Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары қытайлық қорғасын өндіру кәсіпорнының экологияға жасап жатқан зиянды қалдықтарынан зардап шегіп отыр, — деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Осы мәселеге қатысты ОҚО-ның Еңбекші ауданы Шаңырақ, Жұлдыз елді-мекенінің тұрғындары, Қаратау ауданының Лесхоз елді-мекенінің тұрғындары мен белсенділері ОҚО-ның Бас Прокуроры мен осы мәселеге жауапты басшыларға арыз жазды. Бұл туралы «Экологиялық Альянс Байтақ Болашақ» республикалық ұйымының президенті Азаматхан Әміртай өзінің фейсбук парақшасына жариялаған.
Осы ақпаратқа қатысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Эклогиялық Альянс Байтақ Болашақ» республикалық ұйымының президенті Азаматхан Әміртайдың пікірін білді.
«Қытайдың компаниясы өзінің шикізаттарын қайта өңдеуден өткізеді. Қытайлар шикізатты қайта өңдеуден өткізіп, қалған зиян қалдықтарды өзен-көлдерге немесе басқа да ашық жерлерге төгіп жатыр. Біз қазір белсенділер мен ауыл тұрғындары бірігіп Бас Прокуратураға болған оқиғаны айтып, соның көмегіне жүгінгелі отырмыз. Тез арада бұл мәселені қолға алу қажет. Бұл мәселені мен ауыл тұрғындары арқылы білдім. Қытайлардың ашық жерлерге төгіп отырған зиянды қалдықтары адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Арызға барлық ауыл тұрғындары мен 7-8 белсенділер қол қойды. Бұл мәселені тез арада шешу керек, себебі зиян қалдықтар ағыс арқылы тарап, мал қырылады, адам өміріне айтарлықтай зиян келеді. Қытайларға бәрібір, олар өз қызметін атқарса болды. Өздерінің жері болмағасын білгендерін істеп жатыр», — деді Азаматхан Әміртай.
Ауыл тұрғындары мен белсенділердің арызында:
«Біз, ОҚО-ның Еңбекші ауданы Шаңырақ, Жұлдыз елді-мекенінің тұрғындары, Қаратау ауданының, Лесхоз елді-мекенінің тұрғындары және осы Қазақстан Республикасына жаны ашитын тұрғындардан.
Осы арызды жазу себебіміз біздің ауылдың жанында бұрынғы фосфор зауытының ішінде қытай азаматтары және «Балқаш Сметинг» фирмасының басшылары білгенін істеп, пеш қойып, Балқаштан қауіпті кен қалдықтарын алып келіп, осы жерге балқытып мыс, қорғасын шығарып жатыр. Одан қалған қауіпті қалдықтарды мышьяк және күкірт қалдықтарын қалалық канализацияға ағызып, қалғандары осы зауыттың ішінде ашық түрде шашылып жатыр. Мышьяк пен сера қауіпті қалдықтарын арықпен де су арқылы елді-мекендерге кетіп жатыр және ауаны ластап жатыр. Сол арықпен бақшамызды да, есіктің алдындағыларды да суарып жатырмыз. Мышьяк қауіпті қалдықтары онкология ауруларын қоздырады. Сол себепті облысымызда онкология ауруы өте көп. Мұндай қауіпті қалдықтарды шығаратын зауыттар арнайы қаладан алыс жерде өздерінің алаңында бетондалып, терең қазып құрғақ түрде сақталу керек, оны «могильник» деп атайды. Ол жерде заң түрінде қауіпсіздік шараларын қолдану керек және де жеке күзет ұстау керек. Қаланың ішінде мұндай зауыттар болмау керек.
Қазақстан Республикасына жаны ашитын азамат ретінде сіздерден сұрарымыз балаларымыз бен немере-шөберелерімізді ойласақ, осы жоғарыда көрсетілген зауытты жабуыңызды сұраймыз», — деп жазылған.
Айта кететін болсақ, ауыл тұрғындары аталған компанияның қызметкерлеріне барып осы жағдайды айтқан. Алайда компания қызметкерлері ауыл тұрғындарының сөзіне құлақ аспапты. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, қытайлар адамның құнын ақшамен теңеп отыр. Қытайлар ауыл тұрғындарына экологиядағы және басқа да басшылардың барлығы бұл жағдайды білетінін және өздерінің «крышасы» бар екенін айтқан.
Бұл зауыттың жұмыс істеп тұрғанына 3 жылдай уақыт болған. Компаниядан шығатын қауіпті қалдықтың «мышьяк» құрамы 10%-дан асады. Бұл көрсеткіш онкологиялық аурудың бірінші қоздырғышы болып табылады. Шетелде 0,5 %-ы бар мышьякты кіргізбейді. Ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенсек, осы зауыттың ішінде заңсыз жүргендер де бар екен. Сонымен бірге осы аймақта 5000 қытай тұратын жатақхана салынғалы жатыр. Қытай Республикасында жоғарыда аталған зиянды қалдықтарды ашық түрде ұстаған адамды түрмеге қамайды.
Қытай өз елінде зиян деп есептейтін химиялық қалдықтар арқылы біздің жерімізді былғап жатыр. Шындығында бұл адамзаттың өміріне қарсы жасалған ашық қылмыс. Нәтижесінде зардап шегетін қытай емес, біздің қаракөз, біздің қазақ. Қазақтың болашағы мен денсаулығы қазаққа керек болмаса, қытай үшін бес тиын. Олар өздерінің қызметі мен табысы үшін ешкімді аямайды.
ҚР Бас Прокуратурасы осы оқиғаны әділетті түрде шешуге, Қазақстандағы әрбір азаматтың құқығын қорғауға міндетті. Қытай компаниясы жұмыс атқарғаннан бастап 3 жыл бойы қазақстандық азаматтардың құқығы ашық түрде тапталып отыр. Сол себепті бұл мәселені тез арада қолға алу қажет.
Әсел Болатқызы
Оставить комментарий