Өкініш пен арман туралы бір ой...

/uploads/thumbnail/20170710035242131_small.jpg

Біздің қазақтың дін жолына, Алла жолына түскендері ауыздарынан Алланы тастамай, бес уақыт намаздарын қаза етпей, күндіз-түні деуге болады, бір Жаратқанның тілеуін тілейтіні рас болар. Әйтпесе, Алланы ауызға алып керегі не?

Ал, кезінде қызыл идеологияның тәрбиесін көрген, шынын айтқанда атеист болып қалыптасқан мен болсам, бір Жаратушының бар екеніне сенемін де, негізінен ҚАЗАҚ деген ұлтыма айрықша көңіл бөлуге, Қазаққа қалтқысыз қызмет етуге,  ұлтымның бары мен жоғын түгендеуге, ұлтымның қандай да бір мұңы мен қуанышын бөлісуге тырысып келе жатқан бір жанмын. Бұл менің ойдан шығарған немесе көлгірсіген жарамсақ жағымпаздығымнан емес, шын көңілімнен, таза ниетімнен туған, еш бүкпесіз ойым десем де болады. Бұны көзі қарақты жандар менің күнделікті жазғандарымнан, негізінен ғаламторда жариялағандарымнан оқып,  көріп жүрген болар...

Мына менің қарақан басымда «қайран, жастық шақтың» барлығы дерлік ырду-дырдумен, құр бос желөкпе даңғазамен, нәтижесіз ала шапқынмен өткенін жасырмаймын. Қай пенде де жас кезінде тек өзінің жеке басының қамын ғана күйттейді екен. Жас келіп, ақыл тоқтатқан шағыңда мүлдем басқа ағынға түседі екенсің. Қанша өкінгеніңмен енді пайдасы шамалы сол бір тым алаңсыз, ашып айтқанда, ойсыз күндеріңе енді ештеңе істей алмайтының айдай ақиқат екенін тұла бойыңмен сезінгенде «аҺ!» ұрғанда еш нәрсенің қалпына келмейтіні рас қой. Тек, ертеңіңе Үміт артумен ғана шектеледі екесің.

Бұл әлсіздік пе, жоқ, ақыл тоқтатқандық па, ол жағын тап басып айта алмаймын.

Бұл Жалғанда өмір кешкен кез келген пенде де өкініш пен жетпеген арман жетерлік қой. Тіпті, тау-тау алтынның, алтын тақтың үстінде отырған сорлы пенде де өзінше арман өкініш болады екен...

Сонда не істеу керек? Ол жағын да дөп басып айта алмаймын. Айтатыным, әр адам, ең алдымен, өзіне мықты болу керек, анығырақ айтқанда өзіне қатал жауапкершілікпен қарау керек сияқты. Сонда ғана орынсыз қатты өкінбейсің. Әрине, бұлай деп айту оңай. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, ол қанша жерде аттан салып айғайлағаныңмен қайтып орнына келмейтін орны толмас өкініш пен қол жетпеген асыл арман дер едім...

Жұмаш Кенебай

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи