Тері ауруларына қарсы ең алғашқы отандық медициналық препарат шығарылды

/uploads/thumbnail/20171205161004566_small.jpg

Қазақстанда терінің зең ауруларын емдеуге арналған ең алғашқы отандық препарат – «Розеофунгин – АС» қолданысқа енгізілді. Бұл ел өміріндегі айтулы оқиға деуге де болады. Келешегі зор отандық өнімнің жай-жапсары туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Микробиология және вирусология институтының бас директоры, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Аманкелді Саданов мырза айтып берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 


Отандық фармацевтиканың өн­дірістік секторын құру – жоғары тех­нологияларды қажет ететін өте қым­бат әрі күрделі сала. Бір қара­ған­да, Қазақстандағы фармацев­ти­калық өнімдер нарығы өте қар­қынды дамып келе жатқандай бо­лып көрінеді, дәріханаларда саты­ла­тын дәрілерде ешқандай кем­ші­лік­тер байқалмайды. Алайда жай-жа­п­сарын анықтап, тереңнен қа­рай­тын болсақ, өкінішке қарай, фар­мацевтика өндірісінің 60 пайыз­дан астамы шетелдіктердің ен­шісінде екендігін айта кету қа­жет және ол отандық түпнұсқалық жаңа дәрілерді әзірлеп шығаруға бағытталмаған. Біздің елде дәрі-дәрмектердің 95 пайызы сырттан әкелінеді, яғни шетелдік валю­та­мен сатып алынған импорттық ши­кізаттан жасалынады.


Бүгінде елімізде фарма­цев­ти­ка­лық дәрілерді шығаратын үлкен­ді-кішілі 79 компания жұмыс іс­тей­ді. Нақтырақ айтар болсақ, фар­мөндірушілердің басым бөлігі импорттық шикізаттардың не­гі­зін­де қарапайым дәрілік заттарды – ан­тисептиктерді, галенді препа­рат­тарды (өсімдіктердің спирттік экст­рактары, қайнатпалар, тұн­ба­лар), болмаса дженериктерді (не­гізгі түпнұсқасы емес арзан ши­кі­заттар) шығарумен айналысады. Бұл отандық түпнұсқалық дә­рі­лер­дің мүлдем шығарыл­майтынын көр­сетеді. Мұның барлығы отан­дық фармацевтика өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігінің төмен екен­дігін білдіреді өйткені еліміз­де шығарылатын дәрілік препа­рат­тар тұтынушылар қажеттілі­гін­нің 10-12 пайызын ғана қамта­ма­сыз ете алады. Бұл Бүкіләлемдік ден­саулық сақтау ұйымының ұсы­нып отырған көрсеткішінен 20 пайыз немесе екі есе төмен.


Дәрілік препаратты жасап шы­ғару – ол өте ұзақ, көп еңбектенуді жә­не орасан зор қаржылық шы­ғындарды қажет ететін сала. Жаңа отандық дәрілік препараттарды жасап шығарып, оны өндіріске енгізу – көп жылдар бойы тыңғы­лық­ты ғылыми зерттеу жұмыс­тарын жүргізуді талап етеді. Оған қоса, олардың адам денсаулығына тигізетін зияны мен сапасын анық­тау үшін клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардың бірнеше сатыларынан өтуі тиіс. Сондай-ақ дәрі шығаратын технологиялық желісі мен өндірістік ғимараттары да тиісті стандарттарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар отандық жаңа бір дәріні дайындап шығару үшін фар­мацевтикалық компа­ния­лар­дың жұмсайтын шығыны жүздеген миллионнан бірнеше миллиард долларға дейін жететін болса, оның лабораториялық зерттеуден бастап, өндіріске ену аралығы кем де­генде 15-20 жылға дейін созы­ла­ды. Бұндай талаптарға төтеп бере­тін ғалымдар өте сирек.

Отандық дәрілердің бүгінгі таңда өндіріске енуі тіптен жоқ де­сек те болады. Әрине, шетелден ке­летін дәрі­лердің көпшілігі олар­дың негізгі нұсқасы емес, көбінесе олар­дың кейбір құрамдары өзгер­тіліп келеді. Онымен қоса, дәрі­лер­дің немесе олардың маркала­ры­ның аттарын да өзгертіп сатуға ты­ры­сады. Оларды да түсінуге бо­­лады, яғни бір дәріге патенттің рұқ­сат ету мерзімі 25 жылға бері­ле­тіндігін ес­керсек, ал компа­ния­лар осы жыл­­дар арасында дәріні өн­діруге жұм­салған өз шығын­дарын қай­­­та­рып алуға тырысады. Дже­не­рик­ке келер болсақ, оның өте ар­зан­ға түсері даусыз. Яғни, олар дәрі­нің өзін сатпайды, орны­на дәрі жа­сай­тын шикізатты (субс­тан­ция­сын) ғана сатады, ал оның өзі шет­елдік валютамен сатылады. Осы­ның сал­дарынан еліміздегі дә­рі­ха­на­лар­дағы дәрілердің бағасы ша­рық­тап тұр.


Енді отандық өнімдер туралы ай­талық. Өз еліміздегі жағдайға ке­летін болсақ, көпжылдық ғылы­ми зерттеулердің нәтижесінде, Мик­­робиология және вирусология институтының ғалымдары зең ау­ру­ларына қарсы кең ауқымда қо­л­данылатын отандық «Розеофун-гин – АС» атты жаңа табиғи анти­био­­ти­гін әзірлеп, оны өндіріске ен­дір­ді. Оның бағасы шетелден импортталатын дәрілермен салыстырғанда айтарлықтай арзан, 20 грамм жағылатын мазь ретінде жасалған препарат құны 2000 теңгені құрайды. 

Розеофунгин-АС


Баршаға мәлім, адам ағзасы­ның түрлі органдары мен жүйелері­нің зең саңырауқұлағымен зақым­дануын «микоз» деп атайды. Қа­зіргі таңда микоз инфекция­лары­ның деңгейі жылдан жылға ұл­ғайып отыр және оның 400-ден ас­там микроскопиялық түрі бар екен­дігі бұрыннан белгілі. Бүгінде әлем­дегі халықтың шамамен бе­сін­ші бөлігі (20%) ми­коз ауруынан зардап шегеді. Бұл инфекциялар­дың қарқынды өсуі­нің себебі патогенді саңы­рау­құлақ­тардың белсенділігінің ар­туына, емдеу ба­рысында осы күн­ге дейін қолда­нылып келген шетелдік антибио­тик­терге дағдылануына бай­ланыс­ты, сондай-ақ адам им­мунитетінің инфекцияға қарсы тұра алмауының салдарынан атал­ған аурумен күресу оңайға соқпай отыр.


Зең ауруларына қарсы меди­ци­налық препараттардың әлемдік са­тылу деңгейі күн санап өсіп ке­ле­ді. Әсіресе, оның ішінде ең көп та­­ра­ған зең инфекцияларының бі­рі – терінің микозы. Сонымен бір­­ге, әзірленіп жатқан дәрілік зат­тардың барлығы бірдей сынаққа тө­теп бере алмайды және меди­ци­на­лық сынақтан өткен кезде олар­дың көпшілігі мақұлдана бермейді. Сон­дықтан нарыққа тек бірлі-жа­рым ғана дәрілер шығады. Демек, зең ауруларына қарсы жаңа дәрілік препараттарды әзірлеп, оларды қол­данысқа енгізу – заманауи ме­ди­цина мен фармацевтиканың ең өзекті мәселелерінің бірі.
Қазақстанда зең ауруы мә­се­ле­сінің де өзектілігі өзге мемлекет­тер­ден кем қалып жатқан жоқ.

Ста­тистика бойынша елімізде ере­сек адамдардың төрттен бір бө­лігі терінің микоз ауруларынан зар­дап шегуде. Әсіресе, осындай зең инфекцияларына жұртшылық көп жиналатын жерлердегі адам­дар, соның ішінде шұғыл әскери қыз­мет сарбаздары, сонымен қатар ыс­тық климатты аймақтарда тұра­тын тұрғындар тез шалдығады. Әдет­те, осындай ауруға шалдыққан адам­дардың көпшілігі дәрігерлерге кө­рінбей, өз бетінше емделуге ты­рысады. Осының салдарынан зең инфекцияларының таралуының нақты көрсеткішін бүгінгі күні анық­тап беретін нақты статисти­калық есеп жүргізу мүмкін емес.


«Vi-ORTIS» компаниясының жүр­гізген маркетингтік зерттеу­ле­рі­нің мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда зең ауруларына қар­сы сатылған дәрілердің саны 1 384 823 қаптама болса, 2017 жыл­дың қаңтар айынан бастап ма­мыр айына дейінгі аралықта 617 776 қаптаманы құрады, ал теңгеге шақ­қанда, 2016 жылы – 2, 113 млрд теңге, ал 2017 жылы – 925,3 млн теңгені құраған.

Бұған қоса, на­рықтағы барлық дерлік зең ин­фекцияларына қарсы дәрілер Қа­зақстанға сырттан әкелінген, яғни импорттық препараттар. Оның ішінде отандық препараттардың үлесі тек 3 пайызды ғана құрайды. Қа­зіргі таңда Қазақстанда жер­гі­лік­ті жерден шығатын екі препарат қолданыста: «Терфалин» (Нобел Алматы фармацевтік фабрикасы) және «Феборцин» («Рауан» ҒӨО). «Терфалин» препаратын жасайтын шикізат шетелден импортталған дә­рілік субстанция болса, «Фе­бор­цин» дәрілік препаратының құра­мында бор қышқылы, карбол қышқылы мен резорциннің қос­па­лары болғандықтан, ол көбіне де­зин­фектанттар қатарына кіреді.


Әрине, отандық жеке түп­нұс­қалық зең ауруларына қарсы тиімді дәрілерді шығару кеңінен таралған сырқаттардың бірі – тек зең ин­фекцияларымен зақымданған адам­дарды емдеуде ғана емес, сон­дай-ақ сырттан келетін, яғни шет­елден келетін өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды алмастыруда да өзекті болып отыр.


Осы мәселенің күрмеуін ше­шуде, еліміздің фар­мак­о­ло­гиясына өзіндік үлес қосу мақса­тын­да Мик­робиология және виру­сология инс­титутының ғалымдары емдік қасиеті жоғары, ауқымы өте кең, зең ауруларына қарсы отан­дық жаңа препарат «Розеофунгин – АС, 2 пайыз» жақпамайын шығар­ды. Бұл препараттың негізі – Қа­зақ­­стан­ның топырақтарынан бө­лініп алын­ған микроор­ганиз­м­дер­дің штам­дарынан жасалған анти­био­тик. Оның химиялық құрылы­мы – полиендер қатарына жататын жаңа табиғи қосылыстар. Розео­фун­гиннің патогенді саңы­рау­құлақ­тардың 39 түріне қатысты, оның ішінде – трихофития, мик­роспория, фавус, кандидоз, крип­то­коккоз, споротрихоз, хромоми­коз, аспергиллез және тағы да бас­­қа тері мен денеге терең енген ми­коздардың ең қауіпті деген қоз­дырғыштарына қарсы қол­да­нылатын белсенділігі жоғары ан­ти­биотик екендігі дәлелденді. Оның көптеген тұмау, парамик­со­вирустар, осповакцина мен Раус саркомасы вирустарының көбеюін дер кезінде тежей алатын қабілетке ие екендігі, яғни вирустарға да ем­дік қасиеттерінің жоғары екен­дігі анықталды.


Антибиотикті өнеркәсіптік дең­гейде шығару үшін жергілікті штамнан селекция жасау арқылы белсенділігі жоғары штамм-про­дуцентті бөліп алдық. Бұл про­дуцент­ті өсіруді көбейту үшін көп қаржы талап етпейтін қолайлы қо­ректік орта құрамы және анти­биотикті тазартудың қарапайым әрі ыңғайлы технологиясы таңдап алынды. Атап айтқанда, бұл анти­биотикті үлкен көлемде өндіру үшін тиімділігі өте жоғары және көп шығынды қажет етпейтін жаңа тех­нология әзірленді. Нәтиже­сін­де, препараттың жаңа отандық дә­рілік үлгісі жасалынды, ол қол­дануда өте қарапайым әрі ұзақ уақыт бойында емдік қасиетін сақ­тайды. Ғалымдардың жасап шығарған дәрісі Қазақстан Рес­публикасының патентімен толық қорғалғандығын да айта кет­кеніміз жөн.


Институт базасында аталған дәрілік препаратты өнеркәсіптік көлемде кеңінен өндіру үшін жо­ғары сапалы шетелдік құрал-жаб­дықтармен жасақталған техно­логиялық желі орнатылған. Атал­ған препарат зең ауруларына қарсы дәрілік заттардың тиісті халық­аралық стандарттары мен талап­тарына толық сәйкес келеді. Бұл антибиотикті ғылыми зерттеуден өнеркәсіптік деңгейге дейін жет­кізу үшін үлкен ғылыми және өн­дірістік ұйымдастыру жұмыстары жүр­гізілді, яғни осы бағытта алға қой­ған талаптарымыз сәтті аяқ­тал­ды. Дәрілік препарат «Розеофун-гин – АС» жақпа майына клини­каға дейінгі және клиникалық 1, 2, 3-кезеңдерінің сынақтары жүргі­зі­ліп, мыңға жуық адам емделіп шық­­ты.

Осы сынақтардың нәти­же­­сінде терінің зең ауруларын ем­деу­ге арналған «Розеофун-
гин – АС» дәрілік препараты Ден­сау­лық сақтау министрінің 2017 жыл­ғы 8 қыркүйектегі №N010336 бұй­рығымен бекітілген Қазақстан Рес­публикасындағы дәрілік зат­тар­дың мемлекеттік тізіліміне кір­ді.
Бұл жаңа отандық препараттың шетелден келетін дәрілерден тағы да бір артықшылығы – розеофун­гин антибиотигінің химиялық құра­мы табиғи қосылыстардан тұра­тындығы, яғни адам ағзасына зияны тимейді. Көптеген жылдар бойы Қазақстан нары­ғын­да терінің зең ауруларына қарсы осы тектес бірқатар препараттар пайдала­ны­лып келді. Бірақ ол пре­параттарды ұзақ уақыт пайдалануға байла­ныс­ты адамның организмі оған бір­тін­деп дағдыланып бейім­де­ліп кетеді, нәтижесінде емдеу қа­білетінің тө­мендеуіне әкеліп соқ­тырады.


«Розеофунгин-АС» – Қазақ­стан Республикасындағы меди­ци­налық мақсатта қолданылатын ал­ғаш­қы әрі әзірше жалғыз отан­дық (дженерик емес!) антибиотик.


Осыған орай, Микробиология және вирусология институтының базасында адамның инфекциялық зең ауруларымен күресуі үшін ке­ле­шекте тиімділігі жоғары жаңа дә­рілік препараттардың басқа да түр­лерін жасауға бағытталған жұ­мыстарды әрі қарай да жалғастыру жоспарлануда. Бұл институттың еліміздің инновациялық дамуына, әсі­ресе фарминдустрияның отан­дық секторының қалыптасуына және Қазақстан халқын өзіміз өн­дірген отандық қолжетімді дәрі­лермен қамтамасыз етуге қосар зор үлесі болмақ.

Оставить комментарий

Связанные Статьи