Қазақстан телеарнасындағы Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «Әйел бақыты» бағдарламасы ешкімге де таңсық емес. Тақырыбының өзі айтып тұрғанда бағдарламаның әр бөлімі әйелдердің өміріне арналған. Қыз баланың тұрмыс құрып келін атануынан бастап, ақ жаулықты әже болған әйел затының басынан кешіп отырған жағдайлардың бәрі дерлік осы бағдарламада қызу талқыланып отырады. Ал «бәйбіше-тоқал» мәселесі қай қоғамда болмасын пікірталас тудыратыны анық. Бұл тақырып төңірегінде «Әйел бақыты» да сөз қозғады.
Онда әркім өз пікірін айтып, қарсы шығып жатқандармен қоса жақтайтындар да табылды.
Бағдарламаға өз бастығының тоқалы болып жүрген Астана қаласының тұрғыны да келіп, тоқалдың шынайы өмірі қандай болатынын айтып берді.
Дина Ерланқызы осыдан 6 жыл бұрын 26 жасында өзінің бастығына тұрмысқа шыққан. Ол тоқал болудың оңай еместігін, оның үстіне заңды некеге тұрмағанын айтты. Десе де, күйеуінің ортақ балаларын жақсы көретініне сенімді.
«Осыдан 6 жыл бұрын өзімнен жиырма жас үлкен азаматқа тұрмысқа шықтым. Ол кезде 26 жаста болғанмын. Үй шаруасымен, екі ұлымның тәрбиесімен айналысамын. Үлкені 5 жаста, кішісі 3 жаста. Жолдасым – жеке кәсіпкер. Барлық жағдайымызды жасап жатыр. Жас кезімде тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған азаматтар көп болды. Бірақ оларды ұнатпадым. Ал күйеуім менен 20 жас үлкен болса да, өзіне ерекше күтім жасайды. Бастапқыда отбасының бар екенін білдім, кеңсесінде бір жыл менеджер болып жұмыс істедім. Оған қарамаймын деп ойладым. Қандай да бір шешім қабылдауға материалдық жағдайы әсер еткен емес. Ақыры қатты бауыр басып, бала көтеріп қалдым. Әке-шешем тоқал болуыма қарсы болды. Бала туғанға дейін менімен араласпай қойған еді, қазір жақсы қарым-қатынастамыз», - дейді астаналық ару.
Оның сөздеріне қарағанда, күйеуінің бірінші әйелі алғашында қарсы болған екен. бірақ көнбеске амалы қалмаған. Келіншектің балаларын «тоқалдан туған» деп бөлетін көрінеді.
«Алғашқы бір жыл енеммен, бәйбішемен бір шаңырақ астында тұрдық. Қазір бөлек тұрып жатырмыз. Менің балаларымды «тоқалдан туған» деп бөледі. Балаларымның болашағы үшін уайымдаймын. Осындай проблеманың болатынын алдын ала білдім. Мешітке барып некемізді қиып, балаларыма өзінің тегін берді. Бәйбішемнің ұлы менен 3 жас кіші. Жуырда ол өзінің үйленетінін айтып, бізді бөлек шығартқызды. Күйеуім бәйбішесіне қарағанда, менімен көбірек уақыт өкізеді. Ол менен сұранбайды. Десе де, оның бірінші отбасына барып тұруына, араласуына қарсы емеспін», – дейді Дина.
Динаның пікірін сол жерде отырған мамандар жақтырмады. Тіпті, ашуын келтірді десек те болады.
Психолог Ержан Қуандықұлы ұйып отырған шаңырақты бұзып, күйеу тауып алдым деп өзін бақытты санап отырған әйелді нағыз бақытсыз деп білді:
«Сіз күйеу тауып, жағдайыңызды дұрыстап алғаныңызға қуанып отырсыз. Оның үстіне балаларыңыз да бар. Бірақ сізді күйеуіңіздің бірінші әйелі қалай қабылдады? Отбасын бұзып жатырмын деген қорқыныш сізде болмады ма? Ешбір есі дұрыс әйел күйеуін басқа біреумен бөліскісі келмейді», – дейді ол.
«Ол менімен кездеспей жатып отбасына тоқал алғысы келгенін жария еткен. Бәйбішем өз келісімін бермеген. Менің келуіме амалсыз көнуіне тура келді. Мені беташар жасап тұрып қарсы алды. Екі қызы мен ұлының өз отбасылары бар. Ал кішісі тым қатты ерке. Ауыр сөздер айтып қояды. Әсіресе, балаларыма «Бұл сенің үйің емес. Ешнәрсеге тиісуші болма!» деп айтып отырады. Күйеуім мені сағындырмай жиі жанымда болуға тырысады. Қызым өсіп тоқал болғысы келсе, шын сүйсе, жолына бөгет болмаймын. Өйткені өзім бақыттымын ғой. Әрине, маған тоқал болмауға кеңес бергендер болды. Бірақ өмір осылай болып қалды.
Той-томалақ мәселесі қиындау. Барған жерімде енем менің тоқал екенімді айтып қояды. Қоғамның пікірінен қорықпаймын. Себебі, артқа шегінетін жол жоқ. Күйеуім үшінші әйел алғысы келетінін айтса, мен қарсы емеспін. Бәйбішем мені қалай қабылдаса, мен де оны тура солай қабылдаймын. Күйеуім қайтыс болып кетсе, бала-шағамның өмірі қалай болар екен деп уайымдаймын. Біз заңды түрде үйленбегендіктен, мүлік мәселесі көтерілмеді. 5-10 жылдан кейін барлығы жақсы болады деп сенемін. Өте ақылды азамат, балаларын қатты жақсы көреді», – дейді Дина ханым.
Бағдарлама барысында тоқалдықты қолдайтынын білдірген адамдар да болды. Соның бірі заңгер Айнұр Махметова.
«Жұрт тоқал болып отырған адамдарды шалқып өмір сүріп жатыр деп ойлайды. Негізінде олай емес. Олар керісінше өз еңбектерімен ешкімнен қалыспау үшін тырмысып өмір сүреді. Тоқалдыққа тек материалдық мүддемен барады деген қате пікір. Олар шын сүйіп, күйеуіне бірінші әйелінен алмаған жылулықты береді. Барлығына бірдей кінә тағуға болмайды. Мен негізі тоқалдықты өзім қолдаймын», – дейді ол.
Оставить комментарий