Шекарада тәркіленген 50 мың долларын даулап жүрген Гүлжан Мәуітханның қылмысты болғаны өз алдына, енді ұлы мен інісі де жауапқа тартылмақшы екен. 4 күн бұрын өткен сот отырысында осындай қаулы қабылданыпты. Бұған дейін 9900 доллардың жалғызбасты ананың ұлына қайтарылғанын айтқан болатынбыз. Енді қалған 40 мың доллар мемлекеттің меншігі болып қала бере ме?
Соттың үкімімен Гүлжан Мәуітхан айыпты деп танылды. Яғни, экономикалық контрабандамен айналысты делініп, 68 мың теңге айыппұл салынған. 40 мың долларды мемлекеттің кірісіне алып қойғаны тағы бар. Зайсанға үлкен үмітпен барған жалғызбасты ананың тауы шағылып қайта оралған, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Сот барысында жаңа деректер белгілі болыпты. Шекарашылар олардың нақты қанша ақша алып келе жатқанын алдын ала білген көрінеді. Жалғызбасты ана олай болса шекарадан өтіп, автобусқа отырғанша күтпей заңды жолын ұсынса болар еді деп ашынып отыр.
ГҮЛЖАН МӘУІТХАН, оралман:
- Біз "ақша жоқ" деп қашып тұрғанымыз жоқ. Айыппұлынан да қашып тұрғанымыз жоқ. "Мынандай сіздерде ақша бар екен. Декларация дей ме, соны толтырыңдар" десе біз одан қашып тұрғанымыз жоқ. Бізді барынша қылмысқа итеріп, әурешілікке салып 2 ай міне.
Алайда, судьялар жазылған заңның шеңберінде шешім шығардық деп отыр. Тіпті сол заңға сүйеніп жалғызбасты ананың інісі мен баласын да жауапқа тарпақшы екен.
НҰРМАХАНБЕТ ЕЛЕМЕСОВ, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы:
- Мәуітхан Гүлжанның баласы және оның інісі алдын ала тергеуде берген жауабы және сотта берген жауабы екеуі қарама-қарсы келгендіктен сот осындай жеке қаулы шығарған. Жеке қаулыда Зайсан аудандық прокурорының назарына аударған.
Яғни, сотта жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Алайда, Әділбек тәркілеу кезінде кеденшілер мен шекарашылардың айтқанын істедік дейді.
ӘДІЛБЕК МҰҚАШҰЛЫ, Г.Мәуітханның ұлы:
- Бірінші кезінде расында бізге "1 адамдыкі деп айтыңдар, әзір сөйтіп айтсаңдар қазір жібереміз. 50 мың теңге штраф қана төлейсіңдер" деп басында алдаған. Нағашы ағаны қорқытқан. "Сен өйтіп ана кісінікі деп айтпасаң сені қара таңба басып, әйелің мен бала-шағаң шырылдап осы жақта қалады, сені Қытайға қуып жібереміз" деп.
Судьялар бұл айыптаулар туралы тіс жармады. Ал Зайсан сотының шешімі заңды күшіне енбегенін алға тартып, нүкте қойылды деуге ерте екендігін айтты. Гүлжан Мәуітхан болса, 40 мың доллардан күдерін үзе бастаған.
Заңды білмеу - жауапкершіліктен арашалай алмайды. Бұл - құқық қорғаушылардың осындай жағдайда айтатын жаттанды уәжі. Дұрыс әрине. Бірақ, қасақана емес, білместіктен кеткен қателіктерге осыншама шүйлігу, Президенттің өзі бастамашы болған "Ұлы көшке" кедергі келтіретіні көп азаматтарды ойландырмайтын сияқты.
Оставить комментарий