Өскеменде тұратын қазақ өз қолымен ұшақ құрастырған

/uploads/thumbnail/20180125100439835_small.jpg

Оның өмірі Голливудтың «Авиатор» фильмін еске салады деп жазады qamshy.kz тілшісі.

Сюжет бойынша Говард Хьюз әкеден қалған мол мұраны ұшақ құрастыруға жұмсайды. Тұтас мемлекет болып қолға алатын жобаны өз ақшасына жүзеге асырған авиатор америкалықтардың санасында ұлт батыры ретінде қалды. Ал біздің кейіпкер Серікқазы Құрманғалиевтың Говардтан айырмашылығы, әкесі әйгілі өнертапқыш та, милионер де емес.   Серікқазы Құрманғалиев тоқсаныншы жылдардағы қарбаласта Ресей мен Қытайдан энергетика саласына қажет қондырғылар тасымалдап, азды-көпті дәулет жиған. Қазақстанның алғашқы ұшағын көкке көтеру арманы оны сәтті басталған кәсіпкерлік жолдан бұрып, авиацияға аударып жіберсе керек.

өскемен

  «1999 жыл. Мемлекет дағдарыстан әлі ес жия қоймаған кез. «Әскер, авиация, флотқа ерікті көмек» қоғамының (ДОСААФ) белді мүшелері Геннадий Шаркутов, Сергей Нетунаев, Владислав Пари ағайынды Болатхан екеуіміздің идеямызды жүзеге асыруға атсалысты. Авиация саласында дипломымыз болмаса да, техникаға деген әуестік бізді үлкен мақсаттарға жетеледі. Әскерде де стратегиялық маңызды техникалардың тізгінін ұстап машықтанғандықтан, ұшақ құрастыруға қажет технологияны өзіміз дайындадық» - деп еске алады Серікқазы Құрманғалиев.   Сөйтіп, тынымсыз еңбектің нәтижесінде екі жыл дегенде екі кісілік ұшақ дайын болады.

oskemen

Тіпті Өскеменнің шетінде сынақтан сәтті өтеді де. Осы жобасын тәуелсіздіктің 10 жылдығына арнау үшін кейіпкеріміз бала-шағасының аузынан жырып, жинаған қаржысының бәрін салған екен.   «Ұшаққа сертификатты Ресейден алу керек болатын. Ол жақтан келген сарапшылар «Қарлығаштан» жалғыз мін тапты. Біз пайдаланған бұрандалардың арнайы сертификаты жоқ болатын. Оған тіпті мән де бермеппіз. Осылайша, сарапшылардың кеңесімен барлық бұранданы «ВАЗ» зауытының өнімдерімен алмастырдық. 50 сағат әуеде қалықтап, әр қанаты 20 адамның салмағына шыдас беретіні дәлелденген соң, ресейлік сарапшылар соңғы тексеру үшін өздеріне шақырды» - деп еске алады өнертапқыш.

өскемен

  Ол жақтағы тексеруден Серікқазының «Қарлығашы» сау қайтпайтыны алдын ала ескертіліпті. Ұшақты бастан-аяқ тексеру үшін түгелдей шашып, қирату қажет-тұғын. Серікқазы мен жолдастары оған да көнеді.

oskemen

Алайда, әуе техникасын Ресейдің шекарасына кіргізу үшін ресми Мәскеудің рұқсаты қажет еді. Серікқазының жолдаған хаттарына жоғары жақтан жауап болмай, жоба аяқсыз қалды. Ел арасында «Серік-самолет» деген лақап атқа ие болған өнертапқыш қаңқу сөз бен мысқылға шыдай алмай, қаңтарулы қалған ұшағын танысына сыйлап жібереді. «Қарлығаштың» одан кейінгі тағдыры беймәлім.    «Қолымызда екі кісілік ұшақтан жолаушы тасымалдаушы ұшаққа дейін жетудің жоспары болды. Сол кезде технологиямыз сертификатқа ие болса, инвестор табар едік. Бүгін аспанымызда отандық ұшақтар да самғап жүрер ме еді?

oskemen

Біздің екі кісілік ұшақтармен егіс алқаптарын тыңайтып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге болатын. Әуеден патрульдеу тікұшақ қызметінен әлдеқайда арзанға түсер еді. Ішкі туризмді дамытуға да шағын ұшақтар аса ыңғайлы. Бірақ жолымыз болмады. Қазір сол бір шабытты шақтардан естелік ретінде сарғайған фотосуреттер ғана қалды» - деп күрсінеді Серікқазы Құрманғалиев.  

   Өнертапқыш маңдайы тасқа тисе де, қарсы келген қиындыққа қасқайып тұрыпты. Олай дейтініміз, бүгінде 6,3 тонналық құрылыс крандарын құрастыруды қолға алған. Бірақ, екі жылдың ішінде ол «өндірген» кранның екеуі ғана өтіпті. Өмірінің жартысына жуығын өнертабысқа арнаған Серікқазының бұл күнде өткенге өкініші көп. Бір жұбанары, ол «мен құраған «Қарлығаш» Қазақстан тарихындағы тұңғыш отандық ұшақ ретінде қалады» деп ойлайды. 

өскемен

Оставить комментарий

Связанные Статьи