Сәрсенхан Батырхан Бөріханұлы – 1995 жылы 28 наурызда ОҚО, Ордабасы ауданы, Ақпанбатыр ауылында туған. Түркістан қаласындағы ХҚТУ-дың журналистика факультетін бітірген. Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының 1-дәрежелі дипломанты; Республикалық «Махамбет оқуларының» лауреаты; Республикалық KATEV байқауының лауреаты; Республикалық Қожаберген жырау мүшәйрасының 2 орын иегері; Облыстық «Шырайлым-Шұбайқызылым» атты ақындар байқауының бас жүлдегері; М.Мақатаев, Қасымбек Дәрібаев атындағы жас ақындар байқауының бас жүлдегері; ХVІІ Халықаралық «Шабыт – 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы (Поэзия) бойынша Бас жүлде иегері.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де магистратура мамандығы бойынша білім алуда.
Әдебиет пен өнердің, шығармашылықтың алтын бесігі, қара шаңырағы Алматыға ат басын тіреуіңізге не себеп болды?
Бұл сұраққа алғаш Түркістанға барғанда жазған мына екі шумақ жауап берер деп ойлаймын.
Алматыға бар дейді сүйікті анам,
Мына өлкені қалайша қиып барам.
Хан Тәңірі тұрса да анашым-ай
Туған өлке таулары биік маған.
Заңғар таулар тудырған көп дананы,
Жарқ еткен дарындардың от табаны.
Бармаймын Алматыңа, әй,бірақ та,
Өлеңдерім жетектеп ап барады..
Не себептен журналистиканы таңдадыңыз? Ақындық пен журналистиканы қатар алып жүруге бола ма?
Әзілхан Нұршайықовтан бастап көптеген тұлғалар жураналистиканы бітірген. Ақын-жазушы болу үшін сол мамандыққа түсу қажет деген ой келді. Алайда журналистика мамандығы ақын тәрбиелемейтінін кеш түсіндім. Кей сабақтан ішім пысатын. Өзіме қажетсіз дүниелерді миыма қондыруға еріншекпін. Соңғы партада кітабымды оқып отырып, басымды көтерсем 4 курстан бір-ақ шығыппын.
Балалық шағыңыз, өз туған жеріңіз жайлы сыр шертсеңіз?
Туған жерім-Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы. Ордабасы - үш жүздің басы біріккен мекен. Мен балалықтан әлі арыла қоймаған адаммын. Бәлкім ғұмыр бойы бала боп өтетін де шығармын. Бірақ өмір, қоғам оны қалай қабылдарын білмеймін.
«Талап-тәңірден, талант-пендеден» Ақындық өнер сізге қалай дарыды?
Томас Эдисонның «Данышпан - бұл 1% талант пен 99% еңбек »-деп айтқан сөзі бар.
Сондықтан, мен әр минутымды, әр секунтымды ізденіс жолына жұмсауға тырысамын. Бала кезімнен білте шамдарға құмар болып , солардың астында өмірімді өткіздім. Анам ылғи түн ортасында келіп, шамымды өшіріп кететін. Ол «ұйықта» дегені.
Атақты болу дегенді қалай түсінесіз?
Небәрі 19 жасымда «Шабыт » фестивалінің жүлдесін берді. Бес сағат қана ұйықтап ізденіп жүрген жерімнен өмірлік режимдерім күрт өзгерді. Тойға,отырысқа,кештерге шақыратындар көбейді. Уақыттарымның көбі жылап өтті сол шақта. Бірнеше ай тоқырауға түстім. Есімді жиюыма жазушы Аягүл Мантайдың бір ғана сөзі қатты әсер етті.
Қандай кітаптар және қандай ақындарды оқисыз?
Талғап оқимын. Бір кітаптағы білімді жүз кітаптан теріп жүріп уақыт жоғалтқым келмейді. Лев Толстойдың шәкіртімін.
Қазіргі қоғамда ақындар арасында сөзге ән жазу белең алып барады. Яғни, ақындықты бизнеске айналдырып жатқан жандар аз емес?
Әнге сөз жазу да өзінше өнер. Бұл да бір ойдың нәрлілігін, тапқырлықты талап ететін дүние.
«Адамдар алдаса да,
Армандар алдамайды»-деген едіңіз. Қандай армандарыңыз бар ?
Шынымды айтсам, мен таң қаламын. Мен армандаған дүниелердің барлығы дерлік орындалып жатыр. ҚазҰУ-де оқуды армандаған едім, ол да орындалды. Алдыма бір кітап қойып, дәл осындай кітабым шықса екен деуші едім (сыртқы пішімі), кітабым да жарық көрді. Армандар орындалады! Мен оған кәміл сенемін. Алдағы армандарымның жүзеге асуына барымды салудамын.
Әлихан Бөкейханов атамыз: «Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заман» деген еді. Қазіргі қоғамда не нәрсеге көңіліңіз толмайды?
Бала күннен «Ұлтқа не істей аламын?» деген сұрақ мазалайды. Осы сұрақты Мұхтар ағаға (Шаханов) қойғанымда, «әлі баласың ғой» деді. Содан бері ертерек ер жеткім келеді.
«Күліп бастап , күлкісіз қоштасатын,
Жылдарменен , жырларды жек көремін»-деген екенсіз. Өткенге өкінішіңіз көп болды ма?
Көп уақытымызды өткен шақ пен келер шақты ойлап жоғалтып жатамыз. Өткен шақта «әттеген-ай» дейтін жағдайлар болды. Бірақ өкініп сан соқпаймын. Қателік болса сабақ алып, жақсылық болса жігерлендім.
Студенттік шақты бастан өткізіп көрдіңіз. Студенттерге өз ақылыңызбен , тілегіңізді айтсаңыз?
Студент сөзі қателеспесем «ізденуші» деген мағынаны білдіреді. Егер адамдарды көлік деп алатын болсақ, сол көліктердің жанармай бекетінде ең ұзақ тұратын жері «студент» бекетінде. Кейбіреулер жанармай құйдырудың орнына пісте шағып жатады.Үш жүз сегіз рет күліп болғанша, бекеттен өтіп те кетеді. Әр минутты білім жанармайын құюға жұмсасаңыздар екен! Қалған қызықтар соның көлеңкесінде билеп те үлгереді.
Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан : Тілеген Көгершін
Оставить комментарий