Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасы Секретариатының шешімімен тағайындалған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы Қытайда тұратын қандасымыз белгілі жазушы, тарихшы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Рамазанұлы Жанболатовқа да берілгенін хабарлаған едік.
Бұл мәртебелі сыйлықты шетелдегі бес миллион қандастардан бес-ақ кісі иеленген. Олар – Халифа Алтай, Қажығұмар Шабданұлы, Хасен Оралтай, Ғалым Қалибекұлы және Дүкен Мәсімхан. Осы орайда оқырман қауымға Сұлтан Жанболаттың шығармашыл еңбек жолын таныстыра кеткенді жөн көрдік.
Профессор, жазушы, ҚХР белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Сұлтан Жанболатов қазіргі таңда ҚХР-дың Үрімжі қаласында тұрады.
Сұлтан Рамазанұлы Жанболатов 1936 жылы ҚХР Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданында дүниеге келген. 1956 жылы Шыңжаң институтының физика-математика факультетін тауысып, факультеттің физика кафедрасына оқытушылыққа орналасады. 1957 жылдан 1961 жылға дейін Жилин университетінің физика факультетінде радио-электроника мамандығын оқиды. Оқуын бітірген соң Шыңжаң университетінің физика факультетіне оқытушылыққа қайта оралады. Жанболатов осыдан 1986 жылға дейін 25 жыл осы орында оқыту және зерттеумен айналысады. Арада кафедра меңгерушісі, доцент (1982 жылдан), декан (1982 жылдан) және Шыңжаң университетінің проректоры (1983 жылдан) болады. 1986-1996 жылдары ШҰАР Оқу-ағарту комитеті төрағасының (ШҰАР Білім министрінің) орынбасары міндетін атқарып оған қоса өзге (1988 жылы Оқу-ағартуды зерттеу институтының доценті, кейіннен Үрімжі кәсіби университетінің профессоры, ЖОО-ларда білім беруді зерделеу институтының директоры һәм аға зерттеушісі, т.б.) қызметтерді өтейді. 1993-2003 жылдары 8-ші және 9-шы рет шақырылған Мемлекеттік Халық Құрылтайының (Парламент) депутаты, оның Ұлт істері Комиссиясының мүшесі болып, содан зейнетке шығады. 2005 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы Төралқасына мүше болып сайланады.
Қазірге дейін Сұлтекең ШҰАР телеуниверситеті мен Үрімжі кәсіби университеттерінің профессоры, Қазақстандағы Мұхтар Әуезов атындағы Семей университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің құрметті профессоры. Қытай Жазушылар Қоғамының, Қазақстан Жазушылар Одағының, ШҰАР жазушылар қоғамының және Қытай ғылым таратушы жазушылар қоғамының мүшесі. С. Жанболатовтың еңбектері мен есімі «Қазақстан ұлттық энциклопедиясына», «Қытай дарындыларына», «Шығыс перзенттеріне», «Ғылымдағы қытайлықтарға» т.б. кітаптарға енген. Соңғы 50 жылдан бері сіңірген еңбектері үшін «Ғылым-техникалық прогерес» (1985 жылы), біріші дәрежелі «Төтенше үлесі бар жас-ортажас маман» (1990 жылы), т.б. сыйлықтарына қоса, 2004 жылы Шыңжаңның ең жоғары «Тянь-Шань әдебиет пен өнер» сыйлығындағы «Үлес» сыйлығымен марапатталған.
Сұлтан Жанболатов 1980 жылдардан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыса бастайды. Ол ҚХР Электроника қоғамының бас алқа мүшесі, ҚХР аз ұлт жазуындағы ақпараттарды компьютермен өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО ғылыми атақтар беру жөніндегі аттестаттау комиссиясының төрағасына орынбасар, т.б. қызметтерге тартылды. Ол қандай биік лауазымды қызметтің тізгінін ұстсада, туған халқына адал қызмет ету деген жауапты міндетті ешқашан да есінен шығарған емес. Атап айтқанда, сол тұста ол аз ұлт жастарының да жаратылыстық ғылым салалары бойынша жан-жақты білім алып, заман талабына сай тірлік етуі үшін жаратылыстық ғылымдар бойынша Шыңжаңдағы жоғары оқу орнына қабылданатын студенттердің үлес салмағының артуына мұрындық болды. Сұлтан Жанболатовтың осы еңбегінің нәтижесінде, қазақтың қара көз ұлдары мен қыздары қат мамандықтар бойынша да білім алып, заманауи ғылым-техниканың нәрінен сусындай бастады.
Сұлтан Рамазанұлының университеттегі кезінде жасаған ғылыми саладағы ізденісінен туған «Компьютер принциптері», «Жартылай өткізгіштік радиоқабылдағыш», «Магнитофонды радиоқабылдағыш», «Калькулятор», т.б. ғылыми-техникалық саладағы кітаптары сол тұстағы замана сұранысын қанағаттандырған бірегей еңбектер еді. Сонымен бірге, ол электроника саласындағы мол білімінің арқасында, өзі басқарған 4 кісілік шағын мамандар тобымен бірге аз ұлт төте жазуларын компьютерге ыңғайлау жүйесін жасап, ШҰАР-дың «Ғылым-техникалық прогресс» сыйлығын еншіледі.
Сұлтан Жанболатов ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, қазақ әдебиетіне олжа салған аса дарынды суреткер-жазушы. «Домбыра физикасы» сықылды еңбектерімен қаламгерлік өңірге араласып жүрген ол әдебиеттің қақпасын 43 жасында 1979 жылы «Аруақтар арасында» атты повесімен ашты. Аталған повест тақырыптық жаңалығымен, жанрлық сонылығымен, көркемдік шеберлігімен жариялана салып-ақ ШҰАР-дың «Бірінші дәрежелі әдеби сыйлығын» еншіледі. Өйткені, Сұлтан Рамазанұлы осы шығармасымен Шыңжаң қазақ әдебиетіндегі бір айтулы ақтаңдақтың орнын толтырды. Ол – фантастикалық проза жанры болатын. Сұлтан Жанболатовтың ғылыми-фантастикалық шығармаларының жинағы 1985 жылы «Хас сақтар» деген атпен Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» жарық көрді.
Осыдан кейін Сұлтан Жанболатов жазушы ретінде ондағы қазақ, хань, ұйғыр оқырмандарының іздеп жүріп оқитын қаламгеріне айналды. Әрине, одан кейін де жазушы қаламынан талай повестер мен әңгімелердің оқырман жүрегіне жол тартқаны белгілі. Дегенмен, қаламгер ретінде Сұлтан Жанболатовтың әдебиеттегі асқар биігі – «Үйсін хикаясы» трилогиясы. Трилогия жеке-жеке «Елжау Күнби», «Саншора Күнби», «Оңғай Күнби» атты бөлімдерден тұрады. Бұл трилогия 1994 жылдан жарық көре бастады. Артынша бұл кесек туынды ҚХР Мемлекеттік кітап сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, еліміздің ХХ ғасырдағы «Қазақтың 100 романы» атты бағдарламасына да енгізілді. «Үйсін хикаясы» трилогиясында жазушы тарихи деректерді молынан пайдаланған. Мұнда автор Қытайдың сенімді мұрағаттарымен, тарихи жазбаларымен ғана шектелмей, сонымен бірге, грек, араб, парсы тілдеріндегі тарихи материалдарды да молынан пайдаланғаны шығарманың өн бойынан айқын көріледі.
Сұлтан Рамазанұлының бұдан өзге, әр жылдары жарық көрген «Таластағы жанталас», «Атлах-Талас шайқасы» секілді повестері мен романдары, сегіз томдық ғылыми-зерттеулер топтамасы, сондай-ақ, очерк, әңгіме жинақтары оқырманға етене таныс. 2008 жылдан бері оның «Біз» атты автобиографиялық трилогиясы оқырманға жол тартқан болатын. Ол да «Ес кіру», «Ес шығу», «Ес жию» атты романдардан тұратын, автордың өмір жолының орайында тұтас ХХ ғасырдағы Қытай елінің, дәлірек айтқанда, ондағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігін қамтып жатқан іргелі туынды. Бұл трилогия Бейжіндегі «Ұлттар» баспасының демеуімен Қазақстанда да жарық көрді. Ана жылы «Ежелгі ұлыс тарихы» («Үйсіннама») атты монографиясы (кітабы) да Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан жарық көрген болатын. Бұл ертедегі Үйсін мемлекетінің тарихын баяндаған ғылыми еңбек. Жуықта Сұлтанның «Қазақ тарихынан сауат» атты, тарих әлемінің соңғы жаңалықтары мен Шығыс (соның ішінде Қытай) тарихнамаларындағы деректер сірескен кітабы Дүниежүзі Қазақтарының бесінші Құрылтайы ғарапасында оқырман қолына тигелі тұр.
Сұлтан Рамазанұлының айтпай кетуге болмайтын тағы бір елеулі еңбегі – Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы достықты, өзара түсіністікті нығайту жолындағы тынымсыз ізденісі. Сұлтекеңнің бұл бағыттағы еңбектері де еленбей қалған жоқ. Ол 2001 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2007 жылы «Достық» орденімен, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және «Қазақ хандығының 550 жылдығы» естелік медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылы Сұлтан Рамазанұлы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрыновтың «Қазақ ғылымына қосқан зор үлесі үшін» грамотасымен (алғыс хатымен) марапатталды.
Сұлтан Жанболатовтың ғылым, білім, әдебиет саласында қол жеткізген жетістіктері әр жылдары ҚХР өкіметі тарапынан лайықты бағасын алып отырды.
Сексеннің сеңгіріне ентікпей көтерілген Сұлтан Рамазанұлы әлі де тынымсыз еңбек пен терең ізденістің үстінде. «Жазарымды жаздым, болдым» деп қарап отырмай, шығармаларының 20 томдық жинағын реттеп баспаға ұсынған екен. Бұл 20 томдық үстегі жылдың жазында жарық көрмек.
Ұлтының бақыты үшін жаралып, ұлтының намысы үшін қажымай еңбек етіп, тұтас ғұмырын ұлтының рухани түлеуі мен жаңғыруына арнап келе жатқан ұлтының екі елге бірдей абыройлы да адал ұлы, Алаш жұртының аяулы ақсақалы – Сұлтан Рамазанұлына енді өмір бойғы бейнетіңіздің зейнетін ұзақ жылдар жеуге жазсын деген тілек айтамыз!
Оставить комментарий