Әлеуметтік желіде «Бәрі есімде» атты Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске салатын картинаны жұрт жаппай бөлісіп жатыр. Біреулері «ұмытпаймын» десе, енді біреулері «мүлде кешірмеймін!» деп бөліскен.
«1920-30-жылдары большевиктер билігі кезінде Қазақстан басынан әр алуан қайғы-қасіретті кешті. Екі жасанды жұт миллиондаған адамның өмірін ойран етсе, саяси қуғын-сүргін еліміздің ондаған мың оқымысты, зиялы, ауқатты және де тоталитарлық террорға қарсы шыққан кез келген адамды түрмеге қамады және көзін жойды. 1940-жылдары жүздеген мың неміс, поляк, украин, корей және т.б. ұлттар Қазақстанға күшпен қоныс аударылды. Осы қайғылы жылдары құрбан болғандарды еске алатын күніміз - 31 мамыр».
Аталған жазбаны бөліскен Қайсар Тұрсынғожа «Мемлекеттік дәрежеде, жалпы Қазақстан бойынша 1 минут болса да, үнсіздікпен, қозғалыстағы көліктер тоқтап, мысалы 31-і күні таңғы 10:00-де әлемге зобалаңның ұмытылмағанын көрсетуіміз керек»,- деп жазды Әлеуметтік желіде.
Ал, Саясаттанушы Ерлан Саиров Қазақстанда «Зар қабырғасын тұрғызу қажет» деп бастама көтерген.
«30-жылдардағы қазақ халқына қасақана жасалған қастандықтың арқасында біздің ұлт өзінің 60-пайыз халқынан айырылды.
Табиғи өсімді есептейтін болсақ, аштан қырылған қандастарымыздың саны 3-4 млн-нан асады. ҰҚК архивтері ашылған шақта шынай цифрлар саналып жатар. Бұл дүниедегі бір халыққа қолдан жасалған ең сұрпайы геноцидтің бірі емес, бірегейі!
Еврей халқы өзіне жасалған зорлық-зомбылықты дүниеге мойындатты. Бізге де өзіміздің «Зар қабырғамызды» орнату шарт. Әр-бір қазаққа арналған бір тас орнату сол кездегі белгісіз, қабірсіз қалған қандастарымызға қошемет, құрмет болары анық.
Бұл ешбір мемлекетке немесе идеологияға қарсы шара болмайды.Қаза болған ата-бабамызға бас ию, ұлтымыздың болашағы үшін жасалатын өзімізге сабақ!», - деп жазды Саиров әлеуметтік желіде.
Еске салатын болсақ, 1933-1945 жылдар арасында Гитлердің билік басына келуімен фашистердің 6 миллион еврейді өлтірген холокостына байланысты арнайы еске алу күні бар. БҰҰ бас ассамблеясы 2005 жылы 1 қарашада «27 қаңтарды Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні» етіп белгілеген.
Ал Түркия түрік көсемі Ататүріктің қайтыс болған сағатына жалпыреспубликалық үнсіздік жариялаған. Жыл сайын 10 қараша сағат 09:05 уақытында Түркияда бүкіл қозғалыс тоқтап, минуттық үнсіздік орнайды. Осы минуттың белгісі ретінде облыстар мен аудан орталықтарында сырнай шалынады. Бұл Түркияны түбегейлі отарланып кетуден құтқарған Мұстафа Кемал Ататүрікке деген халықтың құрметі.
1921-1922 жылдардағы ашаршылық Азаматтық соғыстан кейін қазақ халқына оңай тиген жоқ. КазОАК-нің Төрағасы С. Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша Қазақстан бойынша аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адамды құраған. Ал 1920 жылдың соңында республиканың барлық тұрғындарының саны 4 781 263 адам еді.
1930-1933 жылдардағы ашаршылық туралы деректерге қарасақ, Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 млн. 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Егер бұл кемуден 1 млн-нан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930 — 33 жылдардағы аштық құрбандарының 2 млн. 200 мың адамнан асып түсетінін аңғарамыз. 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында былай деп жазды: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамнан, яғни барлық Қазақ халқының 48 процентінен айрылды». Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Негізінен жас балалар мен Әйелдер қырылғандықтан оның демографиялық зардабы ауыр болды. Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді. Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен бұл апат «қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген тарихи атқа ие болды. Голощекиндік геноцидтің Қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында (процент есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар. 1932 мешін жылы болған бұл зұлмат 20-ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады.
Қазақстандағы саяси репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінін 1-хатшысы болып келген Ф. И. Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Ал, олардың ұрпақтары Совет билігі құлағанша қуғындалып, қағажу көрді.
Тәуелсіз Қазақстанда 1998 жылы - «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланып, ашаршылық, репрессия жылдары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалар жарияланып, игі шаралар ұйымдастырылды, тоталитарлық идеология әшкереленді. Алайда, Ресей Қазақстанға қолдан жасаған аштық зобалаңы мен саяси репрессиясын ресми түрде мойындаған жоқ.
Осыдан 5 жыл бұрын 31 мамырда Астанада Елбасының «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» ашылды.
31 мамыр күні - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, биыл осыған орай Алматы қаласында, Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелері қилысында, әділетсіз саясаттың құрбандарына арнап ескерткіш орнатылады.
Оставить комментарий