Қожамжаров қайда жүр?

/uploads/thumbnail/20170829160140936_small.jpg

Қазақстан билігіндегі шенділердің ішінде Қайрат Қожамжаровтың орны бөлек. Құрылу тарихы сонау 90-жылдардың аяғынан басталатын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Агенттікте күні кешеге дейін бірнеше басшы ауысып қана қойған жоқ, мемлекеттік құрылымның өзі де бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бір кездері Мемлекеттік қызмет істері мен жемқорлықпен күрес (қаржы полициясы) агенттіктері өз алдына жеке ведомство да болды.

Соңғы рет 2016 жылғы 13 қыркүйекте Президент Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылды. Агенттік басшылығына осы ведомствоны 2014 жылдың 6 тамызы мен 2015 жылдың 11 желтоқсаны арасында басқарған Қайрат Қожамжаров тағайындалған болатын. Антикоррупциялық салада Қайрат Пернешұлының есімі көпке таныс. Аталған ведомство сыбайластық сипаты бар талай шулы істерді тергеп, сотқа жеткізген. Экс-премьер Серік Ахметов, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев ісін ешкім ұмыта қоймады. Былтырғы аты-шулы процестерден Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен журналист Бигелді Ғабдуллин ісін де Қ. Қожамжаров басқарған Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро жүргізгенін білесіз.

Зор қоғамдық резонанс туғызатын шулы істермен танымал агенттіктің басшысы Қ. Қожамжаров көптен бері ел назарынан жоғалып кетті. Соңғы рет ол ақпарат құралдарына жыл басында ғана шығып, «Бәйтерек» Ұлттық холдингіндегі қаржы жымқыру оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын. Одан кейін Пернешұлын басылым беттерінен байқамадық. Агенттік өткізген немесе сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қызметке қатысты шараларда көбінесе орынбасары Алик Шпекбаев төбе көрсетіп жүр. Ақпарат құралдары да бұл салаға қатысты материалдарында А. Шпекбаевтың сөздеріне сілтеме жасауда.

Басшының барлығы таң атқаннан күн батқанға дейін елдің көз алдында жүруге немесе газет бетінен, көгілдір экраннан түспеуге міндетті емес, әрине. Бірақ, егер ол басшы журналистерден жалтармайтын, өз жұмысына қатысты БАҚ-пен тығыз байланыс ұстайтын шенеунік болса, көпшіліктің «Бұл неге көрінбей кетті?» – деуі заңды. Оның үстіне әне-міне жаз да аяқталып, қоңыр күзбен бірге жаңа саяси маусым басталады. Жаңа маусымнан жұртшылық көп жаңалық күтеді.

Осы жерде Қ. Қожамжаровтың жұрт назарынан жоғалып кетуімен тікелей байланысы болмаса да, ол басқаратын агенттік қызметіне қатысты мына бір жайтты атап өткен жөн. Шілденің басында Алматыда Талғат Махатов есімді азамат Медет Жамашев деген кеденшінің өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. Т.Махатов осыдан 5-6 жыл бұрынғы атақты «Қорғас ісінде» басты куәгер болғанын бүгінде біреу білсе, біреу ұмытып үлгерді. Атышулы іс туралы аз-маз мәлімет білетіндердің болжауынша, қазіргі таңда «Қорғас» дауына қатысты жаңа жағдайлар пайда болып, тергеу жанданған көрінеді. Жыл басында бірқатар заңнамаларға енген өзгерістерге сай, жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысы бар қылмыстар бойынша тергеу, іздестіру жұмыстарын жүргізу Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген болатын. Бұл оқиға жай ғана кездейсоқтық па, әлде қос күштік құрылым арасында шынымен шиеленіс туғанының көрінісі ме, ол жағын жақында білетін боламыз.

Жеңіс САБЫРЖАНҰЛЫ

    

 

 

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи