«Әбден шашылдық, әйтеуір ашылдық» деп жарнама берген дүкеннің саудасы жүріп тұр

/uploads/thumbnail/20170709210440177_small.jpg

Танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар ағам қала орталығында келе жатса, екі жігіт жаңадан салынған сауда дүкенінінің маңдайшасына «Біз ашылдық» деген үлкен жазуды іліп жатыр екен. 
- Әй, бауырларым-ай, осы сендерді түсінбей-ақ қойдым, орыстың «Мы открылись» деген сөзін аударып пайдалана беретіндерің не? Оның орнына нағыз қазақи ұғыммен «Әбден шашылдық, әйтеуір ашылдық» деп жазсаңдар шынайы шығады ғой. Өйткені бұл сөйлемде сендердің қарызданып-қауғаланып, банктерден несие алып, қиналсаңдар да бизнес жасауға әрекет етіп жатқандарың байқалады. Сосын жағдайларыңды түсінген жақсы жандар «мыналар шындарын жазыпты, саудалары жүрсін» деп күнде сендерге келетін болады,- дейді.
Әлгі екі жігіт мұны қожайындарына айтса, құлаққа кіретін нәрсе екен деп жарнама агенттігіне қайтадан тапсырыс беріпті. Арада бір күн өткенде «Әбден шашылдық, әйтеуір ашылдық» деген жазу өткен-кеткеннің назарын өзіне ерекше аударып тұрады. Біреулер «ойпырмай, жаңадан ашылған асхана, мейрамхана, дүкен, сауда орталығы мен мекемелердің бәрінде «Біз ашылдық», «Мы открылись» деген жарнамалардан көз сүрінуші еді, мыналардікі керемет екен» десе, енді біреулер «шындық шырылдап тұр ғой, көмегіміз болсын, осы дүкенге жиі келіп тұрайық» деп жанашырлық танытатын көрінеді. 
Бір айдан соң Тілекең әлгі дүкенге бас сұғып, жағдайларын сұрайды. 
- Саудамыз қызу жүріп жатыр, алушы да көп, келуші де көп әйтеуір,- деп мәз болады дүкен иесі.
- «Әбден шашылдық, әйтеуір ашылдық» деген жарнамаларың күшті болды-ау шамасы,- дейді Тілекең.
- Иә, иә, бір ағаның айтуымен жасатқанбыз оны.
- Сол аға мен болатынмын. 
- Солай ма, ой рахмет, рахмет аға, бізге тамаша кеңес бердіңіз,- деп дүкендегілердің бәрі алғыстарын жаудырады.
- Негізі, қазақи жарнама - табыстың қайнар көзі. Осыны әрдайым есте сақтаңдар,- деп ағамыз аяңдап кете беріпті.

***

Тілеуқабыл ағаның тағы бір қазақи жарнамасы халықтың аузында жүр. Ол былай болған. 
- «Үй сатылады» деп дуалға үлкейтіп жазып қойғаныма көп болды, бірақ ешкім бас сұғып, саудаласпайды дейді бір танысы Тілекеңе.
- «Үй сатылады» деген Кеңес заманынан қалған. Оған жұрттың көзі де, құлағы да үйреніп кеткен. Ешкім мән бермейді, қарамайды. Сондықтан қазіргі талапқа ыңғайлап, басқаша жазу керек. Мәселен, «Үйімізді сатайын деп отырмыз» деп жазсаңдар , мынау не дейді деп өткен-кеткендер жалт қарайды. Өйткені ондай жарнаманы ешқашан, еш жерден көрмеген,- дейді ағамыз.
Ұсынысты бұлжытпай орындаған әлгі ұқыпты адам көп уақыт өтпестен «айтқаның рас екен, үйімізді саттық» деп Тілекеңе телефон шалыпты.

Авторы: Ардақ Айбарұлы

Оставить комментарий

Связанные Статьи