Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы облысының әкімі осы жағымды жаңалықты жеткізді. Амандық Баталов Жетісу жерінде халық саны 2 миллионнан асқанын айтып, биыл атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп жазады Qamshy.kz.
Облыс әкімі брифингте өзі басқарып отырған өңірдің саяси-әлеуметтік, мәдени, инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндады. Қазіргі уақытта облыста 16 аудан мен 3 қала әкімдігі бар. Өңір басшысы өз баяндамасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қорытындысында қолға алынған жобалар туралы кеңінен әңгімеледі.
Биыл 9 айда Алматы облысында 540 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Барлық сала бойынша даму қарқыны жаман емес. Жыл соңына дейін индустрияландыру картасы аясында 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бастысы, бұл кәсіпорындар 1,5 мың жұмыс орнын құруға септігін тигізбек. Бұдан бөлек биыл 611 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Амандық Баталовтың сөзіне қарағанда, аймақта шешімін таппаған мәселе жоқ.
Өз сөзінде облысы әкімі "Біз 2-3 жыл ішінде 2,9 млрд теңге қостық. Әуежай салдық. Жолдар мына көшеден кем емес. Үкіметке, ҚТЖ-ға шығып, қазір теміржол вокзалын салып жатырмыз, су құбырын салып бердік. Өткен жылы аурухана салып бердік. Қазір барсаңыз, таң қаласыз", - деді облыстың дамуы жайында.
Ауыл шаруашылығының өнім көрсеткіші бойынша да Алматы облысы көш бастап тұр. Азық-түлік бағасын реттеу керек екенін алға тартқан облыс басшысы өңірде бөлшек сауда орталығы ашылатынын айтты. Сонда өнімдер делдалсыз бірден дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Жобаны ирандық компания іске асырмақ. Инвестицияны да солар құяды. Тек жер телімін берсек болғаны. Егер жоспар жүзеге асса, орталық келер жылы іске қосылады. Сондай-ақ өңір басшысы қант қызылшасын да сөз етті. Биыл 35 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Бірақ еліміздің бұл өнімге деген жылдық сұранысы 500 мың тоннаға дейін жетеді. Алайда аймақ оның тек 20%-ын ғана қамтамасыз ете алады. Сөз соңында Амандық Баталов үздік әкімдердің рейтингінде үнемі алдыңғы қатардан көрінсе де, оған қызықпайтынын айтты.
Оған қоса, Алматы облысындағы индустриалды аймақтарда 17 кәсіпорын жұмыс істесе, алдағы уақытта оның санын 400-ге жеткізуге мүмкіндік бар.
– Серіктес қала «GateCity»аумағында «Берек» жаңа индустриалды аймағы құрылып, онда ірі компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 90 млрд. теңгелік, 2 мың жұмыс орны құрылатын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың қатарында ет полуфабрикаттарын шығаратын «Бауманн» (Германия), картоп өңдейтін «Фармфритс» (Голландия), жылыжай шаруашылығы бойынша «Экокультур» (Ресей) компаниялары бар, – деді Амандық Баталов.
Сондай-ақ облыста «Талдықорған», «Береке», «Арна», «Боралдай», «Қазыбек бек», «Қайрат» – 6 индустриалды аймақ бар екені және олардың барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгені айтылды.
Брифинг барысында журналистер жалпы саны 20-ға жуық сауал қойды. Сұрақтар негізінен туризмді, оның ішінде Алакөл жағалауын дамыту, ет экспортын арттыру, қант пен көкөніс бағасын тұрақтандыру шаралары, газдандыру барысында әлеуметтік әлжуаз топтарға жеңілдіктер қарастыру, балабақша құрылысы, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу және тағы басқа да мәселелер туралы болды. Сұрақтардың барлығына толыққанды жауап берілді.