Алматы қаласында бүгін, 9 қаңтарда «#ҮнсізҚалмабалаларKZ» зорлық көрген балаларға көмек көрсететін қоғамдық қор құрылтайшысы, қарапайым қазақстандық әйел Ляззат Рақышқызының «Ляззат- тағдырмен бетпе-бет» кітабы жарыққа шығады. Бұл кітап автордың өз өмірінен алынған оқиғаға негізделген. Кітаптың сатылымынан түскен ақша зорлық құрбандары болған балаларға жәрдемдесуге жұмсалады. Осыған орай, Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі автордың кітабы туралы және басынан өткен оқиғасын өз аузынан есту мақсатында Ляззат Рақышқызымен сұхбаттасқан болатын.
— Аталған кітаптың шығуына не түрткі болды?
Кітаптың шығуына әсер еткен жағдай — бұл оқиғаның шынайы өмірден алынғандығы, менің басымнан өткендігі. Басты мақсатым — балаларым өмірімде болған қиын кездер туралы, көрген ауыртпалықтарым туралы білсе деген ой. Бұл негізінен балаларыма арналған естелік кітап. Соңғы уақыттары зорлық-зомбылық туралы, кішкентай қыздардың педофилдердің құрбаны болып жатқандығы сияқты ақапарттар, жаңалықтар көптеп таралып кетті. Осындай ақпараттарды естіген сайын, оқыған сайын өзімнің жарам тырналатындай сезімде болдым. Қатты қиналып кеттім. Сондықтан осы кітапты жазып, ішімдегі ешкімге айта алмай жүрген сырымды жасырмай елге жар салуды мақсат етіп қойдым. Көп психологиялық кітаптарда өз қиындығың мен ауыртпалығың, проблемаларыңды біреумен бөлісу керек, ішек тарқату керек деп жазады. Ал мына заманда кімге біреудің проблемасы маңызды?
Мен негізі қаржы маманымын. Сондықтан кітап жазуға ерекше шығармашылық қабілетім де жоқ. Алайда, дәл осы басымнан өткен оқиға осы уақытқа дейін менің жүрегімдегі жара, ірін іспетті еді. Бұдан ары мұның бәрін іште сақтап жүре алмадым. Ресейден Агапаева Ирина есімді украин жазушысымен хабарласып осы кітапты шығаруға көмек сұрадым. Дәл осы авторды таңдау себебім, ол — шынайы өмірден алынған романдар жазудың шебері. Оның бірнеше кітаптарын, соның ішінде «Исповедь о женсокй тюрьме» атты автобиографилық романын оқыдым және осы кітап та маған өз оқиғаммен бөлісуге септігін тигізді.
— Басыңыздан өткен қайғылы жағдай туралы айтып берсеңіз?
6 жасымда зорлықтың құрбаны болдым. Біз тұратын ауылда әкемізбен жақсы араласатын көрші ағалардың баласы бар еді. Ол кезде шамамен 18 жаста. Мені сол жігіттің жалғыз өзі емес, тағы бір адам қосылып зорлады. Бетіме жастық басып тұрып, даусымды естіртпей зорлаған. Алайда, мен ол кезде мүлдем кішкентаймын. Ондай нәрсені мүлдем түсінбеймін. Әлгі екінші адамның түрі де есімде қалмапты. Шынымды айтсам, маған осы жайттарды қайта еске түсіру өте ауыр...
— Басыңыздан өткен қайғылы жайт туралы отбасыңыз, балаларыңыз қай уақытта білді?
Кітапты толық жазып болған соң, тұсаукесерге дайындалып жүрген уақытта білді. Жұбайыма да дәл осы кітап жазылып болған соң оқып пікіріңді бер деп айтып, үйден шығып кеткен болатынмын. Кейін жұбайым күні бойы отырып жылағынын айтты.
— Жақындарыңыз, жұбайыңыз осы оқиғаны қалай қабылдады?
Қатты шошыды. Үлкен қызым да, 5 жастағы балам да жылап, бірнеше күн бойы «Анашым, мұның бәріне қалай төзгенсің» деп қатты қапаланды. Жұбайым болса, әлгі кісіні тауып өлтірем деп шықты. Әрең дегенде сабасына түсірдім. Осы кезде бұл кітапты жазғаным бекер болды ма деген ойлар келді. Жұбайыма мен туралы қандай ой келді екен, маған өкепелеп қалмады ма екен деп ойладым. Шыны керек, жақындарымнан үлкен қолдау таптым.
— Бала кезіңізде көрген зорлықтың әсері қазіргі өміріңізге қаншалықты әсер етті?
Анамнан жастайымнан айырылдым. Әкем екеуміз тұрдық. Сондықтан бұл ауыртпалықты көтеру маған екі есе қиын болды. Әкеме, жақындарыма ешкімге айта алмадым.
Қатты ауырып қалған соң анамның сіңлісі мені өз қанатына алып, біраз бағып-қақты. Қатты қорқып қалғаннан ба, басқа да жағдайлар әсер етті ме, бұтыма жіберіп қоюды шығардым. Әпкемнің қолында болған кезде, күнде төсекке жіберіп қойып, айқайлап, шошып оянатынмын. Туыстарым менің не себепті бұлай ауырып жүргенімді түсінбей жүрді: қаратпаған, апармаған жерлері жоқ, дәрігерге де, емшілерге де апарды.
Анамның сіңлісі мені өз қызынан кем көрген жоқ. Оған алғысым шексіз. Маған жетіспеген аналық мейірім мен махаббатты, шапағатты осы кісі берді. Ақырында Құран оқытып емдетті. Содан кейін ғана ауруым басылып, жеңілдеді. Алайда, бұл басымнан өткен сұмдықтың бергі шеті ғана.
Арада біраз уақыт өткен соң әкем мені қайта өз қолына алды.
Мені апам (анамның сіңлісі) батыл қылып өсірді. Әкемнің қолына, ауылға қайтып барғанда ол жерде мен туралы өсек өрбіп жүр екен. Ұл балалардың көпшілігі болған жайт туралы естіп алған.
Зорлаған жігітті кейін көрдім. Алайда болған оқиғадан кейін ол маған тиіскен жоқ. Ауылға қайтып келгенде, түк болмағандай өмір сүріп жүр, тіпті үйленіп алыпты.
Басқа ауыл балалары тарапынан маған бірнеше рет шабуыл да жасалды. Бір жолы мектептен қайтып бара жатқан кезде бір-екі бала қасыма келіп тиісе жөнелді. Бастарын таспен жарып, қуып жібердім. Тағы бір жолы бірнеше бала келіп пышақ тақап: «Іш киіміңді шеш!» деп қоқон-лоқы көрсеткен кездер болған..
Әрине, мұның барлығын кітапқа тізіп жазып жатпадым. Себебі, балаларым мұндай сұмдықты оқып одан да қатты қинала ма деп ойладым. Сол кездері: «Қызым, бойжеттің, есің кірді, енді дұрыс жүр. Ұнатқан жігітің болса, тек сонымен сөйлес, басқаларға жолама. Тұрмысқа бетің ашық болып, қыз болып шығуың керек» дейтін.
Әрине, әкемнен мұндай сөздерді естіп, мен одан бетер қапаланатынмын. Осыдан болар университет қабырғасында жүріп, бірінші сөз айтқан жігітке тұрмысқа шығып кеттім. Себебі, шынымен де басқалары не дейді, ұят болады, масқара болса не болады деген сияқты сөздерден қорықтым. Ақырында, құрған шаңырағым берекелі болмай, жолдасыммен тіл табыса алмай, екі жаққа айырылдық. Бұл некеден бір қызым бар. Қазіргі жұбайымды кейін жасым 30-дарға тақағанда бір-ақ кездестірдім. Екеуміздің бір ұлымыз бар. Тұрмысқа шығарда, өмірлік серік таңдағанда мен үшін ең маңызды жайт - болашақ күйеуімнің қызымды өз қызындай қабылдауы болды. Себебі қызым үшін алаңдадым. Қазіргі кезде өгей әкенің балаларын зорлауы сияқты жағдайлар көптеп кездеседі ғой. Құдайға шүкір, менің тілеуім қабыл болып, жақсы өмірлік серік кездестірдім. Ол қызымды өз туған баласындай көреді.
— Зорлық көрген балалардың ата-аналарына қандай кеңес айтасыз?
Зорлық көрген бала адамдардан, қоғамнан, қоршаған ортадан қорқып, қашқақтайды. Жалғыз өзі оқшаулана бастайды. Осы кезде ата-аналар тарапынан балаға ауадай қажет көмек - ол түсіністік пен мейірім. Осындай жағдайлар орын алса, біздің қазақ отбасыларында барлығы ұят, масқара боламыз деп полицияға да арызданбайтындар бар. Баланы психолог мамандарға қаратып, психологиялық көмек көрсету қажет.
Зорлық-зомбылық жағдайларын алдын-алу үшін ата-аналар балаларына ақыл кеңестерін ерте кезден бастап айтып отыру керек. Бөтен адамдарға жоламау, сөйлеспеу, қандайда-бір жағдай орын алса әке-шешесіне айтып отыру сияқты мәселелер баланың жеке өзімен талқыланып, бала осының бәрін ерте кезден санасына сіңіру керек.
— Осы кітапты шығаруға қаржылай демеуші болғандар бар ма?
Бұл кітапты шығаруға қаржылай демеуші болған өзімнің жақын достарым. Кітабымды жазып бітірген соң, барлығына басымнан өткен оқиға туралы айтып бердім. Олар менің бұл бастамамды қолдап, бірі кітаптың мұқабасын жасауға атсалысатынын айтып, тағы біреулері қаржылай көмек көрсететіндерін айтты. Ал кітаптың сатылымынан түсетін қаржы зорлық көрген балаларға көмек көрсетуге жұмсалады.
— «#ҮнсізҚалмабалаларKZ» қоры туралы айтып берсеңіз?
Қазіргі уақытта қордың құрылтайшысымын. Мұндай қорды құру идеясы маған былтырғы жылдың жетоқсанында келді. Қазақстандағы «#ҮнсізҚалма» зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау, қолдау қоғамдық қоры, қозғалысының лидері Дина Смаилова есімді өжет, батыл әйелмен таныстым. Нәтижесінде «#ҮнсізҚалмабалаларKZ» қоғамдық қорын құрдық.
Зорлық көрген әйелдерге көмек көрсететін ұйымдар бар, ал зорлық көрген балаларға қол ұшын беретін ұйымдар, өкінішке қарай, жоқтың қасы... Осы орайда, қиын жағдайға ұшыраған балаларға және олардың ата-аналарына көмек көрсетуді мақсат етіп отырмыз.
Сұхбатыңызға рақмет, алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз!
Ляззат Рақышқызының кітабының тұсаукесері
бүгін сағат 19:00-де, Гоголь 58 көшесінде орналасқан
Меломан дүкенінде өтеді.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА
Оставить комментарий