Сіз өзі қандай әкімсіз?! Әнеттен әкімге хат...

/uploads/thumbnail/20170709220536640_small.jpg

«Әкім» сөзінің қай заманда, қандай мағынада пайда болғанын ешкім де дөп басып айта алмайды. Негізгі түп мағынасын да көп адам білмесе керек. Тіпті әкім лауазымындағы құрметті мырзалардың да білмейтіні даусыз. Бір жағынан бұл кешірімді де. Қазақ тілі Абай атамыз айтқандай «толғауы тоқсан» өте көне тіл. Әкім ағаларымыз қазақтың қай сөзінің мағынасын, шығу тарихын зерттеп жатсын. Ниеті болғанымен мемлекеттік қызмет, қоғамдық жұмыстар қол байлау.  Ойды ой қозғап, сөзден сөз туады. Әкім сөзінің тарихына үңілген болдық. Нағыз «әкім» атына қандай азамат лайық екенін анықтауды мақсат тұттық. «Әкім» сөзі туралы кезіккен қызықты бір деректі ұсынуды жөн көрдік.

   Қаз дауысты Қазыбек би Әнет бабаға сәлем бере барып, бір ауыз өсиет айтуды өтінсе керек. Сонда Әнет баба терең ойға батып:

          -Жарайды, айтайын. «Әкім» деген сөзді жадыңда сақта, - депті. Қазыбек би Әнет бабаға ризашылығын білдіріп, жора-жолдастарымен еліне қайтады. Ол жол-жөнекей жанындағы жолдастарынан:

          -Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма? – деп сұрайды. Бірақ бұл сауалға ешкім үндемейді.  Сонда қаз дауысты Қазыбек би Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті:

          -«Ә» дегені – әділ бол,

          -«К» дегені – күншіл болма, көпшіл бол.

          -«І» дегені – ілтипатты бол,

          -«М» дегені – менмен болма, мейірман бол, - дегені» Бұл өсиет Әнет бабадан Қазыбек биге, Қазыбек биден қарға тамырлы қазаққа мұра болып қалды. Нағыз әкім атына осы өсиетке сай келетін азамат лайық секілді...

          Құрметті, әкім ағалар! Егерде қолыңыз қалт етіп, осы мақаланы оқып отырған болсаңыз ойланыңыз. Қандай әкім екеніңізді білгіңіз келсе, Әнет бабаның өсиетіндегі әкіммен өзіңізді салыстыра қараңыз.

          Сонымен, Сіз, қандай әкім болдыңыз?!

 

Ишанбеков Мадияр Ілескенұлы

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент

Оставить комментарий

Связанные Статьи