ҚР ЖЕРІ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ БЕРІЛМЕЙТІНІ АТАЗАҢДА НАҚТЫЛАНБАСА ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР МИТИНГКЕ ШЫҒАТЫНЫН АЙТТЫ (ФОТО, ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709213548535_small.jpg

Бүгін Алматы қаласында Жасарал Қуанышалин, Геройхан Қыстаубаев, Маратжан Арыстанбек, Ерғазы Алпысбаев сынды ел азаматтары бастаған топ Адам құқықтары жөніндегі Халықаралық бюроның кеңсесінде БАҚ өкілдері мен желтоқсаншылардың қатысуымен жиналыс өткізді. Жиналыста Конституцияның дауға айналған 26-бабына енгізілетін өзгерістер жайы талқыланды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Конституцияға енгізілмек өзгерістер турасындағы заң жобасын бүкіл халықтық талқылауға ұсынған еді.  26 ақпанда бітетін бүкілхалықтық талқылау қызу жүріп жатыр. Халық пікірі мен ел азаматтарының талқылауларынан кейін қабылданатын заң өзгерісіне бүгін жиналғандар түбегейлі қарсылық танытып отыр.

Жасарал Қуанышалин сөзін жиналыстың себебін айтумен бастады:

- «Бүгінгі дөңгелек үстел өте күрделі мәселеге арналып отыр. Барша қазақ жұртын мазалап отырған басты мәселе – президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізуі. Біз Конституцияға енетін өзгерістерге қарсымыз. Себебі, оның барлығы демократияға қарсы, - деп пікірін білдірді.  «Нұрсұлтан Назарбаев бұндай шешімді өзіне жүктелген артық жауапкершіліктен арылып, есесіне жоғарғы би ретінде өзінің диктаторлық өкілеттілігін күшейту мақсатында жасап отыр» деп жалғады сөзін саясаткер.

«Бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз – 26-бап. Біріншіден, Конституциядағы «Қазақстан азаматтары» деген сөзді «әркім» деген сөзбен ауыстырды. Яғни, сол бап арқылы Қазақстанның дүние мүлкіне «кез-келген» адам ие болуға құқылы болып шыға келеді. Ал, еліміздегі ең құнды мүлік – ол біздің жеріміз. Әр мемлекет үшін жерінен асқан құнды дүние жоқ. Өткен жылдың сәуір айында «аукцион арқылы жерді сату және шетелге ұзақ мерзімге жалға беру» туралы заң Жер кодексіне енгізілмек болған. Алайда, халық бірауыздан наразылық танытып, көтерілген соң,  президент мороторий қабылдаған болатын. Сол кезде жүзеге аспай қалған жоспарды енді осындай амал арқылы жүзеге асырмақ. Сонымен, 26-бапқа өзгеріс енгізілсе, Қазақстан жері әркімнің қолында кетіп қалатыны анық. Осы  тұрғыда халық болып, ұлт болып ұйымдасып, бұл шешімге қарсы тұруға міндеттіміз», - деп, сөзін аяқтады.

Жасарал  Қуанышалин бастаған сөз тарих ғылымдарының докторы, профессор, заңгер Есенғазы Қуандықтың пікірімен жалғасты. Заңгер сөзін ежелгі ойшыл, оқымысты Демокриттің сөзімен бастады:

- «Бостандық құлдықтан қаншалықты артық болса, монархиядағы бақытты өмірден гөрі, демократиялық мемлекеттегі қайыршылық соншалықты қымбат. Өзгелерге билік жасайтындар ең әуелі өзін-өзі билеп көрсін. Әділетсіздікке тосқауыл бола білгенің жақсы. Ал, қолыңнан келмесе әділетсіздікке қатыспағаның дұрыс».

Бұл пікірі арқылы тарихшы, заңгер бүгінгі билікке мойынұсынғаннан гөрі, қайыршылықта өмір сүргенімізді артық санайтынын білдіртті. 1995 жылы қабылданған Конституцияны мысалға ала отырып, 9-бетінің 2-бөліміндегі «Адам және азамат» деген тармағына тоқталды.

- Адам мен азамат – бір ұғым. Заңда азамат деген сөздің қатысуы да бекер емес. Себебі, азаматтық құқық тек қана Қазақстан республикасының азаматтарына тән. Президент халыққа керек емес заңды қабылдамаймыз деді. Оған бәріміз куәмыз. Халық – билік көзі, сондықтан, президент те, биліктегілер де халықпен санасуға міндетті.

Заңгердің пікірінше, Қазақстан Республикасының заңына енгізілмек өзгеріс – қазақ жұртына жасалған үлкен қиянат.

- Жұртты әбігерге түсірген 26-бапты өзгертудің астарында қазақ халқының жерді меншіктелуге қатысты сұрқия саясат жатыр. Халық Конституцияға енгізілетін бұл өзгерісті кезінде сатылып кеткен қазақтың кең байтақ жерлерін заңдастыру жолдарындағы құйтұрқы саясат деп білуде. Ал, бұл пікірді билік әзірше жоққа шығара алмауда. Бұл заңды қабылдаудың мақсаты – инвестиция әкелу деген сөзге халық алданбайды. Заң халыққа қызмет етпесе, бостандық жоқ.

Жиналысқа БАҚ өкілдерінен бөлек, ел тәуелсіздігіне қол жеткізу жолында өмірлерін құрбан етуге бел байлаған желтоқсаншылар да қатысқан болатын. Заңға өзгеріс енгізілуіне түбегейлі қарсы желтоқсаншы Сайлау Лепесов ішіндегі жанайқайын эмоцияға беріле отырып бөлісті:

- Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы жандарын құрбан етіп, қорғап қалған жеріміздің тағдыры тағы да талан-таражға түсуде. Тәуелсіздікке жетуімізге ширек ғасыр толды деп бөркімізді аспанға лақтырып, шаттанып жүргенімізде, мемлекетті құрдымға апаратын жымысқы әрекеттерге жол бастаудың төте жолы деп түсінеміз. Және бұндай астыртын айла тәсілдің қолдануына тойтарыс беруге біздер дайынбыз. «Қазақстан азаматтары» деген сөзді «кез-келген», «әркім» деген астары күмәнді сөзбен ауыстырып жазу көзделуде. Бұл дегеніміз құйтұрқы жолмен онсыз да тағдыры қыл үстінде тұрған Отанымыздың болашағына балта шабу әрекеті деп қабылдаймыз. Бұл тәсіл жерімізді Ресей мен Қытайдың қанжығасына байлап берудің оңай тіәсілі. Бұған біздер, ұлт патриоттары, желтоқсаншылар үзілді-кесілді қарсымыз. Жолданған жолдаудан қазақ мемлекетінің тұтастығын жоюды көздеген сөздер мен тармақшалар тез алынып тасталсын. 26-бапқа өзгеріс енгізілмесін. 1986 жылғы ұлт азаттық желтоқсан көтерілісшілер атынан бұл шешімге 100 адам қол қойды.

Ал, «Қамшы» тілшісінің «Ұсыныстарыңыз қабылданбаған жағдайда не істейтін боласыздар?» деген сұрағына ойланбастан: «Ұсынысымыз қабылданбаса, өлуге бармыз», - деді. 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде ел тәуелсіздігі жолында алаңға шығып, бірнеше күн қамауда отырғанын айтқан Сайлау Лепесов барша желтоқсандықтар тобын, әрі қазақ жастарын митингіге шығуға шақырды.

Жиын соңында қоғам белсенділерінен құралған топ төмендегідей мәлімдеме жасады.

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

***

 

КОНСТИТУЦИЯҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУГЕ ҚАРСЫМЫЗ!

 

Қазақстан жұршылығы өкілдерінің мәлімдемесі

 

Қазақстан Республикасының Конституциясына президент Н.Назарбаевтың билік бұтақтарымен өкілеттілік бөлісуге байланысты ұсынған өзгерістері, біздің пікірімізше, мемлекет басқару ісіне ашқандай да оң ықпал жасамайтын, керісінше, оның диктаторлық сипатын және, соған сәйкес, жеке билік режимін бұрынғыдан да бетер күшейте түсетін өзгерістер болып табылады.

Біріншіден, ол өзгерістердің ешқайсысы билік бұтақтарын жасақтау принциптерін шын мәнінде демократияландыруды көздемейді. Мәселен, үкіметті оның мүшелерінің кәсіби қабілеттерін бағалау арқылы емес, «елбасына» жеке берілгендік негізінде оған ант беру арқылы жасақтау принципі, ал, парламенттің қос палатасын да адал, таза, мөлдір, ашық сайлау арқылы емес, «жоғарыда» жасалған сценарийге сәйкес алдын-ала іріктеліп алынған «тілалғыш» кандидаттардан жалған сайлау арқылы жасақтау принципі, сот жүйесін судьяларды олардың кәсіби бәсекелестігі негізінде сайлау арқылы емес, түгел президенттің өзі жеке-дара тағайындауы арқылы жасақтау принципі өзгермеген жағдайда ондай билік тармақтарының Ақордаға, оның шынайы иесі – президентке толық тәуелділігі де сақталып қалады. Яғни, билік бұтақтарын демократия принциптеріне мүлде жат принциптер негізінде жасақтау тәжірибесі, демек, тұтасынан алғанда ел басқару ісінің тоталитарлық болмысы өзгермеген жағдайда билік орындарына қандай өкілеттілік берілсе де, одан ешқандай пайда жоқ, өйткені олар бұрынғысынша тағы да бір адамға бағынышты болып қала береді.

Екіншіден, мемлекет басқару ісі шын мәнінде демократияландырылмаған жағдайда президенттің аяқ астынан билік бұтақтарымен өкілеттілік бөлісу ниеті оның сол арқылы, бір жағынан, өзінің 25 жыл бойы жүргізген халыққа қарсы саясаты кесірінен еліміз бүгінгі таңда өте ауыр экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани дағдарысқа ұшыраған кезде өзінен көптеген жауапкершілікті алып тастауға, екінші жағынан, өзі айтқандай, Назарбаевтың сонымен қатар ең жоғарғы би болып қалу ниеті оның диктаторлық өкілеттіліктерін, жеке билік режимін қазіргіден де гөрі күшейте түсуге ұмтылатынын айқын дәлелдейді.

Үшіншіден, өкілеттілік бөлісу ісіне оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлік мәселесі жөніндегі 26-шы бапты қосарлап, ондағы «Қазақстан азаматтары» сөзтіркесін «әркім» сөзімен ауыстырудың мақсаты, біздің пікірімізше, – биліктің өткен жылғы сәуір айындағы халық толқуларына байланысты жерді аукцион арқылы сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімді арендаға беру жоспары орындалмай қалғандықтан, енді сол жоспарды қазақ жерін әркімге, яғни, кім көрінгенге, соның ішінде шетелдіктер мен азамат еместерге де Конституция негізінде еш шектеусіз жаппай сату арқылы жүзеге асыру деп білеміз!

 

Жоғарыда айтылған уәждерге сүйене отырып, біздер, Қазақстан жұртшылығының өкілдері, мынаны мәлімдейміз:

1.Қазақстан Республикасының Конституциясына президент Назарбаев ұсынған өзгерістердің барлығы ел басқару ісін демократияландыруға емес, керісінше, диктатураны күшейте түсуге бағытталғандықтан, ондай өзгерістердің кері қайтарылуын талап етеміз!

2. ҚР Конституциясының 26-шы бабына ұсынылған өзгерістер қазақ жерін жаппай сатуды заңдастыру арқылы Қазақстанның территориялық тұтастығына, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретіндіктен, аталмыш баптың өзгіртілмеуін талап етеміз!    

3. Қазақ жерін, демек – Қазақ Елін қорғағаны үшін әділетсіз сот үкімімен бес жылға түрмеге кесілген Макс Боқаев пен Талғат Аянға, сондай-ақ, еліміздегі басқа да бүкіл саяси тұтқындарға бостандық берілуін талап етеміз!

Алматы қаласы, 2017-жылдың 22-ақпаны

 

Жасарал Қуанышәлин, Геройхан Қыстаубаев, Маратжан Арыстанбек, Ерғазы Алпысбаев, Алмат Жұмагұлов, Шарбат Қалимоллайев, Қарашаш Боданова

Оставить комментарий

Связанные Статьи