Қазақ тілінің қоғамдағы статусы жайлы бұрыннан бері айтылып келеді. Бұл жауыр болған тақырып болғанымен, маңыздылығын жоймаған және шешімін таппаған мәселе деп жазады qamshy.kz.
Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді әлі күнге дейін үйрене алмай жүргенін сынға алған пікірлер жиі айтылатын болды. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.
«Қазақ тілін үйрену қиын дейтіндер өз еріншектігін ақтап алғысы келетіндер. Осы ретте бір оқиға есіме түсіп отыр. 10 жыл бұрын шаңғы тебуге бардық. Бізбен бірге Қазақстандағы Франция елшілігінде жұмыс істейтін француз ұлтының қызы да барды. Кешкісін біз кәуап жасап, от жағып, әңгімелесіп отырдық. Француз қызы орыс тілін білсе де тек қазақ тілінде сөйледі. Қазақстанда тұрып қазақ тілінде сөйлеген дұрыс деп шешсе керек. Француз әйелінің Қазақстанда тұрғанына бір жыл ғана болған. Осы уақыт аралығында ол қазақ тілін еркін меңгерген екен. Осыдан сұрақ туындайды. Шетелдіктерге қазақ тілін үйрену оңай да, ал осы елде тұрып жатқан бізге неліктен қиын болуы керек? Сонда шетелдіктер ақылды да, біз топаспыз ба?» деп сауал жолдады Facebook қолданушысы Жанна Ильчина.
Ал Вячеслав Попов есімді азамат қазақтардың кезінде ата-бабаларын жылы қабылдап, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тамағымен бөліскеніне ризашылық ретінде қазақ тілін үйренуге бел буған.
«Қазақ тілін үйренемін деп нақты шешім қабылдадым! КСРО кезінде туылдым, интернатта қазақ тілін дұрыс үйретпеді, одан кейін мектепте де сабақ өз деңгейін өткізілмеді деп сылтау айтпаймын. Себебі қазақ тілін білмегенім тек қана менің кінәм. Нақтырақ айтқанда жауапкершіліктің жоқтығы. Мен өзім қазақ тілін оқымадым, үйренгім келмеді, қажет деп таппадым, қорықтым! Өзіме, қазақтарға, орыстарға және Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдеріне дәлелдеу үшін, өз дәстүріңді, мәдениетіңді сыйлайтын болсаң, халықтар достығын қолдағың келсе, сонау 1927 жылы Түрксиб құрылысы басталғанда менің украин және еврей ата-бабаларымды құшақ жая қарсы алған одан кейін 1941-1945 соғыс жылдарында оларды тамақтандырып, фашизмге қарсы күрескен қазақтардың ана тілін үйренемін деп шештім. Мен және менің отбасым осы жерде бейбітшілікте, тыныштықта өмір сүруге мүмкіндік алдық. Осы көрсетілген құрметке жауап ретінде 6 айдың ішінде қазақ тілінде еркін сөйлеп, оның классикалық әдебиетін оқып, тереңнен түсінетін жағдайға жететін дәрежеде үйренемін.
Біз бауырлармыз! Біздің қанымыз бір! Бір іске бірге кірісеміз!» деп жазады Вячеслав Попов.
Оставить комментарий