«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысамын деген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беруі қажет. Одан кейін әкімдіктің кезегіне тұрады.
Баяғдарлама аясында соғыс ардагерлеріне, жетімдерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға және мемлекеттік қызметкерлерге басымдық беріледі. Олар да өтініш жазып, кезекке тұруы тиіс.
Аталған санаттағы адамға жатсаңыз да, «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана алу үшін бірнеше талапқа сай келуіңіз шарт.
Біріншіден, соңғы бес жылда атыңызда баспана болмауы керек. Екіншіден, Астана мен Алматыда ең кемі екі-үш жыл тіркеуде тұрған болуыңыз қажет.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй жылдық мөлшерлемесі 10 пайыз жеңілдікпен беріледі. Ол үшін мынадай кезеңдерден өтесіз:
Бірінші қадам: Банкке қарыз жөніндегі құжатты және субсидия алу үшін жазған арызыңызды көрсетесіз. Қажетті құжат тізімін банктен біле аласыз.
Екінші қадам: Банк кепілдемеңіз мен төлем жүргізу қабілетіңізді тексереді.
Үшінші қадам: Егер Банк сіздің өтінішіңізді қабыл етсе, 3 жұмыс күні ішінде Қазақстан ипотекалық компаниясына субсидияны беру туралы қолдаухатын (ходатайство) жібереді.
Төртінші қадам: Қазақстан ипотекалық компаниясы 5 жұмыс күні ішінде құжаттарыңызды тексереді.
Бесінші қадам: Қазақстан ипотекалық компаниясы 5 жұмыс күні ішінде Банкке қабылдаған шешімі жөнінде жазбаша жауап жібереді.
Алтыншы қадам: Банк Қазақстан ипотекалық компаниясының қабылдаған шешімі негізінде сізбен келісімшартқа отырады, ипотекалық келісім, төлем кестесі құрылады, екі тарап субсидиялау келісіміне қол қояды да, оны Қазақстан ипотекалық компаниясына жөнелтеді. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін Қазақстан ипотекалық компаниясы 2 жұмыс күні ішінде Банкке келісімшарттың екі данасын жібереді. Оның бірін Банк сізге береді.
Жетінші қадам: Келісімшарт қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Сіз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен ипотека аласыз.
Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы негізгі 5 міндетті іске асыру арқылы халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешуге бағытталған:
- Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру.
- Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.
- Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу.
- Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру.
- Ипотекалық кредит берудің қолжетімдігін арттыру.
Оставить комментарий