Басқа елдерді қайдам, әйтеуір бізде 1 сәуір күні дос-жарандарын, іні-қарындастарын, сіңлілерін, әріптестерін, көрші-көлемді, әзілі жарасқан атасын әзіл-қалжыңмен бір түйреп алып, күлкіге қарқ болуды біреулер дәстүр деп, енді бірі міндет деп санайды.
Біздің жүмыста да дәп сол күн қарбаластан басталды. Бәленің бәрі таңғы тоғыздан тырнақтай минут өткен шамада хатшы бойжеткеннің телефонограмманы алуынан болды. Онда не жазылғанын тәптіштеп жатпай-ақ, қысқаша айтсақ, Астанадағы бас кеңседе филиал басшыларының жиыны өтетіні, бірінің де қалыс қалмай дереу жетуі және келетіндерін растаған хат-хабарламаны міндетті түрде жіберу керектігі жазылған. Астына қойған қолы да бар екен: Бас деректірдің баттиған орынбасары....
Оның бәрі, апайым айтпақшы, нишауа болар еді, егер сол жиынның өтетін күні мен уақыты болмаса.
Әдетте, сондай шаралар туралы алдын ала хабарланып, екі- үш күн бұрын басшыларымыз сөмкелерін жиыстырып, сақал қырғыш, бір-екі қосымша галстук, қыртысы сынбаған кәстөм-шалбарларын салуға уақыттары болатын. Ал қазір... тұп-тура түскі сағат екіде... оның бәрі де нишауа ғой, егер ұшаққа билет дайын бола қалса. Үлкен кеңседен айтылды, бітті, жету керек, ұшаққа билеттің бар-жоғы ешкімді қызықтырмайды. Жәрайды, бізді қойшы, қанша айтқанымен Алматы ғой, әрбір жарты сағат сайын ұшып жатады. Ал, анау Атырау, Ақтау, Орал сияқты алыс қалалардағы филиалдар қайтер екен, ә? Оны ойлайтын Астана бар ма? Айтылды, бітті, жету керек, қанатыңды жалғап аласың ба, зымыранмен жетесің бе, жерсерікті пайдаланасың ба, әлде қоянды ертеп мінесің бе, ол өз шаруаң.
Алматыда орналасқан төрт филиалдың басшылары хатшыларын жұлып –жеп, тез арада жете қою үшін үшақтың билетіне тапсырыс беріп қойды. Тек... билет құны сәл қымбаттау демесең.... қымбат болғанда да, қалтаңды қақшып кететіндей қымбат. Мынандай қымбатшылық заманда ол да бір бүйірден тістелеп... Бір басшы оған да қарамастан, жарты сағаттың ішінде буынып-түйініп, әуежайға кетті. Билетті сол жерден ала салады. Ал біздегі сияқты жарты сағат сайын ұшақ ұшпайтындар әбіржіп, әжімдері тереңдене түсіп, ахыланып-ухіленіп, жолға жиналып, кейбірі жергілікті әуежайға да жетіп үлгеріп, кейбірі жолда келе жатыр.
Қызық болғанда бір филиалдың басшысы әлдебір шаруамен ауыл-аймақты аралайын деп, таң бозынан сапарлап кетіпті. Жолға шығып кеткен жанды кері қайтару әбестік болар деп, хатшы қыздар онымен тілдесе алмапты.
Тағы бір филиал басшысының кешегі қызықты отырыстан кейін басының сіркесі су көтермей, үйінде жатып қалған көрінеді.
Кейбір басшылар өз жұмыстарына баяғыда-а-а-а кірісіп кеткен бәйбішелеріне қоңыраулатып, осындай шұғыл шаралар үшін сөмкелерін неге алдын ала қамданбайтындары туралы қатаң түрдегі ескерту жасап, ақырып-зекіріп жатты.
Обшым, қалғандары айналдырған екі сағаттың ішінде аптығып, қол астындағылардың біраз арықтауына һәм әжімдерінің тереңдей түсуіне айтарлықтай үлестерін қосып, өздерінің де, өзгелердің де жүйкелерін жұқартып, ойлары қалайда үлкен басшымен болатын жиынға жете қалу болыпты. Ұшаққа кіру үшін тіркеуден өту, ұшақтың ұшуы, оның қонуы, әуежайдан шығуың бар, ол да қысылтаяң кезде біршама уақыт алатыны анық. Соны ойлаған кейбір басшылар күйіп-пісіп, одан тараған жалындары маңайындағы жұртты бір қуырып жатты. Әлгі хабарламаны «кешіктіріп» жіберген астаналық қыздарды сөгіп-жамандауға кіріскендері де әуежайға жетудің қамына кірісіп кеткен.
Бұрындары басшымен болатын жиынның тақырыбы, кімнің сөйлеп, кімнің тыңдайтыны, кімнің сұрақ қойып, кімнің баға беретіні, кімнің ұйықтап, кімнің қалғып- бас шұлғитыны тәптіштеп жазылатын. Бұл жолы ондай кереметті көрсететін бірде-бір жол жазылмаған. Бірақ, «үлкен» адамды сыйлап үйренген жандар ғой, билет қамымен шапқылап жүргенде сондай ұсақ-түйекке назар аударатын адам бар дейсің бе?
Тек, Алматы филиалындағы іс жүргізуші келіншек қана, телефонограмманы әрлі-берлі айналдырып, мынасы қызық екен деп мұрын астынан міңгірлегені болмаса, жалпы, ешкімнің, ешқандай ыңғайсыз сұрақ қоюға мұршалары болмады.
Аса пысықтары, таксимен жеделдете жетіп, тілдері салақтап, әуежайдың ішіне алқын-жұлқын кіріп, шаршағаннан, аптыққаннан, жүйкелері арқан жіптей ширыққаннан күреңіткен жүздерінде айғыздана аққан терлерін сүртуге де шамалары келмей, кассадағы күлімсіреген қыздардың ұсынған билеттерін ыржиған түр-сипат білдіріп, қалтыраған қолдарымен әрең алып, сөйтіп, тез арада билет мәселесін шешіп, айналасына алақтай қарап, салқын сусындар сататын жаққа сүйретіле жетіп, жарты құмыра су үшін атан түйенің құнын төлеп, сондай қымбатқа түскен судан сылқылдата жұтып, уф, әйтеуір, жан шақырып, жасыл дәлізден де, сан түрлі тексерістен өтіп үлгерді.
Өздері жайбасар болмаса да, көліктері ме, көлік айдаушылары ма, жолдағы кептелістің аптырлары ма, сол кептелісті ашып болмайтын қала басшылығы ма, дәл сол күні дәл соған жолыққан ұшақтар ма, әлде бәрі қосылып алып, дәл сол үшін бітіп болмайтын жайбасарлықтың ең үздік шеберлігін көріп, жүйкелері пырс-пырс жарылғандары сондай қалаулы, бірақ, керек кезде, жердің шетіне көшіп кететін әуежайға соңғы күштерін жинап, пірлеріне сыйынса да жете алмай жатқандар да бар.
Басшыларының өктем үндерінен шат-шәлекейлері шығып кеткен нәстрәйенелері де жуық арада жөнге келе қоймаған қызметкерлер араздасқан көршіден бетер бұртиып, әркім әр бұрышта, алдарындағы компьютерге шұқшиып қалған.
Түскі сағат бірге, яғни, көңілді жадыратар әбедке шығар уақытқа тұп-тура он бес минут қалғанда, хатшы қыздың қолына тағы бір телефонограмма қонақтай қалғаны.
Мәтіні мынандай: «Әріптестер! Жиын өтпейді».
Әлгі парақты әрлі-берлі аударыстырып, ондағы жазылған қысқа жолдар мидың қыртыс-қатпарларын аралап үлгермей жатып, екінші жеделхат та көбелектей көлбеңдей ұшып жетті: «Күлкі күнімен».
Бұл кезде үлкен басшының айтқанын екі етпейтін, маңайындағыларды шыжғырып, күреңіткен жүздерімен екі өкпесін алақандарына қыстыра сала, шапқылай жөнелген пысық –ширақ бірді-екілі филиал басшысы мінген ұшақ Астананың әуежайына қонып та үлгерген еді.
Бақыт Байтыбаева
Оставить комментарий