жолын, әдісін таба біледі. Думан Халметұлы осы бір саланы ғана кәсіп етіп қоймай, басқа да шағын кәсіп көздерін ашып, қызмет көрсету орталықтарын жүргізіп отыр. 2008 жылы қытай тағамдарын дайындайтын «Желмая» деген дәмхана ашыпты. Дәмхананың аты да Асан қайғы бабамыздың желмаяны мініп, жерұйықты іздегеніндей, «Мен де іздеген жерұйығымды Астанадан тауып, желмаямды елордаға шөгердім», деген мағынада қойылса керек. Қазір дәмхана күніне 100-ден астам қонаққа қызмет көрсетеді. Көбінесе шетелдік қонақтар ат басын бұрады. Әсіресе, ащы тағамдарға әуес қытайлық, жапониялық, кореялық, америкалық қонақтар көп келіп тұрады екен. Осы дәмхана туралы жапондық журналист арнайы мақала жазып, Жапониядағы газетке жарияласа, қытайлық және тайвандық мемлекеттік телеарналарда арнайы бағдарлама көрсетіліпті.
Бизнестің тағы бір қыры - елде жоқ жаңа дүниелерді әкеліп дамыту
«Кез келген бизнесті бастамас бұрын сол туралы кәсіби тексеру жүргізу керек. Сол өнім немесе қызмет көрсету орны біздің елде бар ма, жоқ па? Бұл өнімді өндіру тиімді ме, әлде сырттан әкелу тиімді ме? Ол туралы жан-жақты ойластыру керек», - дейді кәсіпкер.
Думан Халметұлының жұбайы Гүлия Баянқызы - Қытайда медицина саласында жоғары білім алған, шетелде білімін жетілдірген жоғары дәрежелі маман. Думан Халметұлының екінші бизнесі - «Емдеу және сауықтыру орталығы» турмалин саунасы. Ол бірде Бейжіңде іс сапармен жүргенде қытайлықтардың мұндай жаңа технологиямен жасалған саунаны енді ғана қолданысқа енгізіп жатқанын көреді. Сонымен бұл емдік қасиеті жоғары сауықтыру орталығын Астанада дамытуды қолға алып, 2009 жылы жаңа технологиямен жасалған турмалин саунасын ашады. «Бұл - Кореяның технологиясымен жасалған сауна. Ертеде Корея императорлары пайдаланған екен. Ғалымдардың айтуына қарағанда, турмалин - емдік қасиеті бар тас. Қыздыру барысында турмалиннен бөлінетін ультрақызыл нұр және теріс ион сарқырамалардағы ең таза ауада тыныс алғандай әсер береді. Ол өкпені тазалайды, қан айналымын тездетеді. 430C температурада қатты терлеу арқылы адам денесіндегі зиянды қалдықтарды тер арқылы сыртқа шығарып, таза жасушаларды оятады. Қартаю үдерісін тежеп, керісінше, арықтау үдерісін жеделдетеді. Терінің серпінділігін арттырады. Мұндай технологиямен жасалған сауна Қазақстанда әзірге жалғыз. Мұнда сегіз адам жұмыс жасап, күніне 20-30 адамға қызмет көрсетеміз», - дейді Думан мырза.
Кәсіпкердің Астанада ашқан тағы бір қызмет көрсету орны - «Қытай медициналық орталығы». Бұл жерде оның жұбайы Гүлия Баянқызы науқастарға инемен емдеу арқылы көмек көрсетеді. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар білікті маманның өзі жұмыс жасайды екен.
Шеттен келетін қандастар - Қазақ елі үшін инвесторлар
Думан Халметұлы серіктестігінде жұмыс істеп жүрген әр адамның бойынан өзіне тән мінез бен асыл қасиеттердің көрінісін табасыз. Думан мырзаның сөзінен түйгеніміз елінің игілігі жолында тер төгіп жүрген азаматқа тән болмыс еді. Тек өз жағдайын түзеп қана қоймай, қоғамға қызмет ету - үлкен абырой. Іскердің өзі азамат ретінде де талай мәдени іс-шаралардың өтуіне атсалысып, қолдау білдіріп келеді. Астананың 10 жылдығына арналған Шетел қазақтарының Қазақстанда «Ән жырым - ата мекенім» атты концертін ұйымдастыруға атсалысып, шеттегі өнерпаздардың ата жұртына танылуына көмек қолын созуын айтсақ болады. Бүгінгі күнде де жаңа құрылған белгілі жастардың футбол командасына қаржылай қолдау көрсетіп, демеуші болуы, осындай шаралардың бел ортасында жүруі - бұл қандастарымыз үшін үлкен мерей екені анық. Тәуелсіз Қазақстанның жүрегінде, оның астанасының мерекесін тойлап халықты ән-жырға кенелту тағдырдың берген үлкен сыйы емес пе? Бабаларымыздың аңсаған арманына осылайша қол жеткізу еліміздің өркендеу жолының дурыс, Елбасының сара саясатының арқасы деп түсінген жөн шығар. Думан мырза сынды жандардың кәсіпкерлік салада жетістіктерге жетіп, мерейі тасып отырғандығы да бейбіт заманымыздың арқасы екендігі шындық.
Астана қаласы көші-қон департаменті жанындағы оралмандар кеңесінің төрағасы болған Думан Халметұлы қандастарымыздың құжат мәселесіне байланысты Қытай елшілігі тарапынан кейбір шешілмей жатқан мәселерді тікелей көтеріп, қандастарымыздың жұмыстарының жеңілдеуіне үн қосып келеді.
«Шеттен келетін қандастар - қазақ елі үшін инвесторлар және еңбек күші». Қандастарымыз, кәсіпкерлікте болсын, мәдениетте болсын, қоғамның әр саласына өзіндік үлестерін қосып жатыр. Олар Қазақстанға көшіп келіп өз ақшасына пәтер сатып алса да, құрлыс саласына қосқан үлкен үлесі. Ауылға келсе - еңбек күші. Демаграфияға қосылған нақты сандық көрсеткіш. Сол үшін қандастарымыздың келуіне көптеп мүмкіндіктер жасап, ауылда егін салуға, мал өсіруге жер беру керек», - дейді Думан Халметұлы.
Орта және шағын бизнес - ел экономикасының қан тамыры
Думан Халметұлының пайымдауынша, кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Қолдау көп. Бірақ, соның жолын тауып, игілігіне жарата алмай жатырмыз. «Қазір жастар тез байығысы, бірден үлкеннен бастағысы келеді. Бірден байлыққа кенелу қиын. Алдымен ойға алған бизнесті толық тексеріп білу керек. Дүкен не дәмхана ашқысы келген азамат, алдымен сатушы немесе даярлаушы болып жұмыс жасап, сол арқылы көздеген бизнестің қыр-сырын әбден біліп, ақырындап өз бизнесін қолға алу керек. Бүгін мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы ғана мемлекеттің даму бағдарламасы аясында біраз кәсіпкерлерді Америкаға жіберіп, өндіріс орындарымен таныстырып келді. Қайнаған кәсіпорындарды өз көзімізбен көріп қайттық. Әрине, Америкамен салыстырғанда бізде орта және шағын бизнестің дамуы өте төмен. Біз ірі кәсіпорындармен шағын бизнесті өзара сәйкестендіруіміз керек. Мысалы, машина жасайтын ірі кәсіпорындарымыз бар. Бірақ ұсақ бөлшектерді әлі де шетелден тасимыз, осындай ұсақ бөлшектердің барлығын шағын бизнестің еншісіне беру арқылы өзара сәйкестендірсек, сол арқылы өз өнімдерімізді көтеруге болады. Жалпы орта және шағын бизнес - ел экономикасының қан тамыры. Жалпы ішкі өнімнің негізін құраушы. Халықты қызметпен қамтушы негізгі күш. Біз осыны түсінуіміз керек, сонда ғана халықтың тұрмысы жақсарады. Зат бағасы арзандайды. Көп нәрсе қол жетімді болады. Шағын кәсіпкерлікті көбейтіп өзара бәсекелестікті қызмет көрсету сапасын арттыруымыз керек», - дейді ол.
Әрине, Думан Халметұлы әр саладан хабары мол сегіз қырлы, бір сырлы азамат ретінде жігітке жеті өнер де аз дегенді дәлелдеп отырғандай. Осындай азаматтар жұргізіп отырған өндіруші орындар көбейіп, бәсеке артқан сайын қарапайым халық үшін қызмет көрсету сапасы жақсаратыны белгілі. Шағын және орта бизнесті дамытып, ел економикасына аз да болса үлес қосып жатқан қандасымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ризабек Нүсіпбекұлы
"ҚазАқпарат"
Әуелгі тақырып: Армандарым Астанада орындалды
Оставить комментарий