Қазақ елі үшін жыл басы болып саналатын Наурыз мейрамының орны ерекше. Бұл – қазақ ұлтының шынайылығын, қазақ елінің – нағыз ұлылығын көрсететін мейрам. Барша қазақ жұртының көңілі шаттанатын күн.
Жомарт қазақтың жылы шырайы мен дархан көңілін дәмді дастарханнан көре алуымызға болады. Ал дастарханның басты дәмі – наурыз көже екені баршамызға мәлім.
Әдетте, наурыз көженің 7 түрлі дәмнен жасалатынын білетінбіз. Дегенмен, Жамбыл облысының тұрғыны Балқия апа наурыз көжені 11 түрлі дәмнен жасайтынын айтты. Таңғалдық. Біз үшін жаңа дүние болды. Сіздермен бөліскенді жөн көріп отырмыз.
Балқия апа, наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалмаушы ма еді? – деген сұрағымызға:
Наурыз көженің құрамында жеті немесе одан да көп тағам түрлері болу керек. Көжеге қосылатын тағам саны жетіге жетпей қалмаса болғаны. Сондықтан әркімнің қалауына қарай жасалады.
Жүгері, ақ жүгері және тары тазалау.
Жүгерілерді тазалап отырып, апамызбен біраз әңгімелескен болатынбыз:
«Мен Жамбыл облысының тұрғынымын. Сол жаққа келін болып түскеніме 30 жыл болды. Әр жылы осы наурыз көжені пісіру дәстүрімізге айналды. Наурыз айының 13-інен бастап, сәуір айының 13-іне дейінгі уақыт аралығында әрбір шаңырақта наурыз көже дайындалады. Наурыз көже жасалған шаңыраққа ауыл тұрғындары дәм татуға жиналады.
Ақ жүгері, тары және жүгеріні суға салып жуамыз. Жуылған суды төкпейміз. Кері өзіне құйып суға салып қоямыз.
Тары жуу сәтінен
Ең алдымен қазанды дайындап, майды салып, пиязды жақсылап тұрып қуырамыз.
Сүр ет немесе қазы салып оны да қуырамыз.
Жүгері, бидай, ақ жүгеріні суымен құямыз. Үстіне еселеп керекті мөлшерде су қосамыз.
Екі сағат қайнағанша отта ұстаймыз. Содан кейін 1-2 сағат бұқтырмыз.
Біз үшін де ең қызығы осы болды. Қайнап жатқан көженің астын өшіріп, қалыңдап орап тастады. Яғни, көже өз буына бұғып пісу керек екен.
Тәте, не себепті «наурыз көже» деп аталатынын білесіз бе?
Негізі наурыз көженің шығу таhихы жайлы бірнеше аңыздар бар. Мен ең алғаш келін болып түскенімде енемнен естігенімді айтайын. Баяғыда бір шал мен кемпірдің жалғыз ұлдары болған екен. Ата-анасының көз қуанышы болып жүрген перзенттері ерте өмірден өтіпті. Баласы дүниеден өткен соң ата-анасы наурыз айын лайық деп тауып, осы айда үлкен қазанға көже пісіріп, құдайы ас таратқан екен. Сол кезден бастап наурыз көже деп аталаған дейді.
Екі сағат өтті. 10:30 да бұқтырып, 12:30 да қайтадан жұмысымызды жалғастырдық.
Бұқтырып болғаннан кейін қайтадан жарты сағат қайнатамыз. 8.Сосын тұз және ұн шаймалап саламыз.
Ұн шаймалау дегеніміз – орта кесе ұнға салқын суды араластырып дайындаймыз.
Сүтін құйып, көжені араластырамыз. «Наурыз көже» дайын болды.
Сөз соңында, Балқия тәтеміз: «Наурыз мерекесі бізде жыл сайын дүркіреп тойланады. Наурыз айының 14-інен бастау алған бұл мейрам сәуір айының 14-іне дейін жалғасын табады. Ауылымыз үлкен және кіші көше болып бөлініп, осы күндер арасында наурыз көже дайындаймыз. Үлкен қазанға толтырып пісірген көжені ауыл адамдарын шақырып, дәм ауыз тигіземіз. Ал үлестен құр қалған жандар болса, ыдыстарға құйылып беріледі. Менің келін болып түскеніме 30 жыл болды. Сол кезден бастап үздіксіз наурыз көжені пісіріп келемін. Осы бір біздегі дағдының басқа аймақтарда да орын алғаны жақсы болар еді деп ойлаймын. Өйткені, бауырмалдылық пен татулығымызды жарастырар мейрамның әр аймақта ескеріліп тойланғаны нұр үстіне нұр болар еді».
Наргиза Ерес, студент
Оставить комментарий