БҚО-да «Цифрлы оқу орны» жобасы іске қосылды

/uploads/thumbnail/20180607115007781_small.jpg

Тілдік қолданысымызға «цифрландыру» сөзінің енгеніне көп бола қойған жоқ. Алайда сандық технологияға көшу қай саланы болса да жандандырғаны анық. Осы орайда Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде  «Цифрлы оқу орны» атты облыстық инновациялық жобалар байқауы өтті. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен байқауға 14 колледжден 27 студент қатысып, өз жобаларын ұсынды. Облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Райгүл Қуаншалиева мұндай байқау БҚО-да бірінші рет ұйымдастырылғандығын айтады.

– Байқаудың мақсаты – студенттердің инновацияға деген қызығушылығын арттыру. Олардың цифрлық сауаттылықтарын дамытып, үздік инновациялық жобаларды анықтау, креативті ізденісті ынталандыру болып табылады. Елбасымыз биылғы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытында «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптармен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы бағдарламаларды жаңарту керекпіз» деп атап өткен болатын. Бүгінгі байқауды осы мақсатта өткіздік, енді бұл байқауды бес жыл қатарынан өткізбекпіз, – дейді Райгүл Тілекқабылқызы. 

Қатысушы студенттер өз жобасын төрешілер алдында екі секцияға бөліп қорғады. Әділқазы алқасының шешімімен бас жүлде бірінші секцияда «Дамыту ойындарының үздік жобасы» бағыты бойынша «ЛатынҚаз» ойыны тақырыбындағы жобасы үшін Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Андас Қажымовқа, екінші секцияда электронды-цифрлық ресурс әзірлеу саласындағы үздік жоба (электронды оқулықтар, электронды оқу құралдары) бағыты бойынша «Латын әліпбиі» электрондық оқу құралы тақырыбындағы жобасы үшін тағы да аталмыш колледждің студенті Асылхан Әжімұратқа берілді. Сәтті шыққан өзге де жобаларға жүлделі орындар беріліп, алғысхаттармен марапатталды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи