ҒҰМЫРҒА ТЕҢ БІР КҮН

/uploads/thumbnail/20170709232558648_small.jpg

(Болған оқиға желісінде өрілген алты көріністі драма)

«Ұлт болмысы әдеби сыйлығы» байқауына (драматургия)

Жасырын аты: Қиқар бала.

Қатынасушылар:  

Жанғазы – жасы елулердегі жігіт ағасы, балқытушы.

Күнімай – Жанғазының жары.

Қасқырбай – ауысым мастері, жасы отыздар шамасындағы жігіт.

Николай Шматко – цех бастығы.

Абыралы – зауыттың бас инженері.

Еркебұлан – жас жұмысшы.

Жанғазының әкесінің елесі, жұмысшылар.

 

Бірінші көрініс

 

Өткен ғасырдың орта тұсы. Қарсақпай елді мекені. Таңғы алакеуім мезгіл. Шымнан салынған қоржын үйдің бір бөлмесі күңгірттеу. Төрдегі кереует үстінде Жанғазы жатыр. Оның әлденеден қиналғаны ыңырси қозғалғанынан байқалады. Осы кезде бір сұлба пайда болып, ол босағаға сүйене береді. Әкесінің елесі. Үстінде ескі шапаны, қолында дырау қамшысы бар.

Жанғазы.(Ұйқысырай күбірлеп) Көптен көрінбеп едіңіз, қайда жоғалып кеттіңіз? Бір мезгіл ошағыңызға оралмайсыз ба?

Әкесі тіл қатпайды. Мылқау жандай сұлық.

Жанғазы. Асқар таудай әкешім-ау, неге тіл қатпайсыз?! Мен сізді сағындым ғой! Сіз кеткелі мына шаңырақ та жетімсіреп қалғандай. Оралғаныңыз дұрыс болған. Менің маңдайымнан иіскер сізден басқа тірі жан табылса бұйырмасын, мына жалпақ жер бетінде. Келіңізші, құшағыма құшырлана қысып, мауқымды басайын!?

Сұлба орнынан қозғалғандай сыңай байқатады. Жайлап басып барып  бұрышта қалқайған биік стол үстінде тұрған баласының үлкейтілген суретіне жақындап, оған үңіліп қалады.

Жанғазы. (тұруға талпынады, тұра алмайды, сосын шарасыздығын сөзбен жуып-шаюға тырысады) Сіз маған ренжіп жүрсіз бе? Ренжімеңіз. Мен сіздің атыңызға кір келтірген жан емеспін. Жұмысқа сіз қалай адал болсаңыз, мен де сондай адалмын. Мұндайда аяқтан шалар жан табылса желкесін үзуге бармын. Осым дұрыс қой, ә, әке?

Әкесі көмескіліктің тасасында басын изегендей болады. Ол суретті сипайды.

Жанғазы. ( мағұрланып) Әне, айттым ғой, мен сіздің жолыңызды адал жалғастырып келе жатқан азаматпын. Нанбасаңыз зауыттағы барлық жұмыскерлерден сұраңыз. Олар сізге дән разы. Мендей ұл өсіргеніңізге тәнті.

Әкесінің сұлбасы бері беттей беріп кілт бөгеледі де, соның артынша теріс айнала беріп, үйден шыға жөнеледі.

Жанғазы. (ышқына) Әке! Әкетайым менің!..

Орнынан атып тұрған Жанғазы көмескі бөлмеде жалғыз екенін аңдап, басын қос қолдап қысқан күйі  кереуетке қайта отыра кетеді. Осы кезде бөлмеге Күнімай кіреді.

Күнімай. (шошына) Біссіміллә! Біссіміллә!.. Отағасы-ау, жайсыз түс көрдің бе, дауысың тым қатты шықты ғой?

Жанғазы. (есеңгіреген қалпынан арылмай) Иә, жайсыз жатқанмын ба...

Күнімай. (ерінің басын кеудесіне баса) Шаршағансың ғой. Шаршайтын жөнің бар. Күні-түні ыстық пеш жанында жүру оңай дейсің бе! Оның үстіне сен дем алмағалы қашан-н... Еңбек демалысыңды алып, ел сияқты  бір мезгіл курортқа барып келсеңші.

Жанғазы. (сәл есін жинағандай) Сен де айтады екенсің... Мен курортта тырайып жатқанда мұндағы жұмысты кім атқарады?

Күнімай. Е, атқарар қаптап жүрген қара-құрым жұрт.

Жанғазы. Атқаруын атқарады ғой. Бірақ, мұнда жұмыс қызып жатқанда мен ол жақта тыныш жата аламын ба! Әрнені бір уайымдап мазам кетер.

Күнімай. Әй, сен де... (еркелеткендей ерінің шашын ұйпалақтайды) Сені түзесе атам ғана түзей алар. Ал, басқаның қолынан ондай келеді деп ойламаймын. Айтпақшыдай... сонша шошырлықтай не көрінді?

Жанғазы. Әкем келген екен. Бірақ, ол маған жақындамады, суретімді сипай тұрып-тұрып, әрі кетіп қалды. Әлденеге назаланып жүрген сияқты.

Күнімай. Назаланса назаланатындай жөні бар. Біраздан бері бейсенбі, жұмада құран да оқытпадық. Бәрі сенің жұмыс бастылығыңнан. Дәл осы бейсенбіде ме... Өзім оқытамын, көрші-көлемдегі үлкендердің басын қосып.

Жанғазы. Сөйтші, айналайын! Сөйтіп мені бұл парыздан құтқаршы.

Күнімай. Пәлі! Мынау қай сөзің? Отағасысыз әйел басыммен мен қалай үлкендердің алдында көстеңдемекпін, ә?

Жанғазы. Неге көстеңдейсің? Құдайға шүкір, балаларың бар, абысын, қайындарың болса-болмаса жетеді. Соларды жүгіртіп қой да, өзің отыр отыңды көсеп. Сен дәм дайындасаң оны дастарханға жеткізу басқаларының қолынан келер.

Күнімай. (шарасыздықтан опынған рай таныта) Әй, саған дауа жоқ-ау, дауа...

Жанғазы. (ыржиып) Осындай дауасызға тұрмысқа шыққан өзіңнен де бар. Жұмсақтау бір жанның етегінен ұстағаныңда бүгінде өзің би, өзің қожа болып жүрер едің, сары қарын бәйбіше атанып...

Күнімай. Бар айтпағың осы ма? Аңғалдығың қалмапты-ау! Ездің етегінен ұстап ұжмаққа шыққанша, нағыз еркектің етігін тазалап тозақтың төңірегін жағалағаным жақсы екенін білдім ғой, мен байғұс. Сосын қолқаңды қайтармадым. Әйтпесе, үй маңын торығандар жетерлік екенін өзің де аңдағансың.

Жанғазы. Байқағанмын, айналайын, байқағанмын. Ерегіс басының өзі осыдан туындаған. Жүректің жазғанымен келмесе, білектің күшімен тартып аламын деп өзіме-өзім серт те бергенмін.

Күнімай. (ерінің ернін алақанымен баса) Тоқта, нарқоспағым, тоқта, алқынысыңды баса тұр. Сонда... Сонда сен маған ерегіспен үйленгенсің бе? Жүрегіңде титтей болса да сезім ұшқыны болмағаны ма?

Жанғазы. (күйгелектене қалып) Оны кім айтты саған!? Қой әрі... (кеңк-кеңк күледі) Сен мені әлі күнге ұғына алмапсың. Мен ұнатпаған жаннан үй айнала қашар едім ғой. Ал, сені шын жақсы көргенім ақиқат. Сосын ғой шырқ көбелек айналып, маңыңнан шықпағаным...

Күнімай. Е, күні бойы осыны мойындамайсың ба, адамды әрі-сәрі етпей. Қой, жаңа түскен жас келіншектей еркек жанынан шықпағаным ұят-та... Біреу-міреу көрсе не ойламақ? Шай-пайыңды қамдайын. Жұмысқа барар кезің де жақындап қалған сияқты. Қазір жер-дүниені жаңғыртқан гудок үні  дабылын жаяр...

Жанғазы. Жайсын, жарықтық, жайсын. Әкемізді асыраған осы үн, бізді арқа-жарқаға жеткізген осы дабыл. Ендеше, тырайып жата бергенім болмас. Қой, тұрайын.

Орнынан көтеріле береді.

Шам сөнеді.

 

Екінші көрініс

 

Зауыт ауласы. Әр-әр тұста «Бесжылдықты мерзімінен бұрын орындайық!» «Жанкешті еңбегіміз – Отан игілігіне!» деген ұрандар көрінеді. Аулада қолына күрек, сыпырғыш ұстаған адамдар қарасы молайған.

Аулаға аяқ басқан шамада ештеңеге түсінбеген Жанғазы таңырқап тұрып қалады.

Жанғазы. (өзінен-өзі күбірлеп) Мынау не ғажап дүние? Ауысымнан шыққандарды аула тазалауға кім салған? Түсінбедім...

Басын шайқайды.

Осы кезде мысықша басып жанына Қасқырбай келеді.

Қасқырбай. (қулана) Жәке, неге кідірдіңіз? Аңырған түріңізге қарап тіпті аяп кеткенім...

Жанғазы. (селк етіп артына қарағанда Қасқырбайды көреді) Ә-ә, мысықтабандап жүрген кім деп ойласам, сен екенсің ғой!?. Сен мені аясаң құдай сені аясын, қарағым. Мен жәй, мына көрініске таң-тамаша қалып тұрғаным. Қашаннан бері бастықтар адамдарды тынықтырмай, жұмыстан жұмысқа салатын болған, ә?

Қасқырбай. Салса ерік қолдарында. Біз олар үшін шахмат тақтасындағы пешкілер орнындағылармыз. Жұмсаймын десе жұмсайды, құрбандыққа шаламын десе шала салады. Оған таң қалатындай ештеңе жоқ, ағасы.

Жанғазы. Қой-әй! «Іріген ауыздан шіріген сөз шығадының» керін келтірмей жайыңды біл. Бастықтар айтса бір білгендері болғаны да. Айтпақшыдай... Осы сен не тантып тұрсың? Өзің де сол терінің бір пұшпағын ұстаған қу емеспісің!?

Қасқырбай. (ыңғайсыздана) Бізге пұшпақтан бұйырғаны жүн-жұрқа ғана, Жәке. Оны өзіңіз де білесіз. Сондықтан маған тісіңіздің қанын жұқтырмаңыз, ағасы.

Жанғазы. (ананың абдырай қалғанын қызық көргендей) Шымбайыңа батып кетті ме, шоршып түстің ғой!? Жарайды, бұртима. Одан да мына жағдайға түсінік берші, мынаның артында не тұрғанын білесің бе?

Қасқырбай. (иығын қушита) Ит біліпті, үлкендердің не ойлағанын. Әйткенмен, мен болжасам, біреу-міреу ат ізін салатынға ұқсайды. Сондайда біздің бастықтар алас-күлеске әуес болып кететінін өзіңіз де көріп жүргеніңіз анық та.

Жанғазы. Ә, иә, көріп жүрміз сан құқайды. Дегенмен, мына жанталастың астарында бір құпияның бары шындық. Әйтпесе, түні бойы көз ілмеген жұмысшыларды өрісінен қайырмай, тынығуға жіберер еді...

Қасқырбай. Азар болса бір дөкей ат басын шалдыруға ниет еткен шығар.

Жанғазы. Дөкейің келсе келген ізімен кері қайтады. Оған шала бүлінердей не көрініпті соншама?

Қасқырбай. Сізді де көпті көрген аға дейміз-ау! Дөкей келсе келген ізімен бірден кері қайтпайды, зауыттың іші-сыртын аралап көреді. Сөйтіп жүргенде олардың шалбарының балағын шаң баспауы керек. Ол үшін не істеуге тиістіміз?

Жанғазы. (иығын қушитып) Иә, не істейміз?

Қасқырбай. Жүрер жолдарын мұнтаздай тазалап қойғанымыз жөн. Соны істесек көзге түсеміз, іскер басшы атанамыз.

Жанғазы. Ал, істемесек ше?

Қасқырбай. Онда нағыз сайтанның сапалағына айналамыз.

Жанғазы. Түсіндім, айналайын, түсіндім. Соқырға таяқ ұстатқандай етіп санама бәрін құйып бердің. Рахмет. Бірақ, мен тағы бір дүниені ұғына алмай тұрмын: бәрін біле жүріп өзің неге үлкен бастық болып алмадың, ә?

Қасқырбай. Болса несі айып? Сіздей ағалар тұрғанда болармыз әлі. Тек, демеп жіберсеңіздер жетіп жатыр.

Жанғазы. Демейік, жарқыным, демейік. Тек, арық суындай сылдырамай  жұмысыңа байсал қарап, байыпқа жүгінші. Сонда, демемек түгілі мойынымызға көтеріп алатынымыз шүбәсіз.

Осы кезде бұлардың жанына Николай Шматко келеді. Ол Қасқырбайды көргенде жаратпаған рай танытады.

Шматко. (таза қазақша сөйлеп) Қасқырбай, інішек, сіз неғып мұнда тұрсыз? Смена кабылдап алмайсыз ба?

Қасқырбай. (қыбыжықтай қалып) Қабылдаймыз ғой, қабылдаймыз. Міне, Жанғазы ағамен сол жайында кеңесіп тұрғанымыз.

Шматко. Уақыт найқалуды көтермейтінін сізге ұқтырудың қажеті жоқ шығар. Олай болса, цехқа тартқаныңыз жөн!

Қасқырбай кетеді. Оның соңынан қарап тұрған Николай анау ұзаған шамада басын шайқайды.

Шматко. Мен бүгінгінің жастарын түсінбеймін. Ебіл-дебілге ғана үйір өздері. Әттең, жоғарғы жақта аюдай ақырған ағасы отыр, әйтпесе баяғыда-ақ қара жұмысқа жегетін жігіт.

Жанғазы. (езуіне күлкі үйіріп) Содан кейін екен ғой, менің ауысымыма тықпалағандарың?

Шматко. Ренжімеңіз, Жаке, ренжімеңіз. Басқа амалымыз қалмады. Басқаларға жіберсек өзім білемге басып, бірдеңені бүлдіре ме деп қорықтық. Ал, сізден қаймығады. Қаймыққан соң артық-ауыс ағаттыққа баспайды. Осыны ойладық.

Жанғазы. (кекесінді) Сенімдеріңе рахмет! Е, бір қауым елден бір жетесіз шығуға тиісті де. Ештеңе етпес, әліміз жеткенше жолға салып бағармыз. Ол ертеңгі күннің еншісінде. Ал, бүгінгіні түсіндіріп берші, мына қара-құрым жұрт басқа жұмысы қалмағандай неге аула тазалауға көшкен, ә?

Шматко. Шынымды айтсам басқарма жақтан хабарым там-тұм. Әйткенмен, сыбыс жеткен – обком хатшысы келеді-ау, шамасы...

Жанғазы. Хатшы келсе кетуі де тез. Сонда мына жандарды қинауға бола ма?

Шматко. Әрине болмайды. Оны жоғарыдағылар да біледі. Дегенмен, амал қанша, осылай істеуге тура келген шығар. Оған бас қатырып қайтеміз, жұмысымызға барайық. Қарсақбай – Қарсақбай болғалы үлкен-үлкен бастықтарды талай қарсы алған, алда да ала  береді. Солай, Жаке!

Екеуі екі жаққа тарасады.

 

 

Үшінші көрініс

 

Цех іші қарбалас. Төрт-бес жұмысшы құрал-саймандарын сайлап алып олай бір, былай екі өтеді. Ауыздарын арнайы тұмылдырықпен тұмшалап алған. Тарс-тұрс дыбыс. Аспалы кранның сырылы естіледі.

Сәл тынығуға Жанғазы бері беттейді. Оның да тұмылдырығы бар. Шешеді.Өзі жұмыс киімінде.

Жанғазы. (ойлана тұрып) Әзірше бәрі ойдағыдай. Қызу мөлшері көңілдегідей. Ауа қысымы да қалыпша. (арнайы киімінің жеңін көтеріп, сағатына қарайды) Тә-әк, енді бірер сағаттың мұғдарында мыс та толық піседі. Сәтін салып, төкпей-шашпай құйып алсақ бүгінге сол олжа.

Ойланып тұрғанында қасына Еркебұлан келеді. Оны көргенде Жанғазы елпілдеп қалады.

Жанғазы. Кел, айналайын, келе ғой. Аралық сәл тыныста таза ауаға шығып алған жөн.

Еркебұлан. Бүгін мыс өз бабында пісіп жатыр-ау деймін, ә, ағатай?

Жанғазы. Әлбетте, Еркебұлан, әлбетте. Байқаған адамға бұл тірлік  ет асумен пара-пар нәрсе. Мысалға: етті бабында қайнатпасаң сорпасы шулығып, өзі қатайып пісіп, жегенде жайсыздық тудырады ғой. Сол сияқты, мысты да бабымен қорытпасаң сапасы төмендеп, еңбегіңді еш қылады. Сондықтан, болашақта кәттәбай балқытушы боламын десең осы бастан бұл жұмыстың бүге-шігесін үйренуден жалықпа.

Еркебұлан. Ынта-шынтам балқыма үстінде.

Жанғазы. Оны байқап жүрмін. Талабыңа ризамын да. Е, Қарсақбайдың бүгіні бізбен байланысты болса, ертеңі сендерге қатысты, айналайындар. Жастар білікті боп өссе ағаларына абырой. Лайықты ізбасар дайындадық деп артымызға алаңдамай, тыныш дем алуға мұрсат табамыз. Біле-білсең қара шаңырақ – Қарсақбайдың бар жауапкершілігі сенің және менің мойнымызда. Екеуіміз мақтан етуге тиістіміз – сонау-у 1928 жылы мұндағы алғашқы балқыманы сенің атаң мен менің әкем тізе қоса отырып алған екен. Бұл қазан айында жүзеге асыпты. Ендеше, алғы буын атына кір жуытпауды біз ойламасақ кім ойламақ!?

Еркебұлан. Ұғындым, ағатай! Сіздер сенім артсаңыздар, сенім жүгін көтеруге тырысып бағатынымыз сөзсіз. Әскер қатарынан оралған соң бірден осында тартқаным – ата алдындағы жауапкершілікті сезінгенімнен шығар. Шынында, жастар жапатармағай оқу іздеп алысқа кетсе мұнда кім қалмақ, мына жұмысты кім атқармақ?

Жанғазы. Міне, бұл нағыз азаматтығыңның белгісі, туған топыраққа адал көңіліңнің айғағы. Мақтансақ қарсақбайлықпыз деп мақтануға біз толық құқылымыз. Өйткені, мына өңір құт дарыған өңір, береке қонған аймақ. Қарсақбай қашанда дүйім жұртқа ырыс әкелген. Несібесін осы аймақтан тергендердің, шүкір, жаман болғанын естіген де, көрген де емеспін. Тіпті, әне бір ашаршылық жылдарында үзім нан іздеп келгендердің тіршілік тамыры түзелгенде  кері қайтқаны бар ма? Жоқ. Ендеше, мына мекен – Алланың нұры жауған мекен екенін естен шығармағандарың абзал.

Еркебұлан. Әлбетте есте сақтайтынымыз аян.

Жанғазы. Мына далада Қаныштай қазақтың ұлы перзентінің ізі, жусан, көдесінде маңдай терінің табы қалған. Осыны да ұмытпағайсыңдар!

Еркебұлан. Қаныш ағаның халқы үшін сіңірген еңбегін біздің толқын  ғана емес, келер буын  да ұмытпас, жалпы қазақ мақтан етер.

Жанғазы. Сөз-ақ! Елдің елдігін, халықтың халықтығын қалыптастырған Қаныш сияқты біртуарлар! Олардан тәлім терген ұрпақ жасампаздығын жоғалтпаса керек.

Еркебұлан.  Берекемізден айырмасын, ағатай!

Жанғазы. Бәрекелді! Әркезде санаңда ұста, бізді әкелеріміз еңбекке адал болуға тәрбиеледі. Сәл ағаттық жасасақ кешірмеді. Әлі есімде, бірде мынадай оқиғаны бастан кешкенім бар. Өз қолым өз аузыма жеткен тұста әке ықтиярынан босап, басқа ауысымға ауысқанмын. Ыңғай бозөкпелер жиналыппыз. Сандық көрсеткішімізді көтеруге жанталасып жүргенімізде сапа дегенді ұмытып кетіппіз. Шикілі-пісілі мысты дайын өнім деп қабылдап, соған марқайыппыз. Бастықтар осыны әкеме жеткізген бе, бір жолы ол келді, қабағынан қан жаудырып.

– Мен сені азамат па деп жүрсем нағыз шірік екенсің ғой! Барыңнан жоғың! – деді қаһарланып. Сөйтті де қамшысымен жон арқамнан салып жіберді. Қайқаң еттім. Қатты ұялдым. Үйге жарты айдай бармай қойдым. Осы уақыт ішінде әкем аяушылық танытпады. Цехта түнедім. Ақыры дегеніме жеттім. Сапалы өнім алып, алғысқа бөлендім. Сонда ғана әке тарапынан жылы қабақ нышаны пайда болды.

Біз осылай жетілгенбіз, айналайын.

Еркебұлан. Ағат бассақ сіз де қамшыңызды білеуден жалықпаңыз.

Жанғазы. Ондайға барғызбай-ақ қойсын. Мен тоғайдым, өзіңе де, сөзіңе де толдым, шырағым!

Осы кезде ішке Қасқырбай өтеді. Ол Еркебұланды көргенде ешкікөзденіп, оған ұрса бастайды.

Қасқырбай. Әй, сен мұнда неғып арқа-жарқа боп отырсың, ә?! Жұрт ақ тер, көк тер болып ана жақта сіңбіруге мұрша таппай жүргенде жұмыстан қашқандай бір қуысқа кіріп алыпсың ғой өзің! Әйда, марш!

Еркебұлан сасқалақтап қалғанда араға Жанғазы килігеді.

Жанғазы. Сабыр, Қасеке, сабыр. Бұған ұрсар болсаң мен де отырмын ғой, маған да тіл безе.

Қасқырбай. Сіздің жөніңіз бір басқа...

Жанғазы. Қателесесің, Қасқырбай інішек, қателесесің! Менің жаным бұлардың ешқайсынан артық емес. Көрер көрешегіміз бір болған соң біз қызықты да, шыжықты да бірге бөлісуге міндеттіміз. Ендеше нысанаң бірінші болып көпті көрген маған бағытталуға тиісті еді. Бәлкім, солай да шығар,ә?!

Қасқырбай. (қыбыжықтап) О не дегеніңіз, Жәке, о не дегеніңіз?.. Мен жәй, әншейін... еңбек үстінде ұжымның әр мүшесі  қазандық маңында болсын дегенім де.

Жанғазы. Е, солай деп көңілімізді жайлап қойшы. Әйтпесе, дігерлеп зәре-құтымызды қашырдың ғой, тіпті. Қой, тұрайық. Әуп!

Еркебұлан жеделдетіп шығып кетеді. Жанғазы да кетуге ыңғайланғанда Қасқырбай бөгейді.

Қасқырбай. (әлдене айтпаққа ниеттенген, бірақ батылсыздық танытқан кейіпте) Жәке, сізбен бір мәселе төңірегінде сөйлеспек едім...

Жанғазы. Иә, тағы не құпияң бар еді? Құлағым сенде.

Қасқырбай. Бұл құпия емес, жәй пікір алмасу ғана. (Жан-жағына алаңдай қарап қояды.) Осы сіз Николай Шматко жөнінде қандай пікірдесіз?

Жанғазы. (иығын қиқаң еткізеді) Қандай пікірде болушы едім?.. Өз ісімен әуре бір жан, әйтеуір.

Қасқырбай. Мұндағылардың бәрі өз ісімен әуре болып жүргендер. Оны айтпаймын, өзі былай... қалай, цех бастығына лайықты жан деп ойлайсыз ба?

Жанғазы. Лайық, немесе лайық еместігін мен шешпеймін ғой. Сондықтан бұл сұрақты зауыт директорының алдына қойсаң өте дұрыс болады.

Қасқырбай. Зауыт директоры да басқа ұлттан екенін ұмытпағайсыз. Ондайлар бірін-бірі сатпақ емес.

Жанғазы. Мұнымен не айтқың кеп тұр өзі?

Қасқырбай. Жәй, әншейін...

Бөгеліңкіреп қалады.

Жанғазы. Әй, шырағым, қазығын айналған аттай несіне бір ізді шиырлай бересің! Қыбыжықтамай ойыңдағыңды ақтарып тастасаңшы? Жігіт емеспісің! Жігітке жігерлілік қана жарасар болар!

Қасқырбай ойланғандай сәл бөгеледі. Сол қалпында Жанғазыға сынай көз тастайды.

Қасқырбай. Жәке, осы Шматкоңыз, байқаймын, кейінгі кезде еркінсіп кеткен сияқты. Бізді, мысалға сіз екеуімізді, адам деп есептемейтінге ұқсайды. Қолынан келсе қонышынан басуға ниетті. Ауызын жауып жүрсін, сыбағасын беріп қойсаңызшы...

Жанғазы.  Е, не қылмайсың дейін сонда?

Қасқырбай. Жер біздікі, ел біздікі, еркінсіме деңіз.

Жанғазы. Біріншіден – қара жер табаны тиген пенденің бәріне ортақ. Оны бөліп-жарып қойған ешкім жоқ. Екіншіден – зауыттағы басқа ұлт өкілдері Қарсақбайға жер ауып келмеген, ортақ ырысты еселеу үшін арнайы жіберілген мамандар. Сондықтан олар туралы ғайбат сөйлеуге ешкімнің құқы жоқ. Біз адамды нәсіліне емес, адамдық болмысына қарап бағалауды үйренуіміз керек. Сонда ғана азаматтық келбетімізді сақтауға мұрсат табамыз. Ал, Николайдың жеке басын алсақ, ол бейшара өз білгенін басқалар да білсін деп шыр-пыр болады.

Қасқырбай. Оның білгенін біз де білеміз.

Жанғазы. Білсең білетініңді дәлелде де орынын тартып ал.

Қасқырбай. Оған түрткі керек қой. Мәселенки, сіз сияқты беделді адамдар қолдап жатса бір сәрі.

Жанғазы. Қолдайық. Нәсібің артса желеп-жебеп те жіберейік. Тек, шалтай-балтайлығыңды доғарып, тиянақтылығыңды тұғырлашы. Келісеміз бе?

Қасқырбай. Ой, сіз де...

Қасқырбай жөнеле береді. Оның соңынан қарап тұрған  Жанғазы басын шайқайды.

Жанғазы. Құдды, әкесі! Айнымайды-ау, айнымайды. Әкесі де, қара жер хабар бермесін, тиянақсыздау, парықсыздау кісі еді. Біреудің сыртынан сөз тасымаса ішкен асы бойына тарамайтын, жарықтықтың. Сөйтіп жүріп өңіріне екі-үш медаль қадады. Е, пәледен машайық қашыпты қағидасын ұстанған бастықтар марқұмның сала құлаш тілінен қаймыққандықтан тізімге іліктіре салатын да, анау аларын алып қалатын. Ақыры ол өз дегеніне жетіп тынды. Анда шапқылады, мында шапқылады, жалғыз інісін басқармадағы жайлы орынға жайғастырып көңілін жайлады. Қасқырбайдың ілініп-салынып жүргені сол ағасының арқасы. Енді келіп... Бұның да бастықтықтан дәмесі бар. Әй-әй, қанағатсыз көңіл-ай, сен адамды тегінде орға жығып  қана тыныштық табасың-ау?!

Шам сөне береді.

 

Төртінші көрініс

 

Сол көрініс. Әріде приборлар қарасы шалынады. Анасына бір, мынасына екі үңіліп жүрген Жанғазыны байқаймыз.

Жанғазы. Жақсы. Жақсы! Жалын қызылдан гөрі күлгін рең алған. Бұл жақсылықтың белгісі, бұл мыс пісуге жақындады деген сөз.

Тағы біріне жеткенде қалт бөгеледі.

Жанғазы. Еркебұлан, А, Еркебұлан!

Еркебұлан асығыс келеді.

Еркебұлан. Жай шақырдыңыз ба, ағатай?

Жанғазы. Адамды адам жайдан-жай іздемейді, керек болған соң іздейді.

Еркебұлан. Тыңдап тұрмын.

Жанғазы. Сен жігіттерге жеткіз – аспалы кранды бағыттауға дайын отырсын.

Еркебұлан. Олар сақадай сай тұр. Ол үшін уайымдамаңыз.

Жанғазы. Есіңде ұста – сақадай сайдың да бір пысықтауы болады.

Еркебұлан. Түсіндім.

Жанғазы. Айналайын, басқа қалмағандай сені жұмсай беретінім неліктен? Осыған ой жібердің бе?

Еркебұлан. Жаспыз ғой – алып кел, шауып келге икемдіміз...

Жанғазы. Түсінбепсің. Тіпті де олай емес. Әлгінде айттым емес пе – ертеңіміз сендер деп. Сондықтан көре жүріп үйренсін деймін мен. Бәріне араласып, бәрін қолыңмен ұстап жүрсең еске ұстауың беріктенеді. Қанша айтқанмен, мың естігеннен бір көрген әлдеқайда пайдалы ғой.

Еркебұлан. Сеніміңізге рахмет, ағатай!

Ол кетуге ыңғай танытқанда Жанғазы бөгейді.

Жанғазы. Тағы жадыңа тұтарың: өсем десең өсекке ерме, тиянағы жоққа жұғыспа. Өсекке ерсең өрт ішінде қаласың, тиянақсызға тақалсаң там-тұм абыройыңнан айырыласың. Солай, айналайын! Енді бара бер.

Еркебұлан. Айтқаныңызға құлдық!

Еркебұлан асығыс шығып кетеді.

Жанғазы. (өз-өзінен сөйлеп жүреді) Әй-әй, жассыңдар-ау! Жас болған соң елпілге үйірсіңдер. Өнем десеңдер өндір шақтан бастап өрге қарай құлаш жазуға дейін қойғандарың абзал. Сонда, жуанның өзі майысып, қаттының өзі қақ айырылады. Біле-білсеңдер тіршілік деген мына жалындаған пештің айна қатесіз көшірмесі. Оған жақындаудың тәсілін білмесең қарып тастайды. Ал, отқа бір қарылған адамның ыстыққа қайта беттеуі мүмкін емес. Сондықтан, осы бастан оң мен солды танып алсаңдар құба-құп.

Тағы приборларға үңіледі. Танауын жоғары көтере иіс алады.

Жанғазы. Түйсігім алдамаса осы мысың пісудің аз-ақ алдында. Иә, сәт!

Осы кезде абдыраған Қасқырбай көрінеді.

Қасқырбай. (қолын ербеңдеткен қалпында) Бәрі бітті, Жәке, бәрі бітті! Бүгін мыс ала алмайтын болдық!

Жанғазы. (шошына) Біткені несі?! Мыс ала алмаймызың қай сандырағың?!

Қасқырбай. Бітті деген соң бітті!

Жанғазы. Тәйт әрі! Осы сенің аузыңнан бір жақсы сөз естімей кететін болдық-ау...

Қасқырбай. Естігеніңізді малданыңыз!

Жанғазы. Қой, айналайын, болам деген адам үкімет шаруасымен ойнамас болар...

Қасқырбай. Ойнап тұрған ешкім жоқ. Әлгінде зауыт директоры шақырады дегенге екі өкпемді қолыма алып жетіп барсам, ол оқтау жұтқандай сіресіп қалыпты. «Балқыманы тоқтатыңдар!» дейді әй жоқ, шәй жоқ.

Жанғазы. Ал, оған сен не жауап қайырдың?

Қасқырбай. Бастық бұйырса біздің еншімізде орындау ғана қалады. Содан жеткенім осы. Тоқтатыңыз барлық процесті!

Жанғазы. Ей, не тантып тұрсың өзің?! Процесті дәл қазір тоқтатсақ бәрін бүлдіреміз ғой! Мына пісіп тұрған мыстың сонда обалы кімге? Шығыны кімнің мойнында?

Қасқырбай. Обал-сауап жөнінде үлкендерге айтыңыз. Ал, мен ауысым мастері ретінде сізге бәрін тоқтатыңыз деп бұйырамын!

Жанғазы. (күйіне) Әй, есалаң! Есірмей бас балқытушы есебінде мені де тыңда. Мен елдің еңбегін еш етуге ешқашанда жол бермек емеспін. Олай болса, көзіме көрінбей бұл арадан тайып тұр!

Қасқырбай. Сіз... Сіз мына қылығыңыз үшін басыңызбен жауап бересіз!

Жанғазы. Оны кезінде көре жатармыз!

Қасқырбай. Мұның соңы түбінде жақсылыққа апармайды!

Жанғазы. Ел ырысын рәсуә еткеннен келер жақсылықты малданбай-ақ қойдым! 

Қасқырбай. Олай болса өз обалыңыз өзіңізде...

Ол  кете барады.

Жанғазы. (ашуға булыға) Түк түсінсем бұйырмасын! Осындай бұйрық берген зауыт директоры ақымақ па, жоқ, әлде, сол бұйрықты орындауға асыққан мына жарымес ақымақ па? Әй, екеуі де сау сиырдың боғы емес шығар...

Қалт тұрып қалады.

 

Бесінші көрініс

 

Сол сахна. Жұмыс барысында жүрген ауысым жұмысшылары сапырылыс үстінде. Біреулері күрек-қайлаларын көтерсе, енді біреулері үлкен астауды сырғытып барады.

Бір бұрыштан Николай Шматко қара көрсетеді. Соңында Қасқырбай. Қасқырбай цех бастығына әлденелерді түсіндіре қолын ербеңдетіп келеді.

Оларды Жанғазы қарсы алады.

Жанғазы. Бұрын қара көрсетпеуші едің, Николай жолдас, бүгін бізді айналсоқтап кеттің ғой, жайшылық па?

Шматко. Жай болмай тұр-ау, Жаке, жай болмай тұр...

Жанғазы. Сонда шауып жатқан қандай жау?

Шматко. Жаке, өзіңіз білесіз, мен ортақ мүдденің жақтаушысымын. Жұмыс-жұмыс деп қатын-балаға қарамай кететінім сондықтан. Бірақ... Ішім ауырады, қайтейін, бұйрықтың аты – бұйрық. Оған бағынған жөн.

Жанғазы. Оу, ағайын, өлтірсеңдер айтып өлтірсеңдерші, соншама ұнжырғаларың түсердей не болып қапты соншама? Мынау көк соққаның келеді, әй жоқ, шәй жоқ «тоқтат та тоқтатқа» басып. Енді сен келіп тұрсың, айыпты баладай монтансып. Осы сендерге бүгін не көрінген өзі?!

Шматко. Жағдай солай болып тұр, Жаке. Енді сәлден кейін облыстық партия комитетінің хатшысы осы араға ат басын тіремек көрінеді. Соған байланысты зауыт жұмысын уақытша тоқтата тұруымыз керек екен.

Жанғазы. (шыдамай) Біздің жұмысымызға партия комитеті хатшысының не қатысы бар? Облысын аралап, қазы-қартасын жеп жүре бермей ме, жеңіл машинасына мініп алып?!

Шматко. Қатысы бар, Жаке, қатысы бар. Ол үлкен бастық. Ол партия лайық көрген адам. Сондықтан, келгісі келсе келеді, кеткісі келсе кетеді.

Жанғазы. Келсін-ақ, кетсін-ақ, сонда балқыманың бұл жерде қатысы қандай?!

Шматко. Үлкен қатысы бар. Ол кісі зауыт иісін жаратпайтын көрінеді. Сондықтан, барлық процесті тоқтатуға жарлық түсіпті.

Жанғазы. Иісті біз жаратып жүр ме екенбіз? Жаратпасақ та осында жұмыс атқарып жатырмыз. Ештеңе етпейді, хатшың да шыдар. Бір келгенінен кеңсірігі жарылып кетпес.

Шматко. Қырсықпаңыз, Жаке, қырсықпаңыз.

Жанғазы. Қырсыққан ешкім жоқ. Саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеп тұрған сендер шығарсыңдар!

Шматко. Не десеңіз де сияды. Әйткенмен, дәл бүгін өз позицияңыздан қайта тұрыңызшы, өтінемін?

Жанғазы. (дүр сілкініп) Жоқ! Біз есіріктердің ермегі емеспіз, біз өз елінің ұландарымыз! Олай болса ұланға тән тірлік жасауға міндеттіміз! Ендеше, қоқырға итермелемей аулақ жүріңдер!

Шматко. Жаке, бір мезгіл ойланып көріңізші, өзіңіз айтып тұрған елдің тізгінін коммунистік партия ұстап тұр ғой. Мұны да ұмытпағайсыз!

Жанғазы. Коммунистік партия ел несібін ысырап ет демейді!

Шматко. Десін-демесін оны мына жерде сіз екеуіміз талқылай алмаймыз. Біз кішкентай адамдармыз. Еншімізге бұйырғаны жоғарғы жақтың айтқанын орындау ғана.

Жанғазы. Орындамасақ ше?

Шматко. Онда өзіңізге қиындау болатынын ойлаңыз!

Жанғазы. (түнере қалады) Жарайды, маңдайымызға жазылғаны сол болса, амал нешік, көнеміз де. Бірақ, мен коммунист емеспін. Осыны есте ұстағайсыңдар! Азар болса жұмыстан шығарасыңдар. Шығарсаңдар шығарыңдар. Ол ертеңгі күннің еншісінде. Ал, бүгін... бүгін мазамды алмаңдар! Мен бастаған ісімді еш уақытта орта жолда қалдырған адам емеспін! Бүгін де қалдырмаймын!

Шматко. Бар айтпағыңыз осы ма?

Жанғазы. Осы ғана!

Шматко. Ендеше, басқа амалдың жоқтығынан цех бастығы есебінде бұйырамын: ауысым мастері, тетіктерді ағытып таста!

Қасқырбай. (елп етіп) Ағытамын. Тап қазір ағытып тастаймын!

Басқару тетігіне ұмтылады. Шаң-шұңға жинала қалған жұмысшылар абдыраған шамада оның жолын Еркебұлан бөгемек болады. Бірақ, арындыға шамасы жетпейді. Осы кезде оқтай атылған Жанғазы желкеден ұрып, Қасқырбайды жалпасынан түсіреді.

Жанғазы. (қалшылдай, жерде жатқан күректі қолына ілген бойда алдына кезей) Біреуің бір қадам аттасаңдар обалдарың өздеріңе! Қайқайыңдар тезірек!

Шматко мен Қасқырбай шыға жөнеледі. Олар кеткенде Жанғазы жігіттеріне бұрылады.

Жанғазы. Әлгілердің айтқандарын естідіңдер ғой, ә?!

Жігіттер:

– Естідік.

– Естігенде қандай!

– Жарыместің ісін істеп жүр олар!

– Бәрін қазір тоқтатсақ кейін боғымызды жинай

Оставить комментарий

Связанные Статьи