Басқа жақты қайдам, шығыс жақта қыс ерте түсіп, ақырған аязын ала келеді. Оған сақадай сай тұрмасаң, біттің! Үй біткен қатып, құбырлар жарылып, қаланы мұз қарпып, қақшиып қатып қалады. Жаз шығар-шықпастан, қаланың басшысы тұрғын-үй коммуналдық мекеме жағын басқаратындарға қатаң түрде ескертті. Тіпті, келесі қыста бәрі жып-жылы болуын талап етті. Естігендер құлақтарын қайқита, бастарын шұлғып кетті.
Енді, міне, қыс та келді қаһарына мініп.
Алғашқы аяз басталысымен, қаланың қақ ортасында жантайып жатқан ауданның үйлері Қарлы ханшаның сарайына айналып шыға келсін. Төпелеп жауған қар, ұйытқыған боран әлгі ықшам ауданның тұрғындарын қойып, бүкіл қала халқының әптер-тәптерін шығарды.
Қала басшысы шұғыл түрде жиналыс өткізіп, өткенде басын шұлғып кеткен тұрғын-үй коммуналдық мекеме басшысын қалтыратып алдына тұрғызып қойды.
- Басеке, менің не кінәм бар? – мекеме басшысы жыларман.
- Енді кім кінәлі екен? Аяз ба?! – қала басшысының дауысы құлақты жарардай.
-Ол енді, анау... әлгі... сөйтіп... неғып... енді... білмейм...
Тақпағын ұмытқан сотанақ баладай күмілжіп тұрған мекеме басшысын жұдырықпен салып өткісі келіп, қала басшысы өзін әрең тежеп қалды.
-Мәселе былай ғой...
-Айт! - қала басшысының ақырған дауысынан терезе шатынап, аспалы шырақтар шайқалып кетті.
-Ол енді, анау... әлгі... жеке меншік....
- Не жеке меншік?
- Т-т-т-ұрба...
- Қайдағы тұрба?
- Жылу жүретін... - мекеме басшысының дауысы қойын қалтасынан шығатындай, әрең естілді.
Мынаның айтқаны түсініксіз болды ма, әлде, не айтқысы келгені санасына жетіңкіремеді ме... қала басшысы көзілдірігін алып, мекеме басшысының қасына келіп, бетіне үңілді.
- Жылу жүретін? Қайдағы жылу жүретін?
-Қаланың ортасынан...- сөздің аяғы жұтылып қалды.
- Тоқта... не деп кеттің? Тұрба жеке меншік пе?
Мекеме басшысы басын шұлғыды.
Қала басшысы қайталап сұрады:
- Тұрба жеке меншік пе???
Мекеме басшысы басын тағы шұлғыды.
- Тоқта.. Тұрба тартылған жер жеке меншік пе?
Мекеме басшысы басын изеді:
-Тұрбаның өзі...
- Қалай тұрбаның өзі? - қала басшысы аңырайып қалған.
- Солай.
- Жердің астына төселген, жылу жүретін тұрба ма?
Мекеме басшысы басын тағы изеді.
Қала басшысы кабинетін қарыстап, алты рет адымдап шықты.
- Ішіндегі суы ше?
- Суы біздің мекемеге тиесілі. Тұрба тартылған жер де бізге тиесілі. Тек тұрбаның өзі.
Қала басшысының екі шекесі солқылдап кетті.
- Тұрбаның өзі? Ол қалай жеке меншік болып жүр?
- Әнеубір жылдары жеке меншікке өткізіп алыпты. Жыл сайын, сол тұрбаны пайдалану үшін, қала қаржысынан бәленбай қаражатты сол тұрбаның иесіне аударамыз, келісім-шарт бойынша...
Әр жерде, әр ауданда, әр қалада қызмет еткен жылдарында талай қызықты да, шыжықты да көрген қала басшысы дәл бұндайды бұрын-соңды естімепті.
- Тұрбаны жеке меншікке аударып алып па сонда?
Мекеме басшысы басын тағы изеді.
- Биыл да сол тұрбаны пайдалану үшін қомақты қаражат талап етіп отыр иесі.
- Стратегиялық маңызды объект деп айттың ба?
- Қаражат төлемей, күш көрсетіп, тұрбамды пайдаланып қойсаңдар, кәсіпкерлік құқымды таптады деп байбалам салып, халықаралық ұйымдарға шағымданап деп, ауыз аштырмай отыр иесі.
Қала басшысы бір графин суды басына төңкере салды. Өрлеп бара жатқан қан қысымының оған пысқыратын түрі жоқ.
- Қанша қаражат берсеңдер, жылуды да сонша өткізем дейді. Ақшаның он пайызын берсеңдер, мен де сендерге жылудың он пайызын жіберем дейді.
- Дейді.. дейді...- қала басшысының бет-жүзі күреңітіп бара жатты.
- Биыл да соған қарастырылған қаражатты басқа бір салаға аударып қойып...
-Мен кінәлі екенмін ғой сонда?! – ажылдаған дауыстан кабинеттің қабырғалары дірілдеп кетті.
- Сіз білген жоқсыз ғой... енді, міне...
- Қай дөкей болса да , шақыршы өзін маған...
- Бұрынғы қала басшылары да шақырған, тұрбамды сатпаймын деп қырсығып отыр.
- Жасы елудің маңайында болса, қызыңды, қарындасыңды, әйтеуір біреуді ұзат соған. Қартайған біреу болса, баласына, немересіне ұзат, сөйтіп, мына тығырықтан шығар қаланы. Бұдан ды сұмдық жаугершілік жылдарда бар мәселе осылай шешілетін.
- Оны да ойластырғанбыз түнеугі жылдары. Оның бес қызы бар, бәрі тұрмыста. Бәленбай жиені де өңкей қыздар.
- Онда, бір түнде жігіттерді жіберіп, тұрбасын қазып алып, орнына өзіміздің тұрбамызды төсеп қойсақ қайтеді?- қала басшысының дауысы сенімсіздеу шықты.
- Оны да ойластырғанбыз. Заңгер айтады, жеке меншікке қол сұғушылық ол деп.
-Туһ, әкри...
- Қалаға тиесілі тұрбаның жеке меншікке өтуі заңсыз деген бір бап табыңдар қайтсеңдер де.
-Заңгерлер бес жыл болды іздеп жатқандарына... бәрі заңды дейді...
Тұрғындар мұздап-қатып, үйлерін қырау басып, сол аудандағы мекеме біткен, үлкенді-кішілі оқу орындары жұмыстарын тоқтатып, жұрттың бәрі шулауға да шамалары жетпей бүк түсіп жатыр деген хабар минут сайын келіп, қала басшысының миына соққы болып тиіп жатты.
- Бер онда сұраған қаражатын!
-Оны біз балалар ауруханасын күрделі жөндеуден өткізуге аударып қойып ек... жөндеу жұмысы жартылай аяқталып...
-Кері аудар!
Екі күнде көгеріп-сазарған мұздар еріп, құбырлардан жылу жүріп, қалаға жан кіре бастады...
Бақыт Байтыбаева
Оставить комментарий