Оңтүстік Қазақстан облысында суға батып бара жатқан 3 жасар бүлдіршінді өрт сөндіруші құтқарып қалған болатын. Бәйдібек ауданындағы № 10 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісін бүгін өңірдің ТЖД басшылығы марапаттады.
Айта кетейік, оқиға 20 сәуірде Бәйдібек ауданындағы Жамбыл ауылында болған еді. Кезекті еңбек демалысына шыққан аудандық өрт сөндіру қызметкері Еркінбек Бердібеков сол ауылдағы шаруа қожалығына көмектесуге барған. Жұмыс істеп жатып ол Сасық өзені бойында жылап жүгіріп бара жатқан келіншекті көріп қалады. Сол сәтте ол бірден баланың суға кеткенін түсінген. Өрт сөндіруші ойланбастан өзенге секіріп, суда ағып бара жатқан баланы құтқарып қалды. Суға тұншығып қалған баланы жағаға шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бүлдіршінді автокөлігімен ауылдағы емханаға, кейіннен аудандық ауруханаға жеткізген. Өрт сөндірушінің осынау ерлігі мен дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетуінің арқасында 3 жасар Рахым есімді бала аман қалды.
Еске салайық, он жылдан астам өрт сөндіру саласында қызмет атқарып келе жатқан азамат бұған дейін де аязды күні бассейн суына батқан жасөспірімді құтқарып қалған болатын. Қашанда адамдарға көмек көрсетуден аянбайтын сөндіруші бірнеше марапаттарға ие болған.