Сенат баяғыдан қазақша сөйлейді — Әділбек Қаба

/uploads/thumbnail/20180219135806314_small.jpg

«Сенат баяғыдан қазақша сөйлейді немесе мен жоқта «төріме жатып алған» қонақтар туралы» деген тақырыппен ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі Әділбек Қаба өзінің Facebook парақшасында жазба жариялады. 

— Бұл өзі қызық болды. Парақшамды ашып қалсам менің бетімде мен орналастырмаған бір дүние тұрады. Күнде солай. Өзіңіз жоқта үйіңізге кіріп, төрге шығып жатып алған сияқты нәрсе екен. Алайда мен оған ренжіген жоқпын. Айтары бар азаматтардың пікірлері екен. Оның біріне жақында ары-берісін саралап жауап беремін. Екіншісі өзімнің «Айқындық» әріптесім Берік Бейсенұлының жазбасы екен. Парақшаны ашқанымда «Олар сөйлей алады. Сөйлеп жатыр. Бір-ақ ауыз сөз оларды сөйлетіп жіберді. Білмей жүр екенбіз, бағаламай жүр екенбіз ғой, біздің министрлер полиглот екен. Бір түнде тіл үйреніп алды» деп бастаған жазбаны көргенде «ойпырмай, не болды мен ұйықтап тұрғанша біраз нәрсе өзгеріп кетіп, құр қалғанмын ба» деп әрі қарай оқысам, барлық әңгіме Елбасының "Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруымыз қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Олар үшін ілеспе аударма жасау мүмкіндігін қарастырған жөн", - деген сөзінен бастау алып жатыр екен.

Шынымен-ақ, азаматтар жиындарды жаппай қазақша өткізіп жатыр. Сең қозғалды. Кенен атамның әнінде «Осы еді ғой күткенім баяғыдан» дейтініндей, жұрттың күткені де осы еді. Енді шеттен келген елшілермен де тек қазақша пікір алмасса, шетелдерде өтетін жиындарда да баяндама қазақша жасалса, тіптен керемет болар еді. Ең бастысы, барлық құжатттар алдымен қазақша дайындалмай ешнәрсе өзгермейді. 

Сенаттың қазақшасы қалай екенін айтайын. Неге екенін білмеймін, мен Сенатқа келгенге дейін барлық жиындар, Палата отырыстары барлық жердегідей орысша өтетін шығар деп ойлайтынмын. Осыдан бес алты жыл бұрын қызметке шақырылып, алғашқы жиынына қатыстым. Таң қалдым. Бүкіл жиындар бастан аяқ қазақ тілінде өтеді. Сенбесеңіз, онлайн қосып көріңіз. Архивтерін ақтарып көріңіз. Әрине, арасында тілін сындырмаған министрлер келіп орысша баяндама жасайды, оған амал жоқ. Енді өйтпейтін шығар. Бәрі талпынып жатыр ғой.

...Тілді әлі толық меңгермегендердің де жағдайы жасалған. Орысша білмейтінге қазақша, қазақша білмейтініне орысша синхронды аударма жасалады. 

Жазда Шәлкөде жайлауында жүргенімізде бүркіп өте шығатын жауын болушы еді. Оны біз «өткінші» деп атайтынбыз. Елемейтінбіз. Мемлекеттік органдардың қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарын жүргізуі де өткінші болмаса екен деп тілейік, - деп жазды Ә. Қаба.

Оставить комментарий

Связанные Статьи