Ширек ғасырлық тәжірибесі бар дәрігер – Ержан Нұрмұханұлы

/uploads/thumbnail/20170709195307729_small.jpg

Қазақ ежелден «Дені саудың – жаны сау», «Денсаулық зор байлық» дейді. Сіздің денсаулығыңыз, ұлт саулығының құрамы. Қазақстан егемендігін алып, шетелдердегі қазақтар Атажұртқа көшіп келе бастағалы бері қазақтың мәдениеті, тілі, тарихы ғана оралған жоқ. Әр саладағы зиялы ғалымдар, жазушылар, арнаулы мамандар, дәрігерлер, спортшылар да елге келіп, Ата-мекенінің дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Сондай жандардың бірі ширек ғасырын медицина саласына арнаған Ержан Нұрмұханұлы. Астанадағы «Нұр» медицина орталығы басшысы «Қамшы» тілшісіне сұхбат берді.

Әуелі өзіңізді таныстырсаңыз? Қайда білім алдыңыз?

Мен Ержан Нұрмұханұлы 1968 жылы 10 мамырда Қытайдың Нарынқолмен шекаралас жатқан Монғолкүре ауданында дүниеге келгем. 1986 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шыңжаң медицина университетіне оқуға түстім. 1992 жылы оқуымды тамамдағаннан кейін Іле қазақ облыстық «Достық» ауруханасында хирургия бөліміне орналастым.

Содан бастап 23 жыл сол ауруханада хирургия мамандығы бойынша жұмыс істедім. Мен жұмысқа кіргеннен бастап 2002 жылға дейінгі он жыл уақытымда жалпы хирургиялық жұмыспен айналыстым. Оның ішінде урология, геморрой бөлімі, денсаулықты қалпына келтіру салаларында жұмыс істедім. 2003 жылы жүргізуші, бас дәрігер атағын алдым. Содан кейін аурухана ұжымының орналастыруы бойынша Шыңжаң автономиялы аудандық ауруханасының геморрой бөлімінде жарты жылдық білім толықтыру жұмысымен айналыстым. Жарты жылдан кейін қайтып келіп геморрой ауруларын арнайы маманданған жолмен айналыса бастадым. Облыс көлеміндегі геморрой туралы істелмеген жұмыстарды істеп, бостықтарды толтырдым. Мысалы геморрой ауруларын жаңа технологиямен емдеу жұмыстарын облыста алғашқы болып мен істедім. Кейін геморрой ауруларының ішінде ақпа ауруларын өзгертіп емдеу бойынша да облыста бірінші болып істедім. Сондай-ақ, геморрой ауруларымен қоса бауыр етінің құрттарын зерттеу және оған операция жасау, диагноз қою, дәрімен емдеу, ультра дыбыс арқылы ине шаншып, операциясыз емдеу саласында бірталай жұмыстар атқардым.

Ширек ғасырлық тәжірибеңізде нендей жетістіктерге жеттіңіз?

Осы жұмыстардың арқасында Іле облыстық ғылым-техника комитеті жағынан бірінші дәрежелі « ғылым-техниканы алға бастыру» сыйлығына ие болдым.

Геморрой жағында облыс көлемінде бірінші жаңа тапқырлық жүлдесін алып, 10 мың юань ақшалай сыйлық алдым. 2009, 2010, 2011 жылдары аурухана ұжымы жағынан озат қызметкер болып танылдым. 2013 жылы Қытайдың Шанхай қаласында халықаралық ғылыми талқы жиналысына қатысып, «Халықаралық хирург» деген атаққа ие болып, сертификатын алдым. Сонымен қатар жергілікті халықтың ықыласы жақсы болды. Шыңжаң телевизиясы, Шыңжаң газеті, Іле телевизиясы, Іле газеті, Іле жастар журналы сияқты БАҚ беттерінде жариялап отырды. Осындай қыруар еңбегімізді білгеннен кейін саяси жақтан да мені жұмысқа тартты. Құлжа қалалық мәжілістің депутаттығына шақырды. Соның нәтижесінде мен аурухана жанынан көпір салғыздым. Бұл менің медицина саласындағы халыққа қосқан үлесімнен басқа халыққа тиген пайдам болды.  

23 жылдық жұмыс тәжірибеңізде медициналық еңбектер жарияладыңыз ба?

23 жылдық хирургиялық жұмыс барысында қытай тілінде 11 ғылыми мақала жаздым. Қазақ тілінде 2 зерттеу мақаласын жаздым. 

Атажұртқа қашан оралдыңыз?

2015 жылы тарихи себеппен Атажұртқа оралып, тұрақты кәсібіммен айналысып, геморройды, ерлер ауруын емдеп, ине шаншу деген сияқты Қытайдың дәстүрлі медицинасымен, оған қоса қазақтың ұлттық медицинасымен айналысып отырмын.

Жеке аурухана ашқан болдыңыз ғой?

Қазір Қазақстандағы барлық облыстарда ұсыныспен жұмыстар бастадым. Мысалы Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Қызылорда облысында, Алматы қаласында да жұмыс істедім. Бір жылдан артық Қазақстанның әрбір аймақтарында ұсыныспен жұмыстар істеп, ортамен танысып келгеннен кейін 2016 жылдың соңында бауырым Ербосын Нұрмұқанұлы мен қарындасым Нұршаш Нұрмұқанқызы және жұбайым Пәрида Айдарқызы барлығымыз бірлесіп Астана қаласы, Нұрлы көшесі 13-інші үйден «Нұр» шығыс медицина орталығы атты жеке медициналық орталық құрдық. Орталығымыз жұмыс істей бастағанына жарым жылдай уақыт болды. Жұмыс жүргізу барысында көптеген науқастарды қабылдадық. Оның ішінде бет нерв тамырларына суық тию яғни беттің қисайып қалуы сияқты ауруларды ине шаншып емдеу жағында біз өнімді жақсы нәтижелерге ие болдық. Бұдан басқа да бел ауру, тізе ауру, аяқ ауруларына да біз жүйелі түрде емдеу жасадық. Біз тек қана Қытай медицинасына сүйеніп қалмай заманауи медицинаның артықшылықтарын да мейлінше пайдаланып отырмыз. Мысалы КТ имартаның ерекшеліктерінен пайдалана отырып диагноз қою, сол диагнозымызға қарай жүйелі емдеу әдістерін жүргіздік. Жан-жақтылы әрбір медицинаның ерекшеліктерін толық пайдаланып отырмыз. Ұлттық медицинамен де тоғыстырып, ауруларға қайсысы қолайлы болса сонымен емдеу жүргіздік. Біз тек дәстүрлі медицинамен қатып қалғамыз жоқ.

Ал, өзімнің кәсібім бойынша болғанда Астана көлемінде геморрой ауруын операциясыз емдеу, оған кеңес беру жұмыстарын істеп жатырмын. Урологиялық ауруларға да диагноз қою, кеңес беру, емдеу жағында да мейлінше тәжірибемді қолданып отырмын деп айта аламын.

Қазақстанға келгеннен кейін Қазақстан медицинасындағы қандай жетіспеушіліктерді байқадыңыз, қандай бостықтарды толтыруға мүмкіндігіңіз бар?

Қазақ елі жаңа мемлекет болғандықтан ішінара дара медицина мамандарын тәрбиелеу жағында жетіспеушіліктері көп. Мысалы геморрой ауруларының дәрігері жоқ дерлік. Проктоликтердің саны аз. Мысалы Қызылорда бойынша жалғыз проктолик бар екен. Бұл осы салада мамандардың өте тапшы екенін дәлелдейді. Диагноз қою, емдеу жағында мен ешкімде жоқ ерекшелігімді пайдаланып, Қытай медицинасымен қазақтың ұлттық медицинасын ұштастырып, ешкім істей алмай жатқан жұмыстарды істеймін деп бел байлап отырмын. Қазақстанда ине шаншу жалпыласа бастағанымен, көптеген адамдар нақты мамандық бойынша оқып, арнаулы зерттемегендіктен ине шаншу әлі жүйеге түспеген. Осы ине шаншуды үйлестіру, қалыптастыру жұмысын қолға алып жатырмын. Архивтерімді пайдаланып тіпті маман тәрбиелеуге де дайынмын.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Алдағы жоспарларымыз үш бағытта дамиды десек болады. Бірінші жоспарымыз бет нерв тамырларының инсульт алуы, жансыздануы. Болмаса миға қан құйылу, ми қан тамырларының инсульт алуы, осыны инемен шаншу арқылы қалпына келтіру. Бүгінге дейін бұндай 20-дан артық адам емделді. Олардың 99 пайызының денсаулығы қалпына келді.

Екіншіден, геморрой ауруларын, урологиялық ауруларды Қытайдың дәстүрлі медицинасы мен қазіргі заман медицинасын бірлестіре отырып емдейміз. Жаңа технология, жаңа амалдармен емдейтін боламыз. Қазіргіден де жақсы нәтижеге ие боламыз деп ойлаймын.

Қарындасыңыз Нұршаш та медицина маманы ма?

Қарындасым Нұршаш Нұрмұқанқызы, жұбайым Пәрида Айдарқызыда медицина орталығымызда жұмыс істейді. Нұршаш бұрын Қытайдың Шыңжаң медицина университеті, нөмірі екінші ауруханасында он жылдан астам балалар дәрігері болған. Ол қазір біздің медициналық орталықта балалар емімен айналысады. Балалар жағынан да көптеген істейтін жұмысты істейтіндігімізді айта аламыз. Бұл біздің жоспардың үшінші бағыты. Нұршаш көптеген бала науқастарды қабылдап, өзінің артықшылықтарын әлдеқашан сәулелендіріп болды. Медицина орталығығымзда жұмыс істейтін жұбайым Пәрида Айдарқызыда Іле облыстық «Достық» ауруханасында 20 жыл терапия ауыруларын емдеумен айналысқан маман, орталығығымзда точкаларға укол қойып емдеумен айналысады. Медицина орталығымыздың дәрігерлері тегіс жоғары санаттағы дәрігерлер, келешекте халықтың денсаулығына аянбай қызмет ете аламыз деп ойлаймын.

Медициналық жақта кеңес беру телефоным: +77782680673, жұмыс уақыттарында кеңес бере аламын.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қарабура Құлтай

Связанные Статьи