Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды

/uploads/thumbnail/20170709220648404_small.jpg

Елбасы Конституциялық реформалар жобасына қатысты ұсыныстарды жинақтау, пысықтау, талдау және талқылау жөнінде жұмыстың қызу жүргенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Өзімнің конституциялық құқығымды пайдалана отырып, мен референдумға шығармай-ақ, Парламентте талқылау арқылы Негізгі заңға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадым", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев енгізілетін өзгерістердің бәрі еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін және бұл қадам біз үшін маңызды екенін айтып өтті.

"Біз Қазақстанның саяси моделі – президенттік республиканы сақтап қалатынымызды айтып өткеніміз жөн. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай икемді болуы тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде билік өкілеттіктерінің бір бөлігі биліктің бір тармағынан екіншісіне беріліп, өкілді органдардың Үкімет пен атқарушы органдарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілетін болады, бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге бағытталады. Бізге халқымыздың болашағы үшін маңызды құжат мәселесін шешу керек, бүкілхалықтық талқылаудың қорытындысын шығарып, оны Парламенттің қарауына енгізу мерзімін анықтау қажет. Конституцияның 23 бабына және заңдарға 35 өзгерту енгізілетіні белгілі болды. Енгізілетін өзгерістердің басты мәні – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін биліктің басқа тармақтарына қайта бөлу", – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы басқарудың президенттік моделінің табыстылық факторына, соның арқасында еліміздің әлемдік қоғамдастықта танымал болғанына, халықтың әл-ауқатының артып, оны бұдан әрі жақсарту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанына қатысушылардың назарын аударды.

"Елімізде іске асырылып жатқан Бес институционалдық реформаға және Қазақстан халқына арналған жаңа жолдауға сәйкес, республикамыздың саяси жүйесі де нақты өзгерістерді қажет етіп отыр", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, бүкілхалықтық талқылауға шығарылған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданыстағы редакциясында меншік құқығына қатысты 26-бапқа ұсынылған түзетулер талқыланды. Жұмыс тобы мүшелері аталған нормаға ұсынылған өзгерістерге қатысты халықтан түрлі ұсыныс түскені туралы айтты.

«Конституцияның аты Конституция. Тиісті консенсус болуы керек. Қазақстан азаматтарының пікірін ескеріп, 26-бапқа өзгеріс енгізбеуді ұсынамын. Заңнаманы жетілдіру және оның негізгі ережелерін түсіндіру шараларын одан әрі жалғастыру қажет»,-деді Назарбаев.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған түзетулерді талқылау барысында ел азаматтары жоғары белсенділік танытқанын айта келіп, алдағы реформаның маңыздылығы мен өзектілігін тағы бір мәрте атап өтті.

"Мемлекет құрылымына ұсынылған өзгерістер қоғамымызды демократияландыру ісін күшейтіп, халық билігінің негізін одан әрі нығайтуға, парламенттің рөлін, үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Реформаның түпкі мәні де осында жатыр. Бұған қоса, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің конституциялық негізі жаңғыртылады, конституциялық қадағалау жүйесі жетілдіріледі. Конституциялық құрылымымыздың мызғымастығына деген кепілдік те бекем бола түседі. Жақын арада Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы Парламентке талқылау үшін ұсынылатын болады", – деді Қазақстан Президенті.

Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы жұмыс тобының барлық мүшелеріне табысты және маңызды тарихи жұмыстары үшін алғыс айтты.
 

Оставить комментарий

Связанные Статьи